Президент • 23 Маусым, 2021

Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді

271 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің басшылық құрамы да қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Президент алдағы сайлау науқанының маңызды екенін атап өтті.  

«Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастаманы былтырғы Жолдауында көтергенін еске салды. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде бұл жұмыс жүзеге асырыла бастады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді.

«Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударды. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс екеніне баса мән берді.

«Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі.  Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент өңір басшыларына бірқатар міндет жүктеді.

Атап айтқанда Мемлекет басшысы еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың әлі де күрделі екеніне назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанның жасыл аймақта тұрғанына қарамастан, босаңсуға әлі ерте, коронавирустың үндістандық түрінің біздің елімізде де болуы ықтимал.

Осыған байланысты Президент санитарлық-эпидемиологиялық шектеулердің жиі бұзылып жатқанын және халықты вакциналау қарқынының бәсеңсіп қалғанын айтты.

«Әкімдер азаматтарға екпе салу науқанынан шеттеп қалған сияқты. Әлеуметтік нысандардың, бизнес кәсіпорындардың және жалпы елдің экономикасы вакциналаудың сәтті жүргізілуіне тікелей байланысты екенін түсіну керек. Қазір жаппай вакциналау науқаны әкімдер жұмысының ең маңызды міндеттерінің қатарында болуы қажет. Сіздер барынша белсенділік танытып, азаматтарды вакциналау науқанына өздеріңіз жетекшілік етулеріңіз керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу жұмыстарын күшейтуге шақырды. Президенттің айтуынша, былтыр әртүрлі деңгейдегі 7 әкім мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, 14 облыстық басқарма басшысы мен олардың орынбасарлары қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек 2020 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың наурызына дейінгі аралықта қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлыққа қатысы болғаны үшін 20 саяси қызметкерге қатысты шара қолданылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге өз аймақтарындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды. Ал жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өздеріне жүктелген міндетке сергек қарағаны жөн.

«Бұған дейін айтқанымдай, егер мемлекеттік қызметші бюджет қаржысын жымқыруды немесе пара алып баюды көздемей, шешім қабылдау кезінде қателікке жол берген болса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек. Әйтпесе, мемлекеттік аппараттың берекесін кетіреміз. Сыбайлас жемқорлыққа саналы түрде барған шенеунік қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс», деді Президент.

Мемлекет басшысы өткен жылыту маусымы барысында болған оқыс оқиғалар, өрт және технологиялық апаттар мәселесіне баса мән берді. Президент төтенше жағдайлардың салдарын жедел жою жұмыстарын қамтамасыз ету жөнінде түбегейлі шаралар қабылдаудың қажеттігіне назар аударды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық және вандализм сияқты оқиғалардың жиілеп кеткеніне тоқталды.

«Жуырда елордада мас адам лифтідегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекет үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Мұндай жағдайларға мүлдем төзбеу керек. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы биыл дәстүрлі форматта өтетін жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын қазірден бастап қолға алу қажет екенін айтты. Оның айтуынша, көптеген білім ордалары бір жылдан астам уақыт толыққанды жұмыс істемеді. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев университеттердің, мектептер мен балабақшалардың инфрақұрылымдарының дайындығын, сонымен қатар оқытушылар мен тәрбиешілер штатының жасақталу деңгейін тексеруді тапсырды.

Президент жиын соңында өңірлердегі ахуал үшін әкімдердің өздері жауап беретінін еске салып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету олардың тікелей міндеті екенін атап өтті.

Іс-шара барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысына ауыл әкімдерінің алдағы сайлауына дайындық барысы және өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше