Мемлекет басшысы биыл дәстүрлі форматта өтетін жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын қазірден бастап қолға алу қажет екенін айтты. Оның айтуынша, көптеген білім ордалары бір жылдан астам уақыт толыққанды жұмыс істемеді.
Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев университеттердің, мектептер мен балабақшалардың инфрақұрылымдарының дайындығын, сонымен қатар оқытушылар мен тәрбиешілер штатының жасақталу деңгейін тексеруді тапсырды. Президент жиын соңында өңірлердегі ахуал үшін әкімдердің өздері жауап беретінін еске салып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету олардың тікелей міндеті екенін атап өтті.