«Лесная песня» атты кітап-иллюстрациялық көрмесіндегі материалдар Беларусь Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Беларусь Ұлттық мұрағаттарының қорларынан алынған. Сондай-ақ «Орман әндері» жазылған баннерлер мен Беларусь партизандарының қозғалысы және ұйымдасқан қарулы күрестің мақсаттары туралы нақты мәліметтер көрсетілді. Қолжазба журналдары, әскери операциялардың карталары мен сызбалары, партизан мектептеріндегі балалардың қолынан шыққан ерекше жұмыстары да қойылды.
Қазақстандық майдангер-жазушы, ақын, журналистердің саны тоқсаннан асады. Мәселен, Б.Момышұлы, Д.Снегин, Д.Әбілев, Ж.Саин, К.Тоқаев, Қ.Әбдіқадыров, В.Чугунов, М.Абдуллин, Қ.Аманжолов, А.Жұмағалиев, Б.Бұлқышев, Ж.Молдағалиев, С.Мәуленов, М.Ғабдуллин, П.Кузнецов, И.Адамбеков, А.Исмамбетов, Х.Ерғалиев, Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов және басқалары бар.
Соғыс тақырыбына өлшеусіз үлес қосқан қазақстандық авторлардың арасында Кемел Тоқаев шығармаларының орны ерекше. Жазушы Ұлы Отан соғысының ардагері, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері, Сталинград, Украина, Беларусь және Польшада өткен шайқастарға қатысқан. Көптеген әскери оқиғаның тікелей қатысушысы ретінде кейіпкерлердің болмысын, сезімдерін дәл әрі шебер суреттей алды.
Осыған орай Ұлттық академиялық кітапханада қазақ детектив жанрының көрнекті өкілі Кемел Тоқаев атындағы шығармашылық залы ашылды. Мұндағы мақсат – жастарды адалдыққа, ерлікке, отансүйгіштікке баулу, майдангерлерге құрмет көрсетуге, детективтік жанрдағы шығармаларды оқуға оқырмандардың қызығушылығын ояту. Өз уақытында кітаптары жүз мың данамен оқырманға жол тартқан қаламгердің рухани мұрасы кейінгі ұрпақ бойындағы патриоттық сезімін оятуға өз септігін тигізері сөзсіз.
Залда Кемел Тоқаевтың кітаптары, әлемдік және қазақстандық детектив жанрындағы үздік туындылар, Ұлы Отан соғысы туралы жазылған шығармалар, сол кезеңдегі жарияланған мақалалар, хаттар, мерзімді басылымдар, аудио-бейнематериалдар, соғыс тақырыбындағы экспонаттар ұсынылған.
Айта кетейік, Ұлттық академиялық кітапхана еліміздің белгілі ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері атындағы оқу залдарының болуымен ерекшеленеді. Атап айтсақ, «Абай» академиялық оқу залы, «Құнды тарту» залы, жазушы Әбіш Кекілбаев оқу залы, «Мырзатай Жолдасбековтің мемориалдық кітап коллекциясы» оқу залы, Дүкенбай Досжан атындағы «Жазушы» залы, академик Кеңес Нұрпейісұлының «Ғылым» залы, «Әкім Тарази» оқу залы, Тұрсынбек Кәкішев атындағы «Ғалым» оқу залы, түрколог ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев пен Немат Келімбетов атындағы «Түркология» оқу залы, жазушы Қажығали Мұқамбетқалиұлының оқу залы, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлының жеке кітапханасынан «Рухани жаңғыру» залы, Балалар кітапханасының оқу залы. Одан басқа Зәки Ахметов, Хамит Ерғалиев, Халифа Алтай, Хасен Оралтайдың жеке кітапханалары оқырман сұранысына ие.
Кездесу ТМД елдері елшіліктерінің, мемлекеттік органдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен онлайн форматта өтті.
Іс-шараны Ұлттық академиялық кітапхана, Беларусь Республикасының елшілігімен және Беларусь Республикасының Ұлттық кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырды.