Жуырда, осынау мемлекеттік іске салғырттық танытып, қоныс аударушыларға салынған үйлердің сапасын қадағаламаған екі бірдей ауданның әкімі орнынан алынды. Айталық, Есіл ауданының әкімі Алтынбек Абдуллаевтың былтыр Николаевка ауылына салдырған 10 үйіне ешкім түспеген. Бұл ауыл Петропавл-Жезқазған республикалық трассасының бойындағы инфрақұрылымы басқалармен салыстырғанда жоғары ауыл. Салынған үйлер үлкен жолға жақын, қыздың жинаған жүгіндей, сырттары құлпырып, алыстан қараған кісінің көзін сүріндіреді. Алайда бұл үйлер құдды «Потемкин деревнялары» сияқты болып, сырты жайнап көрінгенімен ішкі жұмыстары сапалы аяқталмапты. Сондықтан келіп қараған қоныс аударушылар сақылдаған сары аязда бұл үйлердің сапасыз болатынын біліп, жоламаған. Ақыларын дұрыс төлемегендіктен үйлерді салған жергілікті құрылысшылар да бұл маңнан ғайып болған. Ал осы үйлердің жанында тағы бір бригада құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Олардың басшысы – түркістандық Рысбек Жанаділов. Ол қазір құрылыстың сапасын қадағалаушылар көбейгенін айтты. Бригадир үйдің қабырғасын газблоктан қалап, сыртын пенопластпен қаптайтындарын, төбесін ағаштан, оның үстіне қарақағаз төсеп, 10 см пенопласт, ал үстіне 20 см ағаш үгінділерін салатындарын жеткізді. Абдуллаев кеткелі келген тексерушілер осы талаптан шықсақ қана үйдің бағасын толық төлейміз деп жатыр, сондықтан біз де тырысудамыз, дейді ол.
Осы трассаның бойындағы ең үлкен елді мекендердің бірі – Сергеев қаласы. Бұл Шал ақын ауданының орталығы. Тұрғындары 7 мың болса да қала мәртебесінен айырылмаған. Облыстың бұрынғы шекарасының аумағына енген жолаушы үлкен жолдың бойында қазақ атаулы ауылдарды тек осы ауданнан ғана көп кездестіреді. Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап деген сияқты қатар жатқан ауылдар бұл аудандағы қазақ тұрғындарының көптігін айғақтайды. Аудан халық арасында «білікті кадрлардың ұстаханасы» деген де атақ алған. Облыс қана емес, республикаға танымал Н.Болатбаев, Е.Шайкин, Ж.Ысқақов сияқты басқарушылар, академиктер Е.Бөкетов пен А.Қошанов, ғарышкер А.Викторенко, саясаткер А.Башмаков және т.б. осы ауданнан түлеп ұшқандар. Ақын-жазушылардан да кенде емес. Тіпті облысқа, республикаға танымал Ғ.Малдыбаев, К.Салықов, А.Нұртазин, Е.Қонарбаев, З.Иманбаев, Ж.Нұрқанов, Ж.Сүлейменов сияқты қаламгерлер де осы ауданнан шыққан. Міне, осы ауданда қоныс аударушыларды қарсы алуда біршама оң өзгерістер бары байқалды. 2019 жылы Түркістан облысынан келген Темірзат Асылбекұлы есімді жігіт бригада жинап, қоныс аударушыларға Сергеевка қаласында жаңа үйлер салуды қолға алады. Сол жылы 8 үй тұрғызған екен, оның бәріне көшіп келушілер қоныстаныпты. Былтыр 10 үй салған екен, оның 4-уіне қоныс аударушылар қыстап шығыпты. Соның бірі – Шымкент қаласының Қаратау ауданынан көшіп келген Нұрсұлтан Камаловтың отбасы. Ол үйдің жылы, жайлы болғанын мақтанышпен айтты. Бұл үйлердің тағы бір артықшылығы – олар орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылған. Үйлердің ішкі-сыртқы сапасы да жақсы. Биыл Темірзаттың бригадасы тағы да 5 үй тұрғызуда. Былтырғы аяқталмай қалған алты үйді қосқанда биыл олар 11 үйді пайдалануға бермек. Мемлекеттік маңызы бар мәселеге осындай жауапкершілікпен қарап отырған ауданда бүгінге дейін 358 адам қоныстанған. Аудан әкімі Рахат Смағұловтың айтуына қарағанда, екі жылда мұнда қоныс аударушыларға 83 үй пайдалануға берілген. Бәріне ауыз су жеткізілген. Жуынды су шығатын септиктерге дейін орнатылған. Мұндай инфрақұрылым бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғындарда да жоқ. Ал биыл жалпы аудан бойынша тағы да 56 үй пайдалануға берілмек. Әрине, бәрі де жоғары деңгейде деп айтуға болмас, бірақ біреуге масыл болуды ойламаған көшіп келетін еңбекқор жандар жоқ-жітікті өздері жетілдіріп алуға тырысары анық.
Қоныс аударушылардың басы болған Темірзат Асылбекұлы мұнда құрылыстан басқа шағын кәсіпті де дөңгелетіп әкетіпті. Құрылыс материалдарын жергілікті шикізаттан дайындайтын цех та ашып алған. Әкімдіктің қолдауымен 50 га жер алып, оның 25 гектарына картоп, қалғанына қауын-қарбыз, асқабақ сияқты көкөніс екті. Картоп өнімін ауданның тұрақтандыру қорына сатып алу үшін шарт жасалған. Басы осылай болған соң басқалары да кәсіпкерлікке ұмтылып жатқан көрінеді.
Жуырда екі аудан әкімінің нақ осы қоныс аударушыларға қатысты Президенттің талабын орындамағаны үшін жұмыстан босатылғанын айта келіп, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Д.Абаев та қоныс аударушылар да әкімдіктерге шағына бермей жаңа жерге үйреніп, өз тағдырын өз қолдарына алуға тырысуы керектігін атап өтті. Иә, аспанға қарап алақан жая бермей өздері де қимылдаса көшіп келушілер жергілікті тұрғындармен үйлесіп кетері анық.
Шал ақын ауданына қоныс аударушылар үйренісе келе бұл ауданның жері құтты, малы сүтті екеніне көздері жетеді. Өмірдің қай жағынан болса да мұнда ортасынан озық шыққан адамдар көп екенін жоғарыда айттық. Жаман індеттің қысуына қарамастан аудан экономикасы да дамуын тоқтатқан жоқ. Былтыр ауыл шаруашылығының өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға артып, 42 млрд теңгенің жалпы өнімі алынған. Ал биылғы 4 айда оның өсімі былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 6,8% артық. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 21,3 пайызға артқан. Ал құрылыс 3,9, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 2,2 есе артқан.
Аудан былтыр гектарынан 16,9 центнерден астық, барлығы 313 мың тонна астық жинаған. Биыл АӨК саласы бойынша 9,2 млрд теңге көлемінде қаражат тартылатын 12 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар іске асқанда жаңадан 212 жұмыс орны ашылмақ. Соның ішінде ZHA-GROUP LTD ЖШС Сергеевка қаласында 400 басқа шақталған тауарлы сүт фермасын (ТСФ) салуды қолға алып жатыр. Бұл жобаның құны – 1 млрд теңге. Сауын аппараттарын Израильден жеткізуді жоспарлап отыр, жоба толық іске асқанда жаңадан 30 жұмыс орны ашылмақ. Бұрын бұл ауданды ТСФ деген мүлде болмаған еді, енді сол олқылықтың орны толады. Ірі жобалардың қатарында «Асыл логистикс» ЖШС Сухорабовка және Кривощеково ауылдарында әрқайсысы 10 мың тонна астық қабылдай алатын екі астық қабылдау пункттерін тұрғызу қолға алынған. Жабдықтары Германиядан жеткізілетін бұл жобалардың құны да 1 млрд теңгеден артық. Қалған 10 жоба да аудан экономикасын қарышты дамытуға қолғабыс тигізері сөзсіз.
Ауданда тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары. Былтыр 10 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болса, биыл 11 443 шаршы метр немесе 121 пәтер тапсырылмақ. Соның ішінде 46 пәтерден тұратын көпқабатты үйдің 9 пәтерден тұратын бірінші кіреберісі пайдалануға берілгелі отыр. Есептен шығарылуға жақындап қалған осы үйді қазіргі әкім қолға алып, сараптама жасатып, қалпына келтіріп жатыр екен.
Соңғы жылдары Сергеевка қаласында ілгерілеу бар. І.Тоқымбетов ақсақал «Бұрын қап-қараңғы болып тұратын талай көшелер қазір самаладай жарқырады, үйлерге жылу тартылды. Қаланың ішіндегі жолдар жөнделіп, ішкі қатынасқа жақсы болды», дейді. Былтыр екі көппәтерлі, 6 жекеменшік үйлерге, Мәдениет үйіне, «Бөбек» балабақшасына орталықтандырылған қазандықтан жылу тартылыпты. Биыл бұл жұмыстар одан әрі жалғасуда екен. Жол жөндеуге былтыр аудан бойынша 523 млн теңге бөлініп, 113,2 шақырым жөнделген. Соның ішінде Сергеевка қаласының 18 шақырым жолы 150,6 млн теңгеге оңдалған. Ал биыл тағы 5,1 шақырымға созылатын төрт көше жөнделуде және қалаға кіреберістен басталған 7 шақырымдық жолға асфальт төселуде. Оған 325 млн теңге бөлінген. Жарықтандыруға былтыр 107 млн теңге бөлініп, оған барлық ауылдарға 2 мың шам орнатылған екен. Осы жұмыстарды жалғастыру үшін биыл тағы 245 млн теңге бөлініпті. Ауылдық округтердің 94,8 шақырым жолы жөнделген, оған 372,4 млн теңге жұмсалған. Ал биыл аудан арқылы өтетін республикалық маңызы бар «Воло-
шинка-Сергеевка-Тимирязев» жолына жөндеу жүргізу үшін құны 2,1 млрд теңгенің жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Сонымен бірге ауданішілік бірнеше жоба іске асырылуда. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде «Мерген-Повозочное-Ақанбарақ-Новопокровка» ауылдарын қосатын 16,3 шақырымдық жол 344 млн теңгеге жөнделуде. Аудан бойынша маңызы бар тағы бірнеше жолға жөндеу жүргізу үшін 1,7 млрд теңгенің ЖСҚ жасалды.
Аудан аумағында орналасқан 43 елді мекеннің ауыз сумен жабдықталуы да үнемі назарда. Былтыр Сергеевка қаласының су тарату құбырлары біршама жөнделген. Биыл тағы да 64,5 млн теңге ақша бөлініп, жөндеу жұмыстары жалғастырылуда. Бір кезде «Есілдің үстінде отырып суға жарымаған қала» деген келеңсіз атақ алған Сергеевка енді таза ауыз суға толық қол жеткізгелі тұр. Аудандағы басқа ауылдардың да сумен жабдықтау құрылғылары жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ 16 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтауға жеткізу үшін 2,5 млрд теңгені қажет ететін ЖСҚ жасалған.
Әлеуметтік-экономикалық дамуы осылай қарыштап бара жатқан ауданға қоныс аударушылардың да сұранысы басқалармен салыстырғанда артық. Биыл пайдалануға берілетін 56 үйге де көшіп келушілерге толатын шығар деген үміт бар.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Шал ақын ауданы