Аймақтар • 23 Маусым, 2021

Алматыда «үнді» штамы анықталды

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Эпидемиялық ахуалы саябыр тапқандай болған Алматыда жағдай күрт өзгерді. Халықаралық әуежай мен теміржол вокзалдарында бақылау қайта күшейтілді. Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыда коронавирустың жаңа «үнді» штамы тіркелгені туралы хабарлады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қала эпидемиологтары жаңа мутацияларды анықтау үшін Алматы аумағында айналымда жүрген коронавирус штамдарына генетикалық зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бірінші кезекте айналымдағы 90%-ға жуық мутацияланған штамдардың таралуына байланысты қаладағы эпидемиялық жағдай күрделі екенін айтты.

Алматыда «үнді» штамы анықталды

«12-19 маусым аралығында мутацияланған штамдардың айналымын анықтау мақсатында ПТР-диагностикасын жүргіз­дік. 53 зерттеудің ішінен «бри­тандық штамм» 44 адамда (83%), «оңтүстікафрикалық» екі жағдайда (4%) және бір адам­да «нью-йорктік» штамм (1,8%) анықталды. Қалған 11%-да COVID-19 вирусының мутациясы анықталмады», деді Ж.Бекшин.

Мекеме басшысының айтуын­ша, 16 маусымнан бас­тап жұқ­тыру көрсеткіші 0,7-ден 0,96-ға дейін өскен. «Бұл – демалыс орындарына бару мен тұрғын­дардың бет­перде режімін сақ­тауда эпи­­де­мияға қарсы шараларды еле­меуі салдарынан болды», деді Ж.Бекшин. Сондай-ақ COVID-19 ауруы өсуінің негізгі себебі инфекцияның тез таралуына ықпал ететін мута­цияланған штам­­­дардың пайда болуына да бай­­­ланысты. Нәти­жесінде, 22 мау­­­­­­­­­сымда эпид­е­миялық жағ­дай­ды бағалау матрицасында Ал­маты тағы да «сары аймаққа» өтті. Жұқтыру көрсеткіші жоғары.

Ж.Бекшин эпидемиялық жағдай ушыға түскен жағдайда шектеу шараларын бақылау 5 күн ішінде жүргізілетінін түсіндірді («жасыл аймақтан» «сарыға» немесе «сары аймақтан» «қызылға» көшу). Сондықтан Алматыда «жа­сыл аймақ» режімі тағы 5 күн, яғни 27 маусымға дейін сақталады. Сондықтан Алматы қаласының әкімдігі халықаралық әуежайда және қаланың теміржол вокзалдарында бақылауды кү­шейту бойынша шаралар қабыл­дауға мәжбүр болып отыр.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құзырлы мекеме басшыларымен бірге Алматы халықаралық әуежайы мен қала вокзалдарының аумағындағы санитарлық-эпиде­миялық қызметтердің жұ­мысын тексерді.

Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы мен Денсаулық сақтау министр­лігінің елде «Дельта» («үнді») штамының айналымына қатысты тапсырмасын ескере отырып, жерүсті қызметтердің коронавирус инфекциясының таралуына қарсы дайындығы, ұшу аумағында инфекция белгілерін анықтайтын жолаушылар үшін жекелеген инфекциялық бокстардың жұмысы тексерілді. Әуежайға кіреберістегі Ashyq қосымшасы арқылы «қызыл» мәртебелі екі-үш жолаушы тір­келгені туралы хабардар етіліп, инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін бұл адамдар жедел оқшауланды.

Эпидемиологтардың айтуынша, «Дельта» штамы жоғары жұқпалы әрі анықталған штам­дарға қарағанда 60% жұқ­па­лы. Орташа алғанда, 1 адамнан 5-6 адам жұқтырады, ал ай­налымдағы штамдардан 3-4 адамға жұғады. Штамның инку­бациялық кезеңі жеті күнді құ­райды. Ғалымдардың зерт­теулері коронавирустың «үнді» шта­мы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің ықтималдылығы жо­ға­ры екенін айтты. Ж.Бекшин «үнді» штамының симптомдары басқа екенін жеткізіп, үйреншікті штам­дардан өзгешелігін атады. Алайда, аурудың белгілері болған кезде дереу дәрігерді шақыру керек. Өйткені жаңа штамм қауіпті. Осыған байланыс­ты Бас санитар қала тұрғындары өзін-өзі емдеумен айналыспауы керектігін тағы да қаперге салды.

Алматы билігі санитарлық-эпидемиологиялық қорғаудың барлық шараларын күшейтуді, оның ішінде әуежай қызмет­керлерін вакциналауға шақырды. Сондай-ақ әуежайды дезинфек­циялау жұмыстары қайта жалға­сатын болады.

Айта кету керек, Алматы эпидемиологтары қауіпті «Дельта» штамынан туындауы мүмкін коронавирус инфекциясының жаңа толқынын жоққа шығармайды. Алматы қаласының коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі қалалық штабы тұрғындарды вакциналауға, сондай-ақ бетперде режімі мен әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 20 маусымдағы жағдай бойынша SARS-CoV-2 «Дельта» штамы әлемнің 74 елінде анық­талған.

 

АЛМАТЫ