«Кедергі жасамаңыз»
Тарихты тым қопармай-ақ, сәл үңілер болсақ, «мемлекет экономикаға араласуы керек» дегенді алғаш болып меркантилизм жақтаушылары айта бастағанын оқыр едік. Италиян тілінен аударғанда – mercante – «саудагер», «көпес» деген ұғымды береді. Осы бағыттың көрнекті өкілдері Уильям Стаффорд пен Томас Ман (ағылшын экономистері) ұлттық өнеркәсіпті қолдау, мемлекет табысын, ішкі және сыртқы нарықта тауар бәсекелестігін арттыру үшін мемлекет экономикаға араласуы қажет деп есептеді. Әлгі Кольбер де осы бағыттың белсенді жақтаушысы болды. Бірде ол Лежандр есімді кәсіпкер бастаған бір топ сауда өкілдерімен кездесіп, «Мемлекеттен сендерге қандай көмек керек?» деп сұрайды.
Сонда Лежандр жай ғана: «Кедергі жасамаңыз», деп жауап беріпті. Осыдан кейін-ақ «Кедергі жасамаңыз» сөзі мемлекеттің экономикаға араласпауын талап ететін экономикалық либерализм ұранына айналып шыға келеді.
Сол уақыттан бері жер-жаһанда мемлекет экономикаға араласуы керек пе, жоқ па деген пікірталас өмір сүріп келе жатыр. XX ғасырдың орта шенінде экономистер Джон Кейнс пен Фридрих Хайектің арасында тартыс пайда болды. Кейнс 1936 жылы жария еткен «Жұмыспен қамту, пайыздар және ақшаның жалпы теориясы» атты кітабында мемлекет экономикаға белсенді араласуы керек деген түсінікті тарқата жазады. «Мемлекеттік басқарудың ең маңызды тұтқасы – ақша. Баяу болса да тұрақты өсетін баға мен табыс нарық аясын кеңейтеді, өндіріс көлемін арттырып, жұмыссыздықты қысқартады» деп жазады. Ал Хайектің пікірі өзгешелеу. Оның айтуынша, заманауи экономика өте күрделі және жылдам өзгереді. «Экономиканы басқару үшін сатушылар мен сатып алушылардың мүмкіндіктері мен тілектері туралы үлкен көлемде ақпарат болуы керек. Бірақ ондай ақпаратты жинау мүмкін емес. Мемлекеттің нарықтық экономикаға басып кіруі азаматтардың бостандығын шектейді» деп жазады аустриялық ғалым.
75-орын
Мұнай мен көмір – тұқымын егіп шығара беретін дәнді дақыл емес екенін баяғыда-ақ білгенбіз. Біле тұра басқа кәсіпке мойын бұрмадық. Бұрғызған жоқ. Мемлекеттің енапат ақшасы құйылып тұрған жерде бизнестің өркен жая қоюы, бәсекелестікке бейім болуы неғайбыл. Өзіміз тіккен орамалға сүртіне алмай, өзіміз еккен жемісті құшырлана жей алмай отырғанымыздың себебі де осы.
Жақында US News & World Report жаңартылған рейтинг жариялады. Ол бойынша Қазақстан кәсіпкерлікке қолайлы елдер қатарына жатпайды. 78 елдің ішінде 75-орынға тұрақтаған. Халықаралық агенттік елдегі кәсіпкерліктің даму деңгейіне 100 ұпайдың 0,9-ын ғана қиыпты. Әлбетте, халықаралық рейтинг бағалауымен келісу, келіспеу – әркімнің өз құқығы. Бізде кәсіпкерлік мүлде дамымаған деуге ауыз бармайды. Қолдау көрсетіліп-ақ жатыр. (Бәлкім сол қолдау көрсетілмеу керек пе еді дейсің). Қалай болғанда да рейтингтің шындықтан қатты алыстап кетпегенін ішіміз сезеді. Қазба байлық пен тау-кен өндірісінің ешқашан тоқтамайтыны белгілі болды. Мейлі, бір тамшы мұнай қалғанша, соңғы шойын домна пешіне салынғанша іздей берсін, қаза берсін. Бірақ экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта кәсіпкерлік болатыны ақиқатқа айналып келеді. Мемлекеттің асыранды баласына айналған бизнес ол үдеден шыға ала ма, жоқ па, бұл енді күрделі мәселе.
Біздің қазіргі экономикалық саясатымыз Джон Кейнс тұжырымдамасымен үйлеседі. Мемлекет 2009 жылдан бері нарыққа араласты және содан бері экономикаға арзан ақша берумен келе жатыр. Нәтижесінде, ұдайы қымбатшылық пен жоғары инфляция билік құрып тұр. Мемлекет бірнеше мемлекеттік бағдарлама арқылы түрлі жеңілдетілген несие мен субсидиялар беріп, бизнес пен банктерге көмектесуде.
2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді және ғылымды дамыту, 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламалары, «Цифрлы Қазақстан», «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы-2025», нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – мемлекеттің әр салаға тереңнен араласып кеткенін айғақтайтын жобалар.
Бұдан бөлек бірнеше ипотекалық бағдарламалар да баршылық. Бірер ай бұрын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова «7-20-25» және «Баспана-хит» ипотекалық бағдарламаларының тоқтайтынын, Ұлттық банк пен мемлекеттің экономикадан біртіндеп ығыса бастайтынын мәлімдеді. Бұл әрине, біз үшін көптен күткен, десе де тосын мәлімдеме еді. Оның айтуынша, 2023 жылдан бастап Ұлттық банк мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруды тоқтата бастайды.
Мемлекеттің нарықтан кетуі қандай пайда әкеледі?
Экономикалық сарапшы Айбар Олжаев мемлекет нарықтан жақын арада кетпейтін болса, оның соңы қазіргіден де қауіпті құбылысқа апарып соғады деген пікір айтады.
– 2009 жылдарға дейін біздегі бизнестің жағдайы жақсы болды. Дегенмен бизнесте тәуекел менеджменті болған жоқ. Яғни олар төтеннен келген дағдарысқа қалай қарсы тұруды білмеді. Сол кезде мемлекет нарыққа келді. Қолмен басқаруды енгізді. Бірақ мемлекет экономикаға жедел кіріп, жедел шығып кетуі керек еді. Бізде ол үдеріс ондаған жылдарға созылып кетті. Мемлекет экономикадан қазір кетпесе тіпті кеш болып кетуі мүмкін. Өйткені қисық экономикаға апарып соқтыруы мүмкін құбылыстар бар, – дейді.
Оның айтуынша, банктерде ақша баршылық. Бірақ бизнес оны алғысы келмейді. Себебі мөлшерлемесі жоғары.
– Негізі мемлекет белгілеген базалық ставка болады. Нарық сол базалық ставка төңірегінде, одан жоғары етіп несиелер береді. Сол кезде қаржы саласындағы нарық заңдылықтары жұмыс істейтін болады. Ал бізде бизнесте болсын, тұрғын үй саласында болсын субсидиялық, несиелік бағдарламалар көп. Солар нарықты қисайтып жіберді. Бизнес нарық талаптарына сай несие ала алмайды, өйткені мемлекеттің одан төмен жеңілдетілген несиелері бар. Соны алуы керек. Қазір бәріміз жеңілдетілген несиеге құмар болып алдық. Егер бұл процесс жалғаса беретін болса, бюджетке салмақ түсе береді. Мемлекет қазір нарықтан кетпейтін болса кейін біздің экономика мүлдем бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Жеке сектор былтырғы дағдарыстан сабақ алуы керек. 2009 жылғы дағдарысқа тәуекел менеджментінсіз кірген бизнес содан бері өздерінің тәуекел менеджментін қалыптастыра алды деп ойлаймын, – дейді А.Олжаев.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары соңғы жылдардағы қарқынды несиелеу қосымша тәуекел тудырады, сондықтан мемлекеттің нарықтан шығуы жағдайды реттейді дейді. Сарапшы Арман Бейсембаев егер мемлекет нарықтан кетсе, екінші деңгейлі банктердің нарықтық ставка бойынша ипотека ұсынуы тура келмек. Ал ол қазіргіден де жоғары болмақ деген көзқараста.
«Мемлекеттік бағдарламалар тоқтаған соң ставкалар қазіргіден де жоғары өсе бастайды. Банктер мемлекеттік ақшаны алуды доғарып, өз ақшасын беретін болған соң ипотеканы беру ережесі де өзгереді. Банктер клиенттерге тым қатаң талаптар қояды, іріктеу аса мұқият жүргізіледі. Тиісінше, ипотекалық несие бойынша өтінімді кері қайтару көбейеді» деп болжайды А.Бейсембаев.
Экономист Мақсат Халық болса, бұл болжамды теріске шығарады. Мемлекеттік бағдарламалар тоқтай салысымен алғашқы мезетте осындай лап еткен бұрқасын тууы мүмкін-ақ. Алайда кейін бәрі бір ізге түседі деп санайды.
– Егер Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізе алса, Үкімет те соған үлес қосса, өзіміз тауарлар өндіре бастасақ, міне сол кезде инфляция төмендейді. Сыртқы импортқа сондай қатты сүйенбеген соң теңгенің де құны артады. Теңге нығайған соң базалық ставка да қазіргідей 9 болмайды, тіпті 5 пайызға түседі. Сол кезде барлық екінші деңгейлі банктерде ипотека 7 пайыздан берілетін болады. Өйткені нарықтық ақшаның құны артты. Сонда адамдар баяғыдай ана бағдарлама, мына бағдарламаға кіріп үлгеріп қалайын, таныс табайын деп тырыспай, емін-еркін өз төлем қабілеті арқылы-ақ баспаналы бола бастайды. Бұл бизнеске де жайлы. Қазір бизнестің күні жеңілдетілген несиеге қарап тұр. Соның өзінде мемлекет «төлем қабілетің бар ма?», «табысың түсіп кетіпті», «кепілдікке қоятын мүлкің бар ма?» деп мың сұрақ қойып барып береді. Тіпті көп жағдайда талапқа сай келмейсің деп көмексіз қалдырады. Ал базалық ставка біз айтқан сценарий бойынша өрбитін болса, онда банктер өздері-ақ бизнеске арналған несиелерді тарата бастайды. Базалық ставка 9 пайыз болып тұрған кезде банктер өздеріндегі артық қаражатты экономикаға құюға тәуекел етпейді, – деді М.Халық.
Сарапшылар сөзінен ұққанымыз – экономикаға арзан ақшаның көптеп келуі инфляцияның одан әрі бауырын жазып шабуына жағдай жасайды. Мемлекет ақшасы келуін тоқтатпаса қымбатшылықты ауыздықтау тіпті мүмкін болмай қалады. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті де өлтіретін аяусыз нұсқа.
– Қазір бізде мемлекеттік капитализм деген ұғым бар. Ол нарықтық классикалық экономикаға қайшы келеді. Азаматтар нарықтық ұстанымдармен пайда тауып, одан мемлекетке салық төлеп, жиналған ақшаны әлеуметтік салаға жегіп қоятын ұстанымы жалғаса берсе, бәріміз жиналып Ұлттық қордың бетіне қарап отыратын боламыз. Осы жылғы трансферттер Ұлттық қорға биыл түскен түсімдердің бәрін жеп қойды. 96 пайыз. Қор басқа ұстаныммен құрылған болатын. Ол мұнайдан түскен ақшаны экономикаға тікелей келуден сақтауы керек еді. Түскен көп ақшаны қазір салып жіберсе, ол экономиканы қыздырып, инфляцияны өсіріп жібереді. Сондықтан қордағы ақша қиын-қыстау кезде ғана шығуы қажет болған. Бизнес бәрібір өзіне мемлекеттің ақша беретінін білгеннен кейін тиімді, пайдалы жұмыс істейін деп ынталанбайды. Фермер үшін малын өсіріп сатқаннан гөрі, малдың бағасын қағазда көрсетіп сол үшін субсидия алған тиімді. Кәсіпкер де мемлекеттің берген ақшасын жаратып, саудасын жасап отыра бергенді жөн көреді. Мемлекеттік капитализм біздегі тиімділік мотивациясын жоғалтып жіберді, – дейді А.Олжаев.
Мемлекет нарықтан кеткен соң не болады?
Экономист Мұрат Темірхановтың пайымдауынша, мемлекет нарықтан кеткен соң екі-үш жылдай қиындық болады. Сол екі-үш жылда нарық тоқырап, баспана бағасы төмендейді. Кейін нарық бір қалыпқа түсіп, өз заңдылығына сәйкес сұраныс пен ұсынысқа негізделген механизм аясында дамиды.
– Бізде ипотекалық инфрақұрылым, беру процестері жолға қойылған. Мемлекеттік бағдарламаның да мақсаты барлық инфрақұрылым мен процестерді жолға қойып беру болатын. Банктер базалық ставкадан төмен бере алмайды. Олай етсе өздеріне пайда түспей қалады. Меніңше, біздің банктер процестерін оңтайландырып, тәбеттерін тежей алса базалық ставканың үстіне тағы 3 пайыздай қосып бере алады, – дейді А.Олжаев.
Демек мемлекеттің араласуынсыз банктер баспана нарығын жандандыра ала ма, бағдарлама жасап, ақша бөлуге қауқарлы ма деген күмәнға орын қалмауы тиіс. «Банктерде ақша массасы көп, өтімділік бар, сондықтан ипотека нарығына шығуға мүмкіндігі мол» деп қорытады сөзін сарапшы. Ол мемлекет қазіргідей арзан ақша бергенше, қарыз алушыға тікелей бағытталған атаулы көмекті дамытқаны оңтайлы деп ойлайды.
«Мәселен, ипотека сомасының 10-12 пайызын мемлекет өтеп береді деген сияқты. Яғни ондай жағдайда адам өзі нарыққа араласып, арзан ипотека іздейді. Бұрынғыдай шенеунік (мемлекет) емес, құрылыс салушы мен орналасқан жерді өзі таңдайды. Сөйтіп, нарықтық механизм жұмыс істей бастайды. Тиісінше құрылыс компаниялары арасында да бәсекелестік артады. Бұл әрі қарай баспана бағасының төмендеуіне алып келеді» дейді сарапшы.
Халықаралық ұйымдар да қолдамайды
Қазақстан билігінің экономикаға тым құмартып алуы халықаралық ұйымдар назарын да аударды. Осыдан үш жыл бұрын Дүниежүзілік банк министрліктердің кәсіпорындар мен ұйымдарды өз меншігі санауы – бәсекелестікті жойды және мұнайға деген тәуелділіктен арылуға кедергі келтірді деп жариялады.
ДБ-ның Орталық Азия бойынша жетекші экономисі Хулио Ревилланың айтуынша, қазақстандық экономикадағы мемлекет үлесі 2013 жылдан бері ерекше жылдамдықпен өсіп келеді. «Мемлекет ақшасына кәсіп істеп үйренген компанияларда тәжірибе де, ынта да жоқ, соған сәйкес бәсекеге де қабілетсіз. Мұндайға әбден үйреніп алған компаниялар сыртқы нарыққа шыққанда сол жақтың ережесімен ойнай алмай қалады. Осыған қарамастан мемлекет экономиканың аз өнім беретін секторларын қаржыландыруды тоқтатар емес. Нәтижесінде, бизнесті қолдауға бюджеттен бөлінетін ақша ағыны көбейе береді, керісінше сол кәсіп иелерінен келетін салық түсімі мейлінше азая береді», деп мәлімдеген еді ДБ сарапшылары.
Мұндай ойды бір кездері АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей де айтқан. «Менің берер алғашқы кеңесім экономикадағы мемлекет үлесін азайтуға қатысты. «Самұрық-Қазына» холдингі құрамына кірмейтін компанияларды қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, капитал нарығын қалыптастыру үшін бұл аса маңызды» деген-ді ол.
Ақшаны аямай алып, бірақ соған сай қайтарым көрсетпеген бір сала болса, бұл – банк секторы. ҰБ басшылығына Данияр Ақышев келген соң 2017 жылы елімізде банктерді сауықтыру деген ұранмен қаржы институттарын құтқару процесі белсенді жүрді. Бес банк – «Цеснабанк», «Банк ЦентрКредит», «АТФ Банк», «Еуразиялық банк» және Bank RBK-ге 653,7 млрд теңге көлемінде көмек ұсынылды. Алайда сауықтыру бағдарламасынан соң банк активтері 5,5 пайыз, 24,2 трлн теңгеге дейін, қарыз портфелі 12,4 пайыз, 13,6 трлн теңгеге дейін төмендеді. Қаншама қаржы құйылғанына қарамастан 90 күннен астам мерзім бойы төленбеген несие (NPL) көлемі 6,7-ден 9,3 пайызға өсті. Жыл соңында банк секторының 62,3 млрд теңге шығынға батқаны анықталды. Экономист М.Халық сол кезде банктерге ақша беру арқылы қаржыны да, әлеуетті де жоғалттық деп есептейді.
– 2009 жылғы дағдарыс кезінде мемлекет қолдау жасамаса жағдай тіпті ушығып кететін еді. Құрылыстар аяқсыз қалды, құрылыс компаниялары сенім үдесінен шықпады, шығын шаш етектен көбейді, сол процестердің барлығын Ұлттық қордан ақша бөлу арқылы реттеуге тырысты. Ол дұрыс-ақ. Алайда бұл жердегі кемшілік – мемлекеттің банктерді қолдауы. Бірнеше рет банктерді банкрот болудан құтқарып қалды. Қит етсе Ұлттық қордан, зейнетақы қорынан, бюджеттен ақша бөле береді. Тіпті акционерлердің өзі ақша салмай, мемлекет қолдауына әбден сүйеніп алды. Әлсіреп тұрған банктерді құтқармай-ақ, банкроттыққа жібере салу қажет еді. Нәтижесінде, банктер одан жақсарып кетпеді, керісінше бір-бірін жұтып, құйылған қисапсыз ақшаны ақтаған жоқ. Бұл жағдайдың салқыны салымшыларға да тиді, – дейді сарапшы.
Түйін
Мемлекеттің бір-ақ сәтте экономикадан кете салмасы түсінікті. Олай болса бұл экономикалық шокқа ұрындырады дейді сарапшылар. Сондықтан мемлекет нарықтан кезең-кезеңімен шығуды жоспарлайды. Біраз уақыт бұрын бұл мәселені Мемлекет басшысы да көтерді. «Біз мемлекеттің меншік иесі және реттеуші ретіндегі рөлін төмендетуіміз керек. Бұрын іске қосылған жекешелендіру бағдарламаларын жалғастыру және аяқтау, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың функциясын, рөлін және миссиясын қайта қарау керек» деген еді Қ.Тоқаев.
Мемлекеттің нарықтан кету идеясына біржола бекінгені қуантады. Бизнес өзін-өзі реттеуі керек. Арзан ақша шешілмеген түйткілді көбейтеді. Бизнес иелері тәуекел менеджментін қалыптастырмайды. Бәсекеге қабілетсіз болады. Мемлекет ақшасына күн көретін ынжық кәсіпкерлер тәрбиеленеді. Бұл әлбетте, аса қауіпті құбылыстың белгілері. Дегенмен мейлі кезең-кезеңімен болса да бизнеске еркіндік беру процесі де оңай болмайын деп тұр. Арзан ақшаға үйренген кәсіп иелерін нарық ұстанымдарына сай өмір сүруге бейімдеу де біраз уақыт пен энергияны қажет етеді.
Сөз басында айтқан Фридрих Хайек «Құлдыққа апарар жол» кітабында ұлы дағдарыс пен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ пен Еуропада осы саясаттың белең алуы экономиканы тиімді басқару үшін де, адам бостандығы үшін де үлкен қауіп тудырды деп жазады.
«Қазіргі қоғамда экономикалық тұрғыда тәуелсіз болу – барлық мақсатқа қол жеткізудің құралына айналып келе жатқандықтан, мемлекеттің нарықты бақылауы – адамдардың жеке өмірін бақылауға айналып бара жатыр. Мұндай бақылау тоталитаризмнің көрінісі» дейді Хайек.