24 Маусым, 2021

Ескеруге лайық ескі әдіс

474 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңір әкімдерінің өз «командасын» құратыны белгілі. Бұл туралы талай сын айтылғанымен, одан өзгерген жағдай шамалы. Бір жағынан, оның өз қи­сы­ны да бар. Мәселен, облыс әкімінің сая­си қызметшілер болып саналатын орын­басарларын ауыстыруымен келісуге бола­ды. Тек өзге басшы кадрларды оңды-сол­ды сапырылыстырып жібермесе, құба-құп.

Ескеруге лайық ескі әдіс

Осы ретте от ауызды, орақ тілді журналист болған Мәлік Мұқанов марқұм Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғаннан кейін алғашқы баспасөз мәслихатын өткізген Қажымұрат Нағмановқа: «Бұрынғы әкім сырттан бір вагон кадр алып келіп еді. Сіз неше вагон кадр әкелесіз?» деп сұрақ қойғаны есімізде. «Бір вагон жігітке тұратын бір-ақ азаматты әкелемін», деп жауап берген еді Қажымұрат Ыбырайұлы. Ақыры сөзінде тұрып, әлеуметтік салаға басшылық жасайтын орынбасары етіп Павлодар облысында кеңшар директоры болып істеп жүрген кезінде ауылдағы мәдени мекемелердің жұмысын жандандырғаны үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағын алған Қуат Есімхановты тағайындаған болатын. Ол коммунистік идеологияның зардабын көп тартқан өңірде ұлттық құндылықтарды қалпына келтіруге елеулі еңбек сіңіріп, жергілікті жұрттың ілтипатына бөленді. Кейін оған «Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы берілгендігі – соның айғағы. Қуат Есімханұлы сынды ұлтжанды азаматтар қай өңірге ротацияланып барса да, ел мүддесі жолында аянбай еңбектенетіндігі даусыз.

 Командалық ауысудың «көкесі» кешегі кеңес заманында болған. Мысалы, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған белгілі азамат Торғай облысын басқаруға жіберілгенінде соңына нағыз бір вагон – 58 кадр ілестіріп апарғанын торғайлықтар санамалап айтып бергені жадымызда. Бір ғажабы, сол мансап қуып, қопарыла көшіп барған көкшетаулық азаматтардың көпшілігі Торғай өңірінде абыроймен қызмет атқарып, қасиетті топырақтың туған балаларындай болып, жергілікті тұрғындармен сіңісіп, сыйласып кеткен. «Торғай» десе, әлі күнге ішкен астарын жерге қояды.

Кеңес заманында еліміздің солтүстік өңірлерінен шыққан қайраткер азаматтардың бірсыпырасы оңтүстік өңірлерді басқарды. Айталық, көкшетаулық Еркін Әуелбеков үш жылдай Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, Сыр бойы жұртшылығының ықыласына бөленген. Солтүстікқазақстандық Хасан Бектұрғанов Қызылорда және Жамбыл облыстарын ұзақ жылдар басқарып, талай игі іске ұйытқы болған. Ақмолалық Рысбек Мырзашев Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін ойдағыдай атқарып, Социалистік Еңбек Ері атанған.

Осы жайларды ойға алып отырған себебіміз – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр саяси мемлекеттік қызметшілерді ротациялау туралы Жарлық қабылдаған болатын. Биылдан бастап саяси мемлекеттік қызметшілер әрбір төрт жыл сайын ротациялауға жатады.

 Осы орайда өңірлердің әкімдерін ротациялау кезінде кеңес заманындағы ескі әдісті ескерген жөн сияқты. Тек бұрынғыдай солтүстік өңірлерден шыққан қайраткер азаматтарды оңтүстік өңірлерге ауыстырумен шектелмей, күнгей өлкенің ұлтжанды басшы кадрлары солтүстік облыстарға әкім болып тағайындалса, құба-құп. Өйткені бірнеше жылдан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші артық оңтүстік өңірлердің азаматтарын жұмыс күші тапшы, демографиялық жағдайы мәз емес солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару ісі жүргізіліп жатыр. Бұл ұлттық қауіпсіздікпен ұштасып жатқан маңызды мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударып, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деген болатын. Ал жуырда Президент тапсырмасымен қоныс аударушыларды қабылдауда өрескел кемшіліктерге жол бергендігі әшкереленген Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен босатылды.

Міне, осы солтүстік өңірлерге оңтүстіктің азаматтарын қоныс аудару және шетелдерден атажұртқа оралатын қандастарды орналастыру мәселелерін өз деңгейінде жүргізу үшін де әкімдерді ротациялаудың оң ықпалы тиер ме еді деп ойлаймыз