Аймақтар • 24 Маусым, 2021

«Еріксіз келіп, еркін өстік»

149 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде тұратын түрлі этнос өкілдері арасында өзіндік орны бар күрд ба­уырлар – ұшса құстың қанаты талатын, жүгірсе аңның тұяғы күйе­­­­­тін кең-байтақ қазақ жеріне күштеп қуылып, тұрғылықты халықтың мол мейі­рі­мі мен шапағатына бөленгендер. Ол жөнінде облыстық «Бар­банг» мәдени ұйымының төрағасы Рашид НАДИРОВТІҢ айтары аз емес.

«Еріксіз келіп, еркін өстік»

Менің кіндік қаным тамған жер – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылы. Әке-шешеміз алты ұл-қызын оқытып, азамат қатарына қос­ты. Бәріміз де жоғары білім алдық. Аға­мыз Кәзім ғылым жолын қуып, химия ғылымдарының докторы атанды. Қа­зақ­стан Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты. Екі қызы қазақ жігітіне тұр­мыс­қа шығып, мыңжылдық құда-құ­дан­­­далы сыйластығымыз тіпті беки түс­ті, – деп бастады әңгімесін Рашид Садықұлы.

– Әке-шешеңіз де оңтүстіктің тумасы ма?

– Жоқ, әкем Садықтың, анам Санам­ның атамекені – Қап тауы жағы, Әзер­байжан. 1947 жылы зорлап көшіру сая­сатына ілігіп, азапты күндерді бас­тан кешірген. Қазақ деген меймандос халықты жолықтырып, ес жиған, етек жап­қан.

– Мағжан еліне қалай тап болды­ңыз?

– Алматы медицина институтын бітіргеннен кейін жолдамамен қасиетті Қызылжар еліне жіберді. Облыстағылар қа­лада қалдырсақ, салт басты сыпаң бой­дақ неме жерсінбей кері кетіп қа­ла­­ды деп ойлады ма екен, арқамнан қа­ғып, алдап-сулап, Сергеевка (қа­зіргі Шал ақын) ауданына шығарып салды. 7 жыл аудандық дәріхананың мең­ге­ру­шісі қызметін атқарғаннан кейін об­лыс орталығына дәрі-дәрмек бас­қар­ма­сына басшылыққа ауыстым. Содан бері арада 33 жыл атқан оқтай, шапқан аттай өте шығыпты. Қазақстан – әуле­тіміздің туған Отаны, атамекені. Кейде мен басқа жаққа ауа көшетіндей, бала­ларымның әбден бауыр басып қал­ған өңірде тұра берейікші деп қиыла өті­не­тін­дері бар. Ондай ой өңім түгіл, түсіме де енбейді. Мүлдем танымайтын, тіпті кейбірі күрд деген ұлттың дүниеде барын білмейтін адамдардың қара нанды үзіп, жарты құртты бөліп берген қамқорлығын ұмыту еш мүмкін емес. Депортацияға ұшыраған жандардың ұрпағын осындай бақытты шаққа жет­кі­зіп, уайымсыз атқан әр таңымыз үшін риза­шылық сезіммен еске алуға мін­дет­тіміз.

– Үйде қай тілде сөйле­се­сіз­дер?

– Әрине, мемлекеттік тілде. Отба­сы­мыз түгелдей қазақ тіліне, салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына жетік. Қызым да, екі ұлым да қазақ мек­те­біне барды. Үйдің кенжесі Нәзім дом­быраның құ­лағында ойнайды. М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қа­зақ­стан уни­вер­ситетінде оқып жүр­ген­де әнұранға бер­гісіз «Атамекен» әнін әуелете шырқап, залдағыларды орындарынан тік тұрғызғаны бар. Хакім Абайдың «Адам­заттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген өлең жолын әр мекеменің маң­дайшасына жа­зып, іліп қойса ар­тық­тық етпейді. Қазақ халқының толе­ранттық мінезін бір­ауыз сөзге сыйғыза білген ақынның ұлы­лы­ғы бұл!

Мені территориялық аумағы жа­ғы­нан әлемде тоғызыншы орынды ие­ленетін қазақ ұлтының тілінің, дәс­тү­рі­нің, мәдениетінің біртектілігі қайран қалдырады. Арада қаншама ұрпақ, буын алмасса да осы қасиетін жоймай ке­леді. Бұл – мен үшін түсініксіз феномен. Күрд тілінде диалект көп. Бір-бірін түсінісе алмай жатады. Мұндай жайт басқа халықтарда да кездеседі. Мен үшін барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, біртұтас ұлт идеясына топтастырып отырған Қа­зақстанның орны бөлек.

Күрдтер – ірі этностық топтардың бірі. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап КСРО-да оларға қатысты сая­сат өзгере бастады. Бірқатар ұлт­тық құқықтары шектеліп, оның соңы Әзербайжан мен Армениядағы ата­қо­­ныстарынан Орталық Азия мен Қазақ­стан­ға ығыстырылды. Амалсыз қоныс аударушылардың саны еселеп өсіп, жүз мыңға дейін жетті. Олардың оннан бірі Қазақстанға орналастырылды. Қарапайым еңбек адамы болса да өмірден түйгені мол әкем жарықтықтың «еріксіз келіп, еркін өстік» деген сөзі жадымда жатталып қалыпты. Менің асыл армандарымның орындалуына көп адамдар игі ықпал етті. Олардан көрген шапағатымды, алған тәлімімді балаларыма үнемі айтып, үлгі етіп оты­рамын. Әкемнің көп достарының бірі – Байжігіт ақсақалдың «Қарағым, теріс­кейге алыс сапарға аттанып бара жатыр екенсің. «Атың барда жер таны же­ліп жүріп» деген. Қазақстанның қай жері де – өз елің» деген ақ батасы жолымды ашты.

Бірде Сергеев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәркен Ахмет­беков мені өзіне шақыртты. Аман­дық-саулықтан соң алғашқы сұра­ғы «Неге үйленбей жүрсің?» болды. Сосын бетіме ұзағырақ қарап отырды да «Келінді өз ұлтыңнан ал. Тезірек шаңы­рақ көтер. Жас отбасыға баспана жағынан көмектесуге дайынмын», деді. Парасатты азаматтың бірауыз сөзі түрткі болып, ауылдағы көрші үйдің Гүлнара есімді сұлу бойжеткенімен екеу болып оралдық. Мәркен аға уәде­сін­де тұрды. Айта берсе, мұндай мысалдар көп.

Бірлігіміз нығая түссін десек, барымызды бағалай білейік дегім келеді. Мұның өзі – жердің иесі де, киесі де қазақ халқына деген терең тағзымның, үлкен құрметтің белгісі.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Өмір ЕСҚАЛИ,

 журналист