Мәселен, халықаралық «Алматы-Екатеринбург» тасжолының Жақсы ауданын басып өтетін «Жақсы-Чистополье» аралығын қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Ауқымды жобаның құны 16 млрд теңгеге таяу. Сөз арасында жолдың жақсаруына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шарапаты тиіп тұрғандығын айта кеткеніміз орынды болмақ. Бағдарлама аясында 304 млн теңге бөлініп, 12 шақырым жол жөнделді. Екінші лекпен 357 млн теңге қарастырылып, байқау жарияланды. Кейінгі қаржыға 4 елді мекенді жалғастыратын, ұзын-ырғасы 29 шақырымды құрайтын жол жөнделмек.
– Бұл жол көптен күтім көрмегендіктен, әбден тозығы жеткен болатын. Оның үстіне көктем мен күзгі лайсаң уақытта ауыр жүк артқан техникалар тасжолдың тас-талқанын шығарады. 2019 жылдың желтоқсан айында жол жөндеу жобасы сараптамадан өткізілді, – дейді Жақсы аудандық қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дулат Жанбаев, – жобаның жалпы құны 15,9 млрд теңгені құрайды. Үстіміздегі жылғы атқарылуға тиісті жөндеу жұмысына 450 млн теңге қаражат бөлініп отыр. «Жақсы-Чистополье» аралығы бес елді мекенді ауданмен жалғайды. Сондықтан өте маңызды инфрақұрылым саналады.
Көптен бері күтім көрмеген күре жолдардың жөнделуі ауыл шаруашылығы құрылымдарын да қуантып отыр. Әсіресе, күзгі жиын-терін кезінде негізінен алтын астық өсіретін өңірдің жүргізушілері техниканың жиі істен шығатынын айтып, шағымданатын. Енді көктемгі егіс, орақ науқаны кезінде діттеген жеріне жету үшін іркіліс бола қоймайды.
Жақсы жол шын мәнінде тіршіліктің тынысын кеңейтуге септігін тигізеді. Мұндай жұмыс Біржан сал ауданында да қолға алынуда. Жүк тасымалы дәлізін жақсылап жөндеп, қалыпқа келтіруге 2 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Тозығы жеткен тасжол ауданның экономикасына да кері әсерін тигізіп келген болатын. Бұл өңірдегі өндіріс алыбы болып есептелетін «Көкше Цемент» зауытының жүк көліктері «Кеңащы-Степняк-Щучинск» бағыттары бойынша құрылыс материалдарын үздіксіз тасымалдайды. Құрылыс жұмыстары қыза түскен жаз айларында жолдың жайсыз болуы құрылысшылардың да қолын байлайды. Енді жол жайы көп-көрім жақсара ма деген үміт оты лаулап тұр. Қажетті жоба жасалған. «Щучинск-Степняк», «Степняк-Кеңащы» бағыттарындағы жол күрделі жөндеуден өткізілсе, «Кеңащы-Еңбекшілдер» бағытындағы тасжол орташа деңгейде жөнделеді.
– Бұл жолдарға тіптен өкпе жоқ, – дейді Біржан сал аудандық қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов, – осыдан қырық-елу жыл бұрын салынған. Бүгінгідей ауыр салмаққа есептелмеген.
Ауданда 345 шақырым аудандық маңыздағы жол бар. Қанша талаптанғанымен, 311 шақырым жолға әлі күнге дейін асфальт төселмегендігін екпін түсіріп айта кеткен ләзім. Әзірге бар жолдың 40 пайызын жөндеу үшін арнайы құжат әзірленуде. Аудан орталығы – Степняк қаласында 12 көше мен 6 жаяу жүргінші жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін жалпы құны 450 млн теңге болатын жоба дайындалуда. Биыл қажетті қаржының 300 млн теңгесі бөлініпті.
Әлі де ел ішінде жөндеуді қажет ететін жол жетіп артылады. Ел еңсесін көтеруге септігін тигізетін бар жай назарда болғаны ләзім.
Ақмола облысы