Футбол • 24 Маусым, 2021

EURO-2020: Франция, Германия және Португалия плей-оффта

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезең ойындары толығымен аяқталды. F тобындағы құрама командалар жанкүйерлерге нағыз футбол спектаклін ұсынды, деп жазады Egemen.kz.

EURO-2020: Франция, Германия және Португалия плей-оффта

Португалия мен Франция арасындағы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. 31 минутта Роналду пенальтиден есеп ашты. Бірақ бірінші тайм соңында Бензема есепті теңестірді. Екінші таймда Бензема дубль жасап командасын алға шығарған. Алайда 60 минутта тағы да пенальти тебуге мүмкіндік алған Роналду есепті теңестірді.

Ал Германия сәл болмағанда мажарлардан жеңіліп қала жаздады. Бұл матчта да 2:2 есебі тіркелді.

11 минутта Адам Салаи Венгрия құрамасын алға шығарған. 66 минутта Кай Хаверц мергендік танытып, есепті теңестірді. Көп ұзамай Андрас Шафер мажарларға қайтадан басымдық сыйлады. Қиын жағдайдан немістер 84 минутта ғана сытылып шықты. Леон Горетцка гол соғып, соңғы сәтте өз құрамасына плей-офф жолдамасын алып берді.

Осылайша 1/8 финалдың барлық қатысушылары анықталды. Келесі кезеңдегі жұптар реті мынадай: 

Уэльс - Дания
Италия - Австрия
Нидерланды - Чехия
Бельгия - Португалия
Хорватия - Испания
Франция - Швейцария
Англия - Германия
Швеция – Украина 

Ширек финалға шығу үшін болатын кездесулер 26, 27, 28 және 29 маусым күндері өтеді.