Экология • 24 Маусым, 2021

Есікте жойылып кету қаупі бар жануар видеоға түсірілді

1065 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы Есік қаласында Қазақстанда жойылып кету қаупі бар сирек кездесетін жануар видеоға түсірілді. Жайра (кірпікшешеннің бір түрі) қала көшелерінің бірінде түсірілген. Мұның өзі сирек кездесетін жағдай. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Есікте жойылып кету қаупі бар жануар видеоға түсірілді

Видео авторының мәліметі бойынша, ерекше жануарды ол Есіктегі Абай көшесінде көрген.

Әлеуметтік желі қолданушылары таңданыстарын жасыра алмай жануардың қайдан келгенін, қыстан қалай аман шықанын айтып талқылап жатыр. Алайда Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жабайы жайра Қазақстанда бұрыннан бар екенін айтты. Сондықтан оны құтқару мақсатында әрекет жасаудың қажеті жоқ. Дегенмен жануардың таулы жерден адамдар арасына түсуі сирек кездеседі.

«Үнді жайрасы - бұл кеміргіштер отрядына кіреді. Қазақстан фаунасында бұл отрядтың жалғыз түрі бар. Ол Оңтүстік Маңғышлақта, Талас, Қырғыз және Іле Алатауы мен Қаратауда, Шу-Іле тауларында кездеседі. Алматы облысының аумағында Іле Алатауында кездеседі. XX ғасырдың бірінші жартысында Алматы қаласының маңында кең тараған. Таралу аймағы Түрген өзенінің алқабына дейін жетеді. Бірақ антропогендік фактор (адам факторы) оларды тарихи аумағынан ығыстырған. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің деректері бойынша, Іле Алатауы мен оған іргелес жатқан аумақтардың шегінде үнді жайрасының саны 30 бастан аспайды», деді Самал Ибраева.

Жайра Қазақстанның Қызыл кітабына сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануар түр ретінде енгізілген.

«ҚР ҚК-ның 339-бабына сәйкес құрып кету қаупі бар және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерге зиян келтіргендерге қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бап санкциясы мүлкін тәркілеп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуды, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жасасын көздейді. Сондай-ақ, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айырады», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілі.