Аймақтар • 24 Маусым, 2021

«Адвокат» болып 4 млн теңге пайда тапқан алаяқ ұсталды

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жалған «адвокат» қарағандылық азаматты 4 млн астам ақшаға алдап кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Адвокат» болып 4 млн теңге пайда тапқан алаяқ ұсталды

3 мамыр күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөліміне 39 жастағы қала тұрғыны арызбен шағымданған. Полиция қызметкерлеріне ол белгісіз азаматтан алданып қалғанын айтқан. Жәбірленушіге шұғыл түрде адвокат керек болып, сұрастыру барысында шаруасын шешіп беруге көмектесемін деген адвокат тапқан. Алғашында жәбірленушіге көмектесемін деген «адвокат» шаруасын шешу үшін алдын ала төлем ақы алып, кейін одан қажет болып жатыр деген желеумен тағы да қомақты ақша алған.

Жәбірленуші бас аяғы өзіне қажетті адвокатқа 4 миллион 425 мың ақша берген. Алайда осыншама қаражатты алған «адвокат» жәбірленушінің бірде-бір шаруасын шешпеген. Арада уақыт өткенде күдік тудырған ер адам мүлдем қоңырауға жауап бермей хабарсыз кеткен. Сонда ғана жәбірленуші алаяқтың арбауына түскенін сезіп, полицияға шағымданған.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметкерлері алаяқты іздеуге кірісті. 23 маусым күні криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 39 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.