Бір сөзбен айтқанда олар таптаурын әдеби ортадан тәуелсіздік алған ақындар деуге толық негіз бар. Ендеше бізге неге оларды тәуелсіз, еркін талдауға талаптанып көрмеске деген ой туады. Бұған әсіресе кейінгі кездері қарапайым оқырман түгілі, кәсіби сыншыларды да аңтарылтып қойған Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сұранып-ақ тұр.
Сөздің басын Тыныштықбектің шығармашылығы ұлттық кодпен тікелей байланысты деп бастаған жөн десек қателеспеспіз. Бірақ басын ашып алатын бір жайт, бізде «код» сөзінің қазақша баламасы «құпия кілт» деген сияқты естіледі. Содан барып елдің бәрі әлдебір құпия кілтті іздеп жүргендей күй кешудеміз.
«Ұлттық код» ұлттық код болмай тұрғанда, «көн қатса – қалыбына» дейтін едік. Міне, осы «кодты» «көн» деп алса, Тыныштықбектей ақынға бек жарасады. Себебі ол тәуелсіз сана бастауын бұл күнде мағынасы өзгерген не ұмытылған көне сөздерден іздеумен келеді.
«Көлеңкелер шиырлап
Мазарыңның елесін,
Көн топырақ бұйырмақ.
Көнесің ғой, көнесің»
дейді «Қу тірлік» өлеңінде.
Мұндағы «көн топырақты» «көне» деп те, «көнтерілі» деп те түсінуге болады. Бірақ негізгі мағынасын «түпнұсқа» деп ұқтық. Яғни адам шыққан, адам жаралған топырақ. Егер осылай қабылдасақ, Жер-Ана сөзінің төркіні тереңдей түспек. Бұл айтылып жүрген пайым болғанмен, «көн топырақ» түпнұсқалық мәнге ие жаңа тіркес деуге толық негіз бар.
Біздіңше оның өлеңдері бір бөлек, кейінгі ізденістері бір бөлек дүние емес. Әңгіме ақынның «Қас Сақ Аңқымасы» атты пәлсапалық кітабы туралы болып отыр. Оның «Ақшам хаттары» атты өлең кітабын өзімсіне қарсы алған оқырман, осы кейінгі еңбегі қолына тигенде тосылыңқырап қалды. Данышпан атасы заманында өлеңдерін жиып қойып, Қара сөздерін жазғаны есепке кірген жоқ.
Жұртшылыққа бірден сүйкімді ақын ретінде танылған Тыныштықбектің бұл жолға неліктен бас тіккенін түсіну де қиын. Тіпті бірнәрсені дәлелдеген күннің өзінде, оның рухани айналысқа түсуіне ешқандай кепілдік жоқ. Кеше ғана бәріне түсінікті ақын, бүгін ешкімге түсініксіз дүние жазса не болады?
Кей оқырман мұнда не сыр бар деп, бұрынғы жазғандарын қайта парақтайтын шығар. Күдікті деген жолдар мен күмәнді деген тармақтарды қайтадан ой елегінен өткізетін болар. Әйтеуір бұл жазғандарының бекер дүние емес екенін түсінуге тырысар. Бүгінгі оқырман жылы жауып қойғанның өзінде, ертеңгі оқырман бар емес пе?
Әуелгіде біз де оның өлеңдерінен қалай тылсым сыр, құпия астар іздеп кеткенімізді өзіміз де байқамай қалдық. Өзі айтқандай: «Таңбалардың тілін білсем сендегі» деген аңсар бойымызды билеп әкетті. Мына жолда қандай ой бар, ана жолда нендей идея жатыр деген сұрақтар да қаумалай жөнелді. Анда жынның сыбыры, мұнда рухтың күбірі, онда періште қанатының дірілі бардай көрінді.
Жоқ, бұған таңғалмаңыз да, шошымаңыз да. Оның өлеңдерінде жын деген сөз жиі қайталанады. Тыныштықбектің бұл сөзді еркін қолдануы оны оқырманнан алыстатпайды. Қайта күніне әйтеуір «жын» деген сөзді бір рет айтып қалатын халықтық санаға жақындата түседі.
«Жарық Дүние
Бір күні жарылып кетердей
жын-ақпардан!
Жан Дүние –
– есуастығы мен далбасалығы
тұрақты Арман...
Кеше, шыдамай,
Күн секілді өзім де құлақтанғам.
Әлдеқайда шығып кеткем...
Жарым жылап қалған...»
Егер «әлдеқайда шығып кеткені» болмаса «жын-ақпарды» кәдімгі публицистикалық ұғымда түсінер едік. Бірақ «жын-ақпар» ақынға басқа жақтан келіп тұрған тәрізді әсерлі шыққан. Осындағы «әлдеқайда» деп тұрғаны «бейуақта» деген сияқты ойыңды сан-саққа жүгіртетіні де рас. Әлдеқайда, бейуақта, беймезгіл деген сөздер иесіздікті білдіріп тұратын секілді.
Жалпы, «иесіз қалған дүниені жын иектейді» деген сөз бар. Мұқағалида: «Аты-жөні, кім екені белгісіз, Қара киім ғайып бопты антұрған» делінеді. Бейуақта келеді, әлдеқайда кетеді, бірақ содан ұлы шығарма туып отыр. Егер сол қара киімді белгісіз адамның магиялық тұлғасы болмаса бұл реквиемге кілт табылар ма еді?!.
Тыныштықбек те «жын» сөзін өзін ашу үшін қолданатын секілді. Оның адамға жамандық істейтін нақты жын емес, шартты образ секілді берілуі сондықтан. Ақын әйтеуір біреумен тілдесу керек болғандықтан да жын образын нысана етіп алғанға ұқсайды. Әйтпесе жанын жынға сатқан, жынды сұхбаттасым деп білген адам емес.
«Жә, сонымен, көше кезіп келе
жатсың кешқұрым.
Әлдеқайдан үні естіліп жынның,
әлде, ешкінің»
десе, онда да тылсым сырдан гөрі, поэтикалық бояу басым.
Осы «Қаладағы ымырт әуені» өлеңіндегі:
«Бұл қала да жаратылған –
құдайлық бір бұйымнан.
Ымырт шіркін – қою әуен,
омыртқаңа құйылған»
деген жолдар да ойымызды нықтай түседі. Мұндағы күшті образ «ымырттағы ешкі мен жынның үнінен» туып тұрған жоқ, «омыртқаға құйылған бояудан» туып тұр. Бірақ табиғи шыққаны оның алдындағы «ымырттағы ешкі мен жынның үнін» естігендей болған сәті дер едік.
Оған себеп ақынның халықтың ойымен ойлап, халықтың сөзімен сөйлеп отырғанында болса керек. Қарапайым өмірде «мынау жын ба, немене» деген сөзді мың рет еститін шығарсыз. Алайда оның бәрі әдебиетімізден өткен соцреализм тұсында-ақ аласталған. Бір қарасаңыз, санада бар образ тәрізді, бірақ бүгінгі әдебиетте ол жоқ.
Ал Тыныштықбек жынды да, періні де, періштені де реалды өмірден күнде көріп жүргендей өзіне өте сенімді сөйлейді. Жынға сырттан тас атпай, іштен шалуға қабілеті жетіп тұрғандай сөзі нық, ойы да айқын. Әдеби ортадағы тым мәдениетті болып кеткен ақындар бұл сөзден саналы түрде қашады. Тыныштықбек болса солардың бойындағы жасандылықпен күрескендей ерегісе түседі.
«О, Туған Жер,
Сенсіз кіммін мен?
Сорлап бір жүрген сұмдаймын.
Сондықтан ақыл айтқыш
жұрттан гөрі, қуарған
қурайыңды тыңдаймын».
Мұндағы қуарған қурай да шын мәнінде образды түрде берілген. Ақын иесіз далада көмусіз қалған сүйектерді меңзеп отырмаған шығар. Бірақ қуарған қурайдың уілінде аруақтың сыры бардай сезіледі. Көз көріп, құлақ еститін анық нәрсені айтып отырғанмен, көңілің бәрібір әлденеге елегізеді. Қурайдың уіліне елтіген елсіз дала иесіз бе?
Кейде күнделікті қолданып жүрген сөздің өзі ой-санамызға қалай әсер ететініне мән бере бермейді екенбіз. Мәселен, осы елсіз дала деген сөздің артынан иесіз деген сөз ереді. Иесіз болғандықтан не жын-жыбыр басады, не кезбе, не келімсек қоныс еткісі келеді. Ата-бабамыздың таста таңбасы бар, жығылса жамбасы тиген жерді қалай елсіз, иесіз дейміз. Сол елсіз деген далада келе жатсаң, әйтеуір бір жерінде қарайып қорым жатады емес пе.
«Қайран ғана Ата-Баба –
Ақ Жұртым!..
Бес қаруын асынып,
О Дүниеге оза шауып кетті олар!» дейді Тыныштықбек «Құса» атты өлеңінде.
Соларға лайықты болу үшін Қамбар ата күлігі тисе дейді тақымыма. Біз «желмен жарысып» деп жаза береміз. Құлаққа қандай жұтаң естіледі. Оның түбі, түбірі «жынмен жарысып» болуға тиіс. «Қобыланды» эпосындағы «Алты айшылық жолды алты-ақ аттап өтетін» Тайбурылды «желмен жарысты» деп еш айта алмайсыз.
«Екі көзі – екі ақ сайтан,
алты құбылаға әділ жайнаған,
Ес-ақылы – жасыл қасиет,
жайқалған;
төрт тұяғында төрт перінің
мөрі бар,
арқасында Тәңірінің желі бар».
Тәкен Әлімқұлов «Ақбозат» романында «Жылқының құлағының түбінде шарап болады» деп жазып еді. Тыныштықбектің «Тәңірінің желі бар» дегені, «арқасы бар» дегенге келеді. Атқа мінген адам арқаланып кетеді деген сол. «Екі көзі – екі ақ сайтан» дегені, «Ымырт шіркін – қою әуен, омыртқаңа құйылған» деген сияқты сұрапыл сурет.
Шын мәнінде біздің халық бұрын солай сөйлейтін. Ондай сөздің сойқанын өзіміз жас күнімізде қазіргі жасымыздағы үлкендерден жиі еститінбіз. Олар да көшкен жұртқа көміп кеткен қымыздың дәмін татырғандай тамсантып өте шықты.
Айтпақшы, қас жүйріктің желмен емес, жынмен жарысатынын жоғарыда келтірілген жыр жолынан да көруге болады. «Төрт тұяғында төрт перінің мөрі бар» болса, жынмен жарыспағанда несі қалды. Азаншының дауысын естіген жын «а» дегенше алты қырды асып кететін көрінеді. Ендеше жүйріктің жынмен жарысқандай болуы қанатты пырақ үшін аса таң да емес.
Жынмен алысып қалған біреуді көрсеңіз, оны өнер адамы дей беріңіз. Бұл кейде жын-перілермен де ой жарыстырғандай, сөз жарыстырғандай көрінетін ақындарға өте-мөте тән нәрсе. Қала берді қалам ұстаған қауым үшін бәсекенің үлкені сол болуы керек.
«Әкемнің соңғы демі» өлеңіндегі:
Қамбар-қымыз қанып ішкен
мұртымен
Қасқаң едім, қалжың сөзі –
бір түмен!
Қандай екен, көрейінші! – деп,
Қамшыммен
Қаншама рет Түленді өзім
түртіп ем!»
деген жолдарда да біраз сыр жатыр.
Әкелеріміз, аталарымыз «Жынды көрдім, жынмен кездестім» деп жатушы еді. Сонда олардың әлгі немеден қаймықпайтындай рухы биік болғаны ғой.
Ал ақындарда бұл шығармашылықтың шыңы болуы да мүмкін. Мұндай әрекет шығармашылық иелерінде трансқа түсу арқылы жүзеге асса керек. Тыныштықбек те кейде медитациялық хал кешкендей тосын сырлы жырларға кенелтеді де тастайды.
Ондайда Тыныштықбектің өлеңдері ешқандай теорияға бағынбайды. Жыр жолдары желіден ағытыла жүгірісіп кетеді. Өлеңді омыртқа құсап ұстап тұрған буындары да өзінше өрнектеледі. Шумақтары да еркін қайырылып, бірімен бірі ортақ ойлармен ғана тумаласады. Бірақ буын артық-кем шығып жатса да, ырғақ жоғалмайтыны ғажап.
«Өлеңді сүю, аңсау қандай –
зал іші самсар маңдай!..
Хас әнші ән салғанда,
Жұлын-жүйкем шатырлап,
жай атады,
Көркем пері ғайыптан жүрегіме
қол салғандай!»
дейді бір өлеңінде.
«Жұмыс бөлмемде – домбырам,
Бақсылансам – даңғырам.
Шайтантиегі – Ұмайтеректен,
Ата Тегі – бәйтеректен,
Еріккенімде сөйлемей қоятын
жыны бар»
дейді екінші өлеңінде.
«Кейде,
Қанат қағып кеудемдегі
екі мөлдір өкпемен,
Тәңір Жүзін көрмек үшін көтерілем
Көкке мен.
Сөйтіп жатып ұйықтап кетем,
түс көрем:
Жалаңаяқ бала-Көктем...
Күшті Өлең!»
дейді үшінші өлеңінде.
Ұйқас, буын, жол, тармақтарды бұдан әлдеқайда шебер құруға болады. Бірақ онда өлең ішкі-сыртқы дүниенің үйлесімін беріп тұрған ырғақтан айырылып қалуы мүмкін. Тыныштықбектің қай өлеңін алсаңыз да жан мен жаратылыстың үйлесімін бұзбауымен ерекшеленеді.
Ал енді қолданған метафоралары мен келтірген теңеулері кейде мыйға сыймай кетеді. Бір біріне ұқсамайтын нәрселерді ұқсата салады. Осының бәрі медитациялық ойлаудың әсері ме деп те қаласың. Алайда мыйға сыймаған нәрсе санаға сурет болып қона кеткенде таңғалмасқа әддің жоқ.
Жұлдызданған Түннің мыйы ендігі...
Ақылымды мұздатуда кеңдігі.
Көкжиектен көрінеді қызыл Ай.
Ол да – шексіз кеңістіктің жәндігі.
Осындағы метафора да, теңеу де бұрын-соңды қолданыста болмаған. Ақын бейне құлағына біреу сыбырлап, соны қағазға түсіріп отырғандай елестейді. Әйтпесе осы қалай болады деп тартынып қалуы керек қой. Бірақ оның бұл жазғандары соншалықты сенімді шығатыны тағы тәнті етеді.
Әрине шығармашылық жұмыста да белгілі бір тәртіптің болғаны жақсы. Алайда шығармашылық адамының өзін желкесінде редактор тұрғандай сезінуі еркіндікті шектейді. Содан оның өзі де, сөзі де бағынышты болуы керек деген жалған түсінік туындайды. Ал бұл шығармашылық тұлға үшін өліммен тең нәрсе.
«Күнтекті Қыдыр құрдасы
болған сол Қазақ
Құдайдың өзін шақырған
дәйім қонаққа!..»
Осы «Абайға мінәжатында» жазғанындай, ол да бір алмағайып образға кірген ақын. Оның «Қас Сақ Аңқымасы» кітабы сондай медитациялық халден туған дүние десе, сенбеске амалың жоқ. Бірақ ондағы кейбір ойлар мен сөздердің ақынның алғашқы өлеңдерінен бастау алатыны бұл кітаптың да тамырсыз емес екенін аңғартады. Соған байланысты қызығушылықпен қойған сұрағымызға Тыныштықбектен:
«Қазақ дүниетанымын өзімізше зерттеп-зерделеп көруге өткен ғасырдың 90-жылдарының басында кіріскендей едік. Осы ғасырдың басында «Қас Сақ Аңқымасы» деген атпен екі кітап шығардық. Алғашқы қадам болғаннан кейін кемшілігі де көп еді. Қазір алдымда үш жүз баспа табақтай көлемді қолжазба жатыр. Соның өзін өзіміз әліппедей ғана еңбек деп бағалап отырмыз. Бағзы бабаларымыздан қалған, біз шетін де игермеген қандай алапат ілім жатқанын содан-ақ білуге тиіссіз. Мақсатымыз жыл соңына дейін сол еңбектің төрт томдай боларлық алғашқы бөлімін баспаға дайындап беру» деген жауап алдық.
Бұл еңбек данышпан атасының Қара сөздерінің жұрнағындай да болмасы былай да белгілі. Бірақ басқаның жанын жай таптыра ма, таптырмай ма, мәселе сонда. Тағы бір әдебиетші досымыз айтпақшы, өлеңін жазып, жәй жатса не етер еді? Оған да бір-ақ ауыз сөзбен жауап беруге болады. Тыныштықбектің айналасы тыныш келіп, тыныш кететін атмосфера емес.
Сондықтан ақынға түсіністікпен қарап, оқырманның да бір сәтке трансқа түсуіне мүмкіндік тудыру аса қиын шаруа болмаса керек.
Ал әзірге «Отырған жерімде жыр дәптерім ғана қалды өртенген» дейтін Тыныштықбекті ғана жете білетін сияқтымыз. Егер біреу уақытын бөліп, оның өлеңдеріндегі жын, пері, сайтан, періштелерді санаса, қазір-ақ есептен жаңылар еді. Жоғарыда айтқан жынмен жарысқан күліктей ол да омыраулап, екпінін бір басатын емес. Міне сондықтан да бір өзі бір әдеби ортаға айналып, бір шетте қыруар еңбек тындырып жатыр.
Оның қазіргі шоқтықты кітабы «Бесінші маусым жұпары» атты өлеңдер, толғаулар, балладалар мен поэмалар жинағы екенін оқырман жақсы біледі. Осы кітабын оқысаңыз көптеген тылсым сырлар мен құпия жайттарға қанығасыз. Ол кейде бірі ескі, бірі жаңа екі дәуірде қатар өмір сүріп жатқандай сан қилы әсерге бөлейді. Өзі сөйтіп жазатын «аузынан аспан естілген» балбалтастардың арасында «алған демі кемпірқосаққа айналған» бір дәруіш жүргендей елестейді.
Бәлкім ақыры ақын болған соң осылай бір дәуірден екінші дәуірге көк тәңірінің күлігіндей қарғып өтіп жүру керек шығар. Ондай болу үшін соған лайықты мазмұн болуы керек екенін тіпті айтып жатудың өзі артық. Ол басқа түгілі қара өлеңнің өзін қайталағысы келмей қателікке ұрынып жатса да сөз жауапкершілігін бәрімізден артық біледі. Кей-кейде асыл дініміз туралы асылық айтып жатса да дәл солай деп тура қабылдаудың қажеті жоқ.
Өйткені ол да өзіміздей:
«Жазмышты өңім демен,
түсім демен.
Құр сөзбен қу тірлікті мүсіндемен.
Құбылып кетіп барам Құдай жаққа,
Құпия Жарық Дүние ішінде мен!
Көз алдым – дөңгеленіп шұбар ұғым…
Көрместі көремін бе?
Шүбәлімін.
Білерім:
Өмір – пойыз,
Мен – жолаушы.
Билетім – туған жылғы куәлігім.
Жібермен үрейімді еркіне тым,
Көргенде ажалымның портретін.
Қарыз ем Қара Жерге...
Өтеу қиын!
Сол ғой, сол – қара тәнді өлтіретін!..» деп те толғайтын өзекті жанның бірі!
Ал оның азаматтық үні де:
«Мен – мәңгілік таусылмайтын
зарықпын,
Бірақ, көзім – хақ киесі жарықтың,
Сен дегенде, Туған Ел!
Айтқан сөзім самалдан да таза тым,
Даладан да жазуым зор жазатын.
Аспаннан да ойым биік,
Тұңғиық,
Алып жүрем өн бойыма мұң құйып,
Сен дегенде Туған Ел!
Серттессем де нажағайлы нөсермен,
Бүкіл әлем күнәларын кешем мен,
Сен дегенде Туған Ел!
Сен дегенде, ардағым,
инелікпін көтеретін,
Құдайдың да салмағын!»
деп өңгелерден ерек естіледі.
Қу маңдайға небір данышпан ақын-жазушылармен бірге ғұмыр кешуді жазбаған екен. Бірақ Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сияқты сиқырлы сөз иелерімен қатар қалам сілтеу мәртебесі тәлейімізге бұйырып тұр. Ендеше «ол не істеп жатыр, мен не істеп отырмын» деп бір ойланып қоюдың еш әбестігі жоқ деп білдік. Осы көңіл-күйдің әсерімен басқаларға да үлгі болсын деп осы мақаланы жаздық. Әйтпесе қазір өлеңдерінде жын бар, бірақ дым жоқ ақындар екі кештің арасында өріп жүр!
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК