Аймақтар • 25 Маусым, 2021

Бұғытының байлығы ел игілігіне қызмет етуге тиіс

818 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақтың кең даласының асты да, үсті де байлыққа толы. Сол қойнауларда жатқан қазба байлықтарды зерттеп, зерделеп, ел игілігіне асыру бүгінгі күннің басты талаптарының бірі әрі бірегейі. Кезінде Кеңестер Одағы заманында жоғарыға жаутаңдап, өзіміздің жеріміздегі байлықты игеруге рұқсат алудың өзі түйіні қиын мәселе болып саналғанын сол жылдары іс басында жүрген жандар жақсы біледі.

Бұғытының байлығы ел игілігіне қызмет етуге тиіс

Бізде Мен­делеев кестесіндегі эле­мент­тердің бәрін кездестіруге болады. Со­лардың бірі – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элемент болып са­на­латын, аса сирек кездесетін және құн­дылығы жөнінен де басқалардан көш ілгері вольфрам. Вольфрам және онымен бірге жанама жүретін тағы да басқа сирек әрі бағалы металдар: алтын, күміс, мырыш пен тағы басқа да құрамдастардың аса бай қоры орналасқан  Бұғыты таулы аймағындағы кеніш туралы қазір түрлі әңгімелер айтылуда. Бұл кен орнының белгілі болғанына биыл сексен жыл толады. Алғаш тау қойнауында аса сирек кездесетін бағалы металдардың бар екендігі жайлы  1941 жылы анықталып, зерттелген. Ол кездегі Кеңестер Одағы­ның жағдайы тарихтан белгілі. Жаңа кен орындарын игеруді айтпағанда, Батыс­та тұтанған соғыс өрті алапатқа айналып, бүкіл ел Отан қорғау ісіне жұ­мыл­дырыл­ған еді. Одан кейінгі жылдары соғыстан қираған шаруашылықты қалпына келті­ру, тағы басқа да қауырт істер кесірінен Бұғытының байлығы көз­ден  таса, көңілден тысқары қалған.

Бұғыты вольфрам кен орны – Іле Ала­тауының шығыс шетіндегі Үлкен Бұғы­ты тауында орналасқан. 1941 жылы ашылып, барлау жұмыстары 1942-1974 жыл аралығында үздік-создық  жүр­гі­зіл­ген. Бұғыты – Еңбекшіқазақ ауданын­да орналасқан штокверкелік кен орны. Алғаш кен шоғырлары 1941 жылы Алма­ты қаласынан солтүстік-шығыстан 205 шақырым, Шелек қаласынан батысқа 75 шақырым аймақта табылған болатын. Осының алдында айтқанымыздай, біраз жылдарға созылған үзілістен соң  1974 жылы 9 желтоқсанда КСРО Түсті метал­лургия министрлігі мен сол кездегі республикалық Түсті металлургия ми­нис­тр­лігі және тағы басқа да одақтық дең­гейдегі мүдделі органдардың жауапты тұлғаларынан жасақталған мемлекеттік комиссия осы кен орнына байланысты отырыс өткізіп, нақты қорытынды жария­лаған. Сол отырыстың хаттамасында көр­сетілгендей, геологиялық барлау нәти­жесінде Бұғыты кен орнында сирек кез­десетін аса бағалы металдардың бай қоры барлығы, болашағы зор ірі өндірістік нысан бола алатындығы айтылған. Дегенмен не себеп болғанын қазір ешкім айта алмас. Сол отырыстан кейін кен орнына қа­тысты мәселе тағы да жылдар бойы қозғаусыз қалып, соңғы жылдары ғана оны ел игілігіне асыру туралы айтыла бастады. Қазақстан КСРО құрамында болған кезде бұл мәселенің тереңдете зерттеле қоймағаны және игерілмегені бір жағынан дұрыс та шығар. Егер сол кезде игерілсе, одан біздің елдің алар үлесі де болмас еді. Барлығы КСРО атты алып империяның ортақ қазанына құйылары сөзсіз болатын. 

Жалпы, Кеңес Одағы кезінде республика аумағында көптеген кен орындары зерттелген. Сол уақыттағы деректер бойынша, еліміздегі вольфрамның жалпы қоры 2 млн тоннадан асады. Бұғыты кен орны  соның ішіндегі ең ірісі екен. Егер қазіргі шақта қолға алынған жоба жүзеге асса, Қазақстан сирек кездесетін аса бағалы металды өндіру бойынша әлем­дегі екінші орындағы мемлекетке айналады. Бағалы минерал сырт және ТМД елдеріне экспортталады. Бұл кеніште бас­ты өндірістік минерал шеелиттен (вольфрам рудасы) тыс молибден, висмут, бериллий, алтын, күкірт колчаданы және күмістің бай қоры барлығы анықталған. 

Геологиялық ерекшеліктеріне байланысты Бұғыты кен орны ІІ топқа жатады. Яғни бұл – химиялық құрамы күрделі ірі шоғырлар мен кендеудің біркелкі бөлінбеуі деген сөз. Міне, осындай күрделі де қажетті қазбаны отандық «Жетісу Воль­фрамы» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі игеруді қолға алды. Аталған се­ріктестік 2014 жылы құрылып, бағалы металл қазба байлықтарын зерт­теумен айналысып келеді. Мұндай ауқымды ­жо­баны іске асыру сарапшылардың баға­лауы бойынша инвестициялық жобада көзделгендей шамамен 250 млн АҚШ долларын талап етеді.

Вольфрам – ашық сұр түсті, баяу балқитын металл. Вольфрам электр ша­мы­ның қылы, электр пештерінде қыздыр­ғыштар, рентген түтіктерде, катодтар, тағы да басқа электрлік құралдарда электродтар ретінде қолданылады. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, жоғарыда аталған элементтерді өзіміз өндіріп, қолданысқа енгізсек, бір­неше сектор дамитыны шүбәсіз. Жобаға тоқталар болсақ, жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2021-2023 жыл. Жалпы сомасы – шамамен 94,5 млрд теңге. Қайта өңдеуді қоса алғандағы қуаттылығы – жылына 3,3 млн тонна кен. Жобаның негізгі мақсаты – өндірілген кеннен металл бұйымдарын дайындау кезінде оның сапасын арттыратын концентрат әзірлеп, оны одан әрі ішкі және сыртқы нарыққа сатуға шығару. Қазіргі уақытта жобаның І кезеңі орындалуда. Дайындық жұмыстарына жергілікті тұрғындар қатарынан 30 адам және шет­елден шақырылған 2 маман тартылған. Жұмысшылардың айлық жалақысы – 250 мың теңге. Жоба іске асырылғаннан кейін 200-ге жуық жергілікті тұрғындар жұмысқа орналасып, 50 адам  зауытқа қажетті мамандық бойынша оқытылады.

Ерекше атап өтетін нәрсе – кен өн­діру саласында барлау-геологиялық жұмыс­тардың сапалы атқарылуының ма­ңызы аса жоғары. Бұл орайда еліміз үлкен жетіс­тіктерімен мақтана алады. Десек те, кадр мен арнайы осы сала­ның маманы мәселе­сі қол байлап тұр­ғаны жасырын емес. Себе­бі, сирек кез­десетін тау-кен және түрлі метал­лур­гиялық өнеркәсіптің әлемдік деңгейде қарыштап дамуына жерасты барлау жұ­мыстарының жан-жақты зерттелуі және кен байлықтарының мөлшері мен құра­мының тап баса анықталуының орны ерекше. Кен өнімдерін өндіруде еліміз­дің әлемде алдыңғы қатарда болуына, әрине, жоғарыда тілге тиек еткен барлау-гео­логиялық жұмыстарының дәлдігі мен сапалылығы айрықша әсер етеді. 

Кешегі қоғамдық өзгерістер кезінде геологиялық ғылымның да басқа салалар секілді дағдарысқа түсуі орын алғанымен, еліміздің бұл бағыты тоқыраудан тез есін жиғаны мақтанарлық. Жұмыссыздықтан өзге салаға қызмет ауыстырған ғалымдар, талантты ізденушілер қайта өздерінің сүйікті ісіне оралып, ел байлығының қарқынды дамуына өз үлестерін қоса бас­тады. Осы жұмыстар арқылы кен құрамын анықтау мен бағалау жолға қойылса, онан әрі қарайғы тиянақты барлау жұмыстары бірнеше сатыда жалғастырылады.

 

Батыржан БАЙЖҰМАНОВ,

Алматы облысы әкімінің орынбасары