Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақстанның Тәуелсіздігі және рухани-мәдени құндылықтар» тақырыбында өткен халықаралық онлайн ғылыми-практикалық конференцияда мәдени-рухани саладағы қол жеткен жетістіктер мен орын алған олқылықтар жан-жақты талқыланды.
Конференцияға Филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алуа Таңжарықова модераторлық етті. Жиынды ашқан университет ректоры Дархан Білялов күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталды.
Ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүйлейменов Тәуелсіздіктің 30 жылы ел үшін үлкен тарихи кезең болғанын атап көрсетті. «Бірақ бұған дейінгі тарихымыз Ресей империясының солақай саясатына байланысты бұрмаланып келді. Ал өзімізде ол замандарда жылнамашы болмағандықтан, көп нәрсені дәлелдей алмай қалдық. Сондықтан зор мүмкіндік туып тұрған қазіргі таңда тарихымызды түгендеуіміз керек», деді ақын. Сонымен қатар «Семей-Невада» антиядролық қозғалысы арқылы Семей жеріндегі ядролық сынақтар тоқтатылып, полигонның жабылуы да Тәуелсіздік тарихының жарқын беттері екенін айтты.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров Олжас Сүлейменовтің ойларын жалғастыра келе, ел тарихының әлі күнге жалтақтап отырғанына өкініш білдірді. «Өзіміз істеген зор істерді өзіміз айта алмасақ, кім айтады? Қазақ қазақ болғалы мың жылдан асты. Тарихы түзу елдің еңсесі де биік болады», деді ұшқыш.
Сондай-ақ Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов ел Тәуелсіздігі жылдарындағы Қазақстанның халықаралық қатынастардағы табыстары туралы айтты. Ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов отыз жылдағы қазақ әдебиетінің даму тендецияларына тоқталды.
Ауқымды іс-шараға Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, Қ.Тыныстанов атындағы Ыстықкөл мемлекеттік университетінің ректоры Асқар Иманбаев, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының арнайы жобалар қызметінің басшысы Ерсұлтан Бектұрғанов, Моңғолия-Қазақстан достығы және ынтымақтастық одағының төрағасы Бәкей Ағыпарұлы, Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі жанындағы Білім беру орталығының директоры Ким Тэхван, Еуразия экономикалық комиссиясының Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқа мүшесі Тайыр Мансұров, Халықаралық «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысып, Тәуелсіздіктің 30 жылы елдің мәдени-рухани дамуының айтулы кезеңі болғанын атап өтті.