Мағжанның отансүйгіштікке, туған ел мен жерге деген махаббатқа толы өлмес шығармалары тағы бір жаңғырып, оған бір шеті киелі Маңғыстаудың, армандай Алатаудың, самал ескен Сарыарқаның, жер жәннаты Жетісудың, арқыраған Атыраудың, қасиетті Түркістанның, алтын ана Алтайдың, Абай елі Семейдің жастары қатысып, Қызылжар топырағын екі күн бойы дүбірлетті.
Бүгін, яғни 25 маусымда туған күні болатын түркі дүниесі түгел танып, өнері мен өрісіне бас иген Мағжанның туған күні. Аталмыш шара осы күнге орай ұйымдастырылған екен. «Арыстандай айбатты» жастарға сенім артқан арқалы ақын өзін ХХІ ғасырдың жастары осылай құрметтейтінін көрегенділікпен біліп кеткендей, конкурсқа қатысқан жастар ақын өлеңдерін ерекше шабытпен оқыды.
Биылғы конкурс Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және қазақ тілінің мәртебесін арттыруға бағытталғандықтан қатысушылар ақын өлеңдеріндегі нақ осы мәселелердің астарын ақтарып, ақынның азаматтық ұстанымын ашуға тырысты. Сонымен бірге Мағжанның сұлу, сырлы поэзиясының шебер өрнектерін, эстетикалық талғамын жастардың бойына дарыту мақсаты да алға қойылған. Конкурсқа қатысушылар Мағжан өлеңдерін оқудан ғана емес, өздерінің өлеңдерін айтудан, зерттеу жұмыстарын ұсынудан да жарысты.
Облыстық білім басқармасының бастығы Гүлмира Кәрімова бастаған қазылар алқасына үш номинация бойынша жарысқа түскен жастардың жеңімпаздарын анықтау оңай болған жоқ. Түрлі номинациялар бойынша бірінші орынды Атыраулық Бақыт Елеусінов, Нұр-Сұлтандық Әмірлан Ерзатұлы, Солтүстік қазақстандық Данагүл Басыбай иеленді. Ал облыс әкімі тағайындаған бас жүлде атыраулық Нұрай Сейсенбайға бұйырды.
Конкурсқа қатысқандар арасынан арнайы өкілдер Қызылжардағы Мағжан ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.