Қоғам • 25 Маусым, 2021

Биыл Алматыда екі метро бекеті іске қосылады

725 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап бере келе, метро құрылысының қарқыны туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл Алматыда екі метро бекеті іске қосылады

Б. Сағынтаевтың айтуынша, метро құрылысының кідіруіне пандемия ықпал етті, соның салдарынан жұмысшылар мен мамандардың жұмысқа шығуы шектелді және шекара жабық болды.

«Метроның бірінші желісінің екінші кезеңінің екінші іске қосу кешенінің құрамына енетін «Сарыарқа» және «Достық» бекеттері ұзындығы 3,1 км метро желісін қамтитын құрылыс жалғасуда. Қазір мұндағы дайындық 80%-ды құрайды. Жыл соңына дейін трафикті тестілік режимде іске қосу жоспарлануда», деді Б. Сағынтаев.

Бұрын хабарланғандай, 3,1 шақырым метро желісі Абай даңғылы бойымен Алтынсарин даңғылынан батысқа қарай Момышұлы көшесіне өтеді.

Қазіргі кезде бекеттерді ішкі әрлеу, аумақты абаттандыру, сыртқы және ішкі инженерлік желілер мен автоматика жүйелерін жабдықтау, сигнал беру және байланыс, технологиялық жабдықты (тартқыш-төмен түсіретін қосалқы станция, жол қозғалысын басқару жүйесін автоматтандыру, желдету және т.б.) орнату жұмыстары жүруде.

Аталған бекеттерден өзге 2020 жылы ұзындығы 2,5 шақырымға созылған Қалқаман бекеті және жұмыс істейтін тоннельдерді қамтитын Алматыдағы метрополитеннің екінші кезеңінің үшінші іске қосу кешенінің құрылысы басталды, оның құрамына Алматы метрополитенінің екінші кезеңінің Қалқаман бекеті және ұзындығы 2,5 км қума тоннельдер енеді.

Сонымен қатар, қаланың келешектегі дамуын ескере отырып, батыс бағытта халықаралық әуежайға, солтүстік және оңтүстік бағытта метрополитен салу жобалары қарастырылуда.

Бұдан өзге, 8 жаңа электр пойыз составтары сатып алынған. Екі бекет іске қосылса, онда жолаушылар ағыны тәулігіне 86 мың адамға артады деп болжанып отыр.