Коронавирус • 26 Маусым, 2021

Төрт өңір «қызыл аймаққа» қайтып келді

580 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпараты бойынша, Алматы қаласындағы эпидемиялық жағдай жалпы республика бойынша мутацияланған штаммдардың таралуына байланысты күрделі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Төрт өңір «қызыл аймаққа» қайтып келді

Осы жылдың 26 маусымында коронавирустық инфекция ауруы бойынша эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 4 өңір қызыл аймаққа кірді. Олар Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы.

Алматы қаласы бойынша соңғы 5 тәулік ішінде 110 жағдайдан тәулігіне 217 жағдайға дейін өсті.

Соңғы екі аптада бетперде мен қашықтық режимдердің сақталмауы, халықтың вакцинаға қарсылығы салдарынан R санының (жұқтыру көрсеткіші) 0,7-ден 1,197-ге дейін өсуі байқалды. Осы жағдайға байланысты, Алматы қаласының Бас мемлекеттік дәрігерінің шектеу іс-шараларын күшейту туралы қаулысы дайындалды.

COVID-19 ауруының жоғарылауы, жаңа дельта штаммының пайда болуы, инфекцияның жоғары деңгейімен әрі тез таралуымен байланысты.

20 маусымнан бастап зерттеуге жеткізілген 133 сынаманың 125-сі анықталды. Мысалы, 77 сынамада (62%) - британдық штамм, 45-те (36%) үнді штаммы, бұл ретте 44 жағдайда соңғы үш тәулік ішінде, 2-уінде оңтүстік африкалық, 1-уінде нью-йорктік штамм анықталды.

Осыған байланысты, қала тұрғындарына бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтау, халық көп жиналатын орындар мен бұқаралық іс-шараларға барудан бас тарту, сондай-ақ COVID-19-ға қарсы вакцинадан өту қажеттілігі тағы да ескертіледі.