Оқиға • 26 Маусым, 2021

ҰҚШҰ елдерінен 5 тоннадан астам есірткі тәркіленді

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдерден есірткіге қарсы операция барысында 5 тоннадан астам есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҰҚШҰ елдерінен 5 тоннадан астам есірткі тәркіленді

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер арасында өткен «Канал – Гранитный бастион» деп аталған операция барысында құзырлы органдардың көмегімен 5 036,6 келі есірткі тәркіленді.

ҰҚШҰ-ның баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдиновтің айтуынша, субаймақтық есірткіге қарсы операция 21-25 маусым аралығында өтті. Оның мақсаты – ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұйымға мүше елдерде жаңа психоактивті заттар, апиын мен басқа да есірткі түрлерінің таралуын болдырмау мақсатында өзара тығыз байланыста жұмыс істеу.

Операцияны өткізу бойынша халықаралық үйлестіру штабы Тәжікстан астанасы Душанбеде орналасты. Аталған іс-шараға ҰҚШҰ-ға мүше елдердің құқық қорғау, шекара қорғау, кеден құрылымдары, қауіпсіздік қызметтері мен мемлекеттік қаржыны барлау бөлімшелері қатысты.

Айтулы шараға 14 300-ден астам құзырлы орган қызметкерлері тартылды. Тәркіленген есірткілердің ішінде 4,8 келі апиын, 11 келіден астам гашиш, 3,5 келіден астам героин, 5 тоннадан астам марихуана және 17 келіден астам синтетикалық есірткі болды.

Сондай-ақ, 543 есірткі қылмысы, сонымен қатар 3 есірткі сатудан түсетін табысты заңдастыру фактісі анықталды. Олар есірткіден түскен 3,43 млн рубль табысты заңдастырғысы келген. Нәтижесінде 379 адам жауапқа тартылып, 83 қару мен 1 276 оқ-дәрі тәркіленді.

Сонымен қатар, есірткіге қарсы операцияның өту барысын бірнеше халықаралық ұйымдар бақылады.