Оқиға • 27 Маусым, 2021

Ақтоты Райымқұлова «Ұлы Дала Таңы» фильмінің түсірілім алаңына барды

598 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған делегация Алматы облысы Қапшағай қаласының маңында орналасқан «Ұлы Дала Таңы» фильмінің түсірілім алаңына барып қайтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтоты Райымқұлова «Ұлы Дала Таңы» фильмінің түсірілім алаңына барды

«Ұлы Дала Таңы» тарихи фильмі Қасым ханның өмірі, хандық билігі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі туралы баяндайды. Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп жатыр.

Министрдің жұмыс сапарына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де қосылып, тарихи фильмінің түсіру барысына ортақтасты.

Түсірілім алаңында журналистер шығармашылық топтың күрделі сахналардың бірі – Ұлытаудағы шайқастың түсірілімін тамашалап, үзілісте режиссер Ақан Сатаевпен және басты рөлдегі актер Берік Айтжановпен сұхбаттасты.

Түсірілімдер ойдағыдай жүріп жатыр, жұмыстың жартысы аяқталды. Бүгін түсірілімнің 41-ші күні, біз шешуші әрі қиын сахналардың бірін түсіреміз. Түсірілімге 300-ге жуық адам қатысады – 56 каскадер, 200-ден астам шабандоз бар. Түсіру жұмыстары жоспар бойынша жалғасып жатыр, – деді Ақан Сатаев.

Сондай-ақ, режиссер шілде айының басында Алматы облысы Кеген ауылының маңында Қасым хан ауылының көшін түсіретінін, ал кейін түсіру жұмыстары Іле өзенінің бойында осы фильмге бейімделген «Түркістан» декорациясында жалғасатынын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, «Ұлы Дала Таңы» фильмінің түсірілімі биыл ақпан айының соңында Алматы облысы Көктал кентінің маңында басталды. Жобаның Бас продюсері – Әлия Назарбаева, сценарий авторлары – Бекболат Шекеров пен Ақан Сатаев, қоюшы суретші – Қуат Тлеубаев; қоюшы операторы – Хасан Қыдыралиев, грим бойынша суретшілер – Лидия Ордынская, Ботагөз Әбдібаева, костюм бойынша суретші – Дина Буксикова.

Тарихи жобаның ғылыми кеңесшілігіне тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, философия және сәулет өнері докторы Алмас Ордабаев, суретші-кескіндемеші, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф-қару жасаушы Қалиолла Ахметжан тартылған.

Фильмдегі басты рөлдерді Берік Айтжанов (ересек Қасым хан), Данияр Оразаев (жас Қасым хан), Айдос Әбдіқадыров (жас Бұрындық хан), Ерік Жолжақсынов (ересек Бұрындық хан), Нұрлан Әлімжанов (Мұхаммед Шайбани), Алтынай Нөгербек (жас Жахан Бегім), Шамшагүл Меңдиярова (қарт Жахан Бегім), Тұңғышбай Жаманқұлов (ересек Әли Рашид), Қуаныш Құдайберген (жас Әли Рашид) сынды актерлар сомдап жатыр.