Парламент • 27 Маусым, 2021

Мәулен Әшімбаев Валентина Матвиенкомен кездесті

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы елімізге ресми сапармен келген Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев Валентина Матвиенкомен кездесті

Кездесуді ашқан М.Әшімбаев елдер арасындағы қарым-қатынас толығымен ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың қағидаларына сәйкес дамып келе жатқанын атап өтті.

«Өткен жылдар ішінде елдер арасында стратегиялық серіктестіктің берік іргетасы қаланды. Бұған, ең алдымен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің жеке достық және өзара сенімге негізделген қатынасы зор ықпалын тигізді. Мемлекетаралық байланысты нығайтуға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та баса мән беріп келеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат ғимаратында өткен кездесуде сұхбаттасушылар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қатысты маңызды мәселелерді кеңінен талқылады.

Өз сөзінде Валентина Матвиенко екі ел арасында парламентаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанына назар аударды.

«Елдеріміздің парламентаралық ынтымақтастығын нығайтуға баса мән беріп келеміз. Оған халықаралық парламенттік алаңдарда, оның ішінде Парламентаралық ассамблеялардағы өзара тиімді іс-қимылымыз дәлел. Осы ретте Қазақстан делегациясының Парламентаралық ассамблеялар құрамындағы тиімді жұмысын ерекше атап өткен жөн.Қазақстандық сарапшылар модельдік заң жобаларын әзірлеуге, мониторинг миссиясына және ТМД Парламентаралық ассамблеясы комиссиясының жұмысына белсенді қатысып келеді», деді Валентина Матвиенко.

Сонымен қатар іс-шара барысында Қазақстан мен Ресейдің көпжоспарлы қарым-қатынасын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың маңызды екені айтылды. Одан бөлек, тараптар пандемиямен күрес кезінде екі елде қабылданған шараларға тоқталып өтті. Сондай-ақ, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және тағы басқа салалар бойынша байланысты арттыру мәселелері сөз болды.

Кездесуде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне ерекше екпін берілді. Мәулен Әшімбаев экология, цифрлық даму, ғылым және тағы басқа бағыттар бойынша бірлескен шараларды талқылау және іске асыру үшін Палаталар арасындағы өзара іс-қимылды арттыруды ұсынды.

«Біз парламентаралық ынтымақтастығымызды нақты істер арқылы дамытуға дайынбыз. Сапар аясында көтерілетін мәселелердің бәрі екі елдің байланысын арттыру үшін аса маңызды», деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан Сенаты агроөнеркәсіп кешенін өркендетуді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесінде де тәжірибе алмасуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, еліміздің экономикалық дамуында агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті зор. Сондықтан қазақстандық сенаторлар бұл салаға басымдық беріп отыр.

Сондай-ақ, Сенат Спикері білім және ғылым саласын жетілдіруді заңнамалық қолдауда бірлесіп жұмыс істеудің өзара тиімді екенін тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда ғылым экономикалық өсіммен мемлекет дамуының негізгі факторларының біріне айналып отыр. Ғылыми зерттеулердің қолданбалы нәтижесін арттыру маңызды міндет болып саналады. Соған байланысты Қазақстан Сенаты «Ғылым» туралы заңға өзгерістер енгізу және нормаларды жетілдіру үшін жұмыс жүргізуде. Осы мәселеде салалық комитет депутаттарының ресейлік әріптестерімен өзара тәжірибе алмасуының маңызы зор», деді М.Әшімбаев.

Сенат Төрағасы осы мақсатпен тиісті комитеттердің бірлескен онлайн-отырыстарын ұйымдастыруды және сараптамалық-талдамалық салада тәжірибе алмасуды жүйелі жолға қоюдың берері мол екенін де атап өтті.

Айта кетейік, ертең Ресей депутаттарының ресми сапары аясында Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералды Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 16-отырысы өтеді деп жоспарланып отыр.