Пікір • 27 Маусым, 2021

Қалам мұқалмасын, сөз сүрінбесін!

768 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаһанда соғыссыз өткен 26-ақ күн бар деп жүрміз ғой. Оның өзі күмәнді. Сол жиырма алты күніңізде қарулы қақтығыстар болмаса болмаған да шығар, алайда «ақпарат майданын» ешкім ауыздықтай алған жоқ.

Қалам мұқалмасын, сөз сүрінбесін!

Оқ орнына сөз атылған мылтықсыз майдан әлі де жүріп жатыр. Бүгінде сол майданның шебінде, керек десеңіз ұлттық қауіпсіздіктің шекарасында тұрған «әскери бөлімшелердің» – ақпарат құралдарының саны елімізде төрт жарым мыңнан асып отыр. Олардың қаруы – қалам, жауынгері – журналист.

Қоғамның тыныс-тіршілігін, тамырын тап басып айту үшін де табандылық керек. Табандылық болмаған жерде талап та болмайды. Талап болмайтын болса, ақиқат та айтылмайды. Сол табандылықты адамзат баласы алдымен журналистің өзінен, содан кейін барып оның айтқан әрбір сөзінен іздейді. «Дәрігер адамды емдесе, мал дәрігері бү­кіл адамзатты емдейтіні» се­кілді, ақпарат құралдары қоғам­ды рухани қораштықтан, әділет­сіздіктен тазартады. Бұрын солай болған, бүгін де солай, ертең де солай бола бермек. Журналистің міндеті – шындық іздеп шырылдау, ақиқат іздеп аласұру.

«Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның уысында». Алайда аттандап алға ұмтылғанның бә­рін ар-ұжданның, ақиқаттың ауыр жүгін арқалап жүр дегенге ауыз бармайды. «Тіл – тас жа­рады, тас жармаса, бас жарады». Ең алдымен, бұқаралық ақ­парат құралдары – билік пен бұ­қара арасындағы алтын көпір. Ұлт ұстазы Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) бір сөзінде «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген еді. «Көз» көріп, «құлақ» естіп, «тіл» сөйлеп тұр. Оған құлақ асатын билік те бар. Бұл үрдіс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына» орай тіпті күшейе түскендей.

Мәселен, 2019 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде «Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қа­шанғы әуреге түсіреді?» деген тақырыппен тұрғындардың жанайқайы жазылған мақала жарық көрген еді. Президент баспасөз бетінде жарық көрген осы мәселені өз бақылауына алып, сол жылы 19 қыркүйекте Twitter-дегі жеке парақшасында «Egemen Qazaqstan» газеті ШҚО Күршім ауданының 20 мыңнан астам тұрғынын толғандырған өзекті мәселені көтерді. Халық 50 жыл бұрын салынған ескі пароммен қатынап жүр. Үкі­метке ШҚО әкімдігімен бірге Бұқ­тырма суқоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарас­тыруды тапсырамын», деп нақты тапсырма жүктеді.

Биыл 27 мамырда Мемлекет басшысының қабылдауында болған Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Даниал Ахметов Президентке ең алдымен осы Бұқтырма суқоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы бо­йын­ша берілген тапсырманың орын­далуы жөнінде баяндады. Осы­лайша, күні кеше Қазақ­стандағы ең ұзын көпірдің құ­рылысы басталды. Келешекте Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын қос жолақты көпірдің жалпы ұзындығы 1,3 шақырымнан асады деп жос­парлануда. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын 2024 жылға дейін аяқтауы тиіс.

Бұл – баспасөз бетінде кө­теріліп, Мемлекет басшы­сының назарына алынған жалғыз мәселе емес. Сол 2019 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде Қызылорда облысының Арал ауданында қарасты Сексеуіл кентіндегі бі­лім ошағына қатысты тағы бір өзек­ті мақала жарық көрді. Осы мәселені де Қасым-Жомарт Кемелұлы өз бақылауына алып, 2019 жылы 11 желтоқсанда Twitter-де «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Темір жолды жаға­лап топ бала жүр» атты мақа­ла­дан Сексеуіл кентінде 360 бала күнделікті мектепке бару үшін 13 рельсті кесіп өтетінін оқы­дым. Бұл – өте өзекті мәселе. Оны шешу үшін Үкімет нақты ша­ралар қабылдауы қажет», деп бұған жауапты құзырлы орган­дардың алдына маңызды міндет қойды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы жерде қалмағанын осы өңірдің тұрғындары жақсы біледі. Кешікпей Сексеуіл кен­тінде 300 балаға арналған мектеп құрылысы қолға алынып, жаңа мектеп бой көтерді. Мектептен бөлек, осы өңірде тозығы жеткен аурухананың бары да ескеріліп, оның да құрылысы қолға алынды. Міне, билік пен халық ара­сындағы алтын көпір осындай болуы тиіс. Есесіне, игілігін – ел көреді. Күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелердің түйіні тар­­қап жатса, бұқараның бұйым­тайын бұқпантайламай бүк­песіз жеткізетін табанының бүрі, жү­ре­гінің түгі бар журналис­тер­дің еңбегінің жемісі бұл.

Француз жазушысы Оноре де Бальзактың сөзімен айтсақ, бүгін сол «төртінші биліктің» төл мейрамы. Журналистер қауымының кәсіби мерекесі. Алғашында БАҚ өкілдері бұл атаулы датаны «Түркістан уәлаяты» газетінің алғашқы саны жарық көрген 10 мамырда мерекелеп келген еді. Кейін кәсіби мереке БАҚ туралы қазақстандық алғашқы заң шыққан 1997 жылғы 28 маусымға ауыстырылды. 2011 жылы қа­занда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын мақұлдап, 28 маусым Байланыс және ақпарат құралдары қыз­меткерлері күні болып бекі­тілген болатын. Ал 2019 жылы 24 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де «Үкі­метке арнайы қаулымен Қазақ­стан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма бердім. Бұл БАҚ-тың қоғам­дағы маңызды рөлін айқын­дайтын әділ шешім болмақ», деп журналистердің кәсіби мерекесі тағы бір айқындалды.

Биылғы БАҚ қызметкерлері кәсіби мерекесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында аталып өтіп жатыр. Осы жылдар аралығында отандық журналистердің қата­ры қалыңдады, ақпарат құрал­дарының саны көбейді. «Ел Тә­уелсіздігінің 30 жылы ішін­де мемлекетімізбен бірге – отан­дық медиа саласы да жа­ңа­ру, даму кезеңінен өтті. Тәуел­сіз­дік­тің алғашқы жылдары елі­міз­де тек 407 ақпарат құралы соның ішінде 2 телеарна ғана бол­са, қазір олардың саны төрт жарым мыңнан асады», дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева. Ведом­ство басшысының айтуынша, жалпы ел аумағында бүгінде 181 телеарна, 79 радио, 790 ақпа­­раттық агенттік бар екен. Бар болсын, көп болсын дейік. Ақпарат құралы көп болса ең алдымен – елге сеп. Қоғамдық бақылаудың қуаты артады, «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру үдерісі жеделдейді деген сөз.

Айтпақшы, журналистің «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» (Шерхан Мұрта­за). Жантақ жедік екен деп жаңа­лықтан жаңылып, ақпараттан қағылып, жанталаспай жүрген журналист бар ма осы? Жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, журналистер «ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүр». Қалам мұқалмасын, сөз сүрінбесін!