![Жарқын жылдар шежіресі](/media/2021/06/27/5323f6b1-78c8-4de1-9aeb-1b1df4f5d3ab.jpeg)
Сартап болған сағым жылдар суреті көкірегіңнен өшпейді екен. Көңіліңнің бір бұрышында бұйығып жатады. Төл мереке қарсаңында тұс-тұстан андыздап, бас көтеріп ойға оралып қояды. Сондай бір оқиғаның жадыма оралып тұрғаны. Сонау 1980 жылдардың басы. Берекелі қоңыр күз. Алқабында ақық дән тербелген Арқа төсін жиын-терін дүбірлетіп тұр. Ел егін орағына кіріскен. Ырзықты шашпай-төкпей жинап алуға жұмылған жұрттың ішіндегі ісі өнік, еңбегімен өзгеге үлгі боларлық дала ерлерінің берекелі болмысын көрсетпек болып Көкшетау облысының Зеренді ауданына қарасты «Ленин жолы» кеңшарына іссапармен бара қалдық. Кеңшардың партия ұйымының хатшысы Амангелді Ақынов шаруа жайын тыңдап алған соң ағайынды механизаторлар Матағаровтар әулетін ұсынды. Бір әулеттен құралған тұтас звено. Бәрі сайдың тасындай іріктелген, алдынан жұмыс үркіп отыратын майталман механизаторлар. Хатшының жөн сілтеуімен бірлігі бекем, берекесі мол звено мүшелерінің қажырлы еңбегін суретке түсіріп алдым. Келесі күні «Правда» газетінде жарқ ете түсті. Кейін Амангелді Ақыновтың жыр қылып айтқаны бар. Газет жарық көрген күні суретке көзі түскен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оразбек Қуанышев кеңшарға өзі барып, звено мүшелерінің еселі еңбегіне алғыс айтып, суреттері шыққан газетті тапсырыпты. Мерейім өсіп қалды. Шынтуайтында бұл менің ғана мерейім емес, баспасөздің мерейі еді. Осы оқиға жадыма оралған сайын баспасөздің құдіреті керемет еді-ау деген бір ой көңілді меңдейтіні бар.
Газет бетіне бір суретің, жалғыз ауыз сөзің басылса, төбең көкке жеткендей қуанатын балаң сезім баураған 1967 жылдары Қарағанды облысының бұрынғы Жезді ауданының «Октябрь туы» газетіне жұмысқа орналастым. Қолымнан жетектеп әкеліп, сиқырлы әлемнің табалдырығын аттатқан қазақ журналистикасының ірі өкілі – Көбейсін Еңсебаев еді. Әттең, бір әулеттің жалғызы болғандықтан, артына қарайлап, алысқа ұзап шыға алмады. Әйтпесе қаламы жүйрік, кісілігі мол Көбейсін аға кез келген басылымның бағын жандырып, бағасын арттыратын қаламгер. Сол кісі маған: «Советжан, суретіңе мәтін жазасың, шекесіне жолын, бөлімін көрсетесің» деп тәптіштеп түсіндіретін. Әлі есімде, ол кезде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті аптасына алты рет шығады. Аудандық газетте жұмыс істеп жүрген кезімде ел өмірінен шағын хабарлар, суреттемелер, очерктер жазып тұрдым. Әлбетте, кейіпкерлерімнің суретін өзім түсіремін.
Шынайы маман болу үшін талапқа қоса берік білім қажет. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің күндізгі бөлімінде оқып, білім алуға ұмтылдым. Ол кездегі тәртіп бойынша жоғары оқу орнының іріктеуінен өту үшін басылымдарда жарияланған материалдарың болуы қажет. «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Ұзақ Бағаевтың берген мінездемесі әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Мінездемеде былай деп жазылған: «Социалистік Қазақстан» газетінің штаттан тыс тілшісі Совет Мағзұмов жолдас 1968 жылдан бастап үзбей жазып келеді. Ол бұл уақыт ішінде қысқа хабардан бастап очеркке дейін жазды. Атап айтқанда, «Шабытты шахтерлер», «Алғысқа бөленген адам» атты очерктері мен басқа материалдары жарық көрді. Қарағанды облысының көптеген еңбек озаттарын түсірген бірнеше суреті де басылды».
Талапкер үшін таудай баға. «Социалистік Қазақстан» газетінің кеңсе меңгерушісі Мағзұм Көшеков мінездеме жазып берді. Осы арада есімде қалған бір жай, хатқа басылған мөрдің жартылай ғана түскені. Жан жадыратар жылы сөзі де жадымда.
– Баламсың ғой, алдыңнан жарқын жол ашыла берсін, – деп жалма-жан мөрді екінші рет басқан.
Осылайша, жақсы мен жайсаңның ақ батасы қолдап, жолым болды. Қазір ойлаймын, оқуға түскенде ғана емес, жалпы, журналистика саласында да. Білім алып жүрген кезде де республикада қазақ тілінде шығатын барлық басылымда суреттерім жарияланып тұрды. Екінші курста оқып жүргенімде республикалық «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Энгельс Чи-ко-ванның әдейі іздеп келгені бар. Тырнақалды туындыларыммен танысқан атақты фототілші фото өнерінің қыр-сырын ұғындырды. 1970 жылы халықаралық байқауға Кеңес Одағының атынан қатысып, бас бәйгені ұтып алған аса дарынды суретші мен құмартқан өлкенің өзіндік сырын көкірегіме құйып берді десем де болар. Тіпті тамақ алып беріп, қамқорлығын көрсетіп отырып, қандай сурет түсіруім керектігі туралы тапсырмалар беретін. Тапсырмаларын мұқият орындайтынмын. Объективіме ілінген суреттер газет бетінде шығып жататын. Энгельс Чи-ко-ван республикалық «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, белгілі ақын Фариза Оңғарсыноваға қолымнан жетектеп әкеліп, табыс етті. Бас редактор Энгельс таныстырғаннан кейін бе екен, бірауыз сөз айтпастан жұмысқа қабылдады. Өмірдегі бір бақытым, жақсы мен жайсаңға жолығып, жолым болып тұрды.
Төртінші курста оқып жүрген кезімде республикаға есімі белгілі қарымды қаламгер Сапар Байжанов «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке алды. Университетті бітіргенше қазақ журналистикасының майталмандарымен бірге жұмыс істедім.
Тағы бір көңіл тоғайтар дүнием, ұзақ жылғы жұмыс барысында қарапайым еңбек адамдарымен бірге бірнеше мемлекет басшыларын суретке түсірген екенмін. Тұтас бір дәуірдің жылнамасын жасадым десем де болады. Жан аямай, уақытпен санаспай істеген ісімнің нәтижесі болғандығына шүкіршілік деймін.
Бір кезде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің басшыларынан оқуға түсуге жолдама алғандықтан, бүгінгі ел газеті – «Егемен Қазақстан» мен үшін өте ыстық. Шыға бастағанына жүз жыл толуына орай өткізілген мерейлі мереке барысында мерекелік медальмен марапаттады. Ең бастысы, ұзақ жылдарға созылған әріптестіктің үзілмеуі.
Советбек МАҒЗҰМОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі