![Медианарықтың мүмкіндігі мол](/media/2021/06/28/crop-53_10_331x441_unnamed-1.jpg)
Қазір бүкіл әлемде, барлық салада бәсеке жүріп жатыр. Ғарышқа ұшу ғана емес, оны игеру жолдары, экономиканы жасанды интеллект көмегімен дамыту ашық әрі кеңінен талқыланып келеді. Әйтсе де, адам санасының өзгеруі көкейкесті әрі басымдық беретін мәселе болып қала бермек. Сондықтан ғылымның соңғы жетістіктері, білімнің озық түрлері, жаңғыру мұратына сай мамандықтар мен кәсіптер жаңа көзқарас қалыптастыруға, ой-өрісті кеңейтуге, адам өмірінің сапасын арттыруға бағытталған.
Соның ішінде заманауи журналистика индустриясы өнімдері үлкен маңызға ие болып отыр. Тіпті «медиабизнес», «медиаресурс», «баспасөз холдингі», «медиа орталық», «контент» сияқты әлемдік ұғымдар бізге етене жақын болып кетті. Оның үстіне, бүгінде бәсекені белсендіретін отандық, дүниежүзілік ақпараттық кеңістік бар. БАҚ-тың бәрімізге үйреншікті үлгілерімен қатар түрлі ақпарат агенттіктері, арналары, ғаламдық интернет желілері насихатпен, саяси үгітпен, ағартушылық қызметпен шектелмейді, одан да ауқымды мақсатты – адамзаттық, ұлттық, қоғамдық сананы өзгертуге атсалысып, әлеуметпен шұғыл байланыс орнатуды көздейді. Көбінесе, қалың бұқараның әлеуметтік жағынан қорғалуын алға тартып, қалқан болуға тырысады. Сонысымен қоғамға пайдалы қызметі ерекшелене түседі.
Мұндай міндетті орындаудың түрлі пәрменді тәсілдері бар. Дамыған елдер оларды білдіртпей алатын күшке («мягкие силы») жатқызады. Оларды қолдануда аянып қалмайды, қыруар қаржы жұмсайды. Сайып келгенде, бұл – геосаяси жағдайға ықпал ету деген сөз.
Біздіңше, елдің тұрақты дамуын сипаттайтын одан да маңызды бір мәселе бар. Ол – қоғамдағы ұлттық салт-дәстүр мен адамгершілік қағидаларын, ар-ождан құндылықтарын сақтап қалу болса керек. Оның тиімді тетіктерін іске қосуда БАҚ саласы үлкен рөл атқаратыны ақиқат. Мұнсыз сөз бостандығын елестету де қиын. Журналистік этикаға жүгінбеушілік, жауапсыздық, желілерде жалған ақпараттың таралуына жол беру аталған саланың дамуына, бәсекеге қабілетінің артуына кедергі жасайтынын естен шығармаған жөн.
Жалпы, медианарық нағыз кәсіби мамандарға сұраныстан қалыптасады. Олардың кәсіби шеберлігін, шығармашылық әлеуетін толық пайдалануға жол ашады. Сонда әрбір журналистің еңбегі бүгінгіден әлдеқайда әділ, лайықты бағаланып, БАҚ-тың сапасы жаңа деңгейге көтерілмек.
Шыны керек, нарықтық қатынастарды батыл енгізуге құрылтайшылар да, меншік иелері де, кәсіби қызметкерлер де мүдделі болуға тиіс. Сонда ғана бұл саланың бағы жанады. Ал уақыт талабына сай өзгерген БАҚ-ты қалың оқырман мен көрерменнің өздері-ақ тез тауып алады.
Дархан МЫҢБАЙ,
2012-2013 жылдардағы Мәдениет және ақпарат министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі