Қоғам • 28 Маусым, 2021

«Бай, қуатты болайық!»

1568 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1952 жылдың ерте көктемі болатын. Баяу сырғып жатқан керуен күндердің бі­рінде керегеде ілулі тұрған тымақ бүлк етіп, екі ай бойы үнсіз жатқан шақа­лақ тура тоғыз айға тол­ған күні шар ете қалады.

«Бай, қуатты болайық!»

Үйдегілердің қолындағы шай ішіп отырған кеселері түсіп-түсіп кетеді. Мұны қазақ нысана дер еді. Сол шар еткен күнінен бастап, өмірінің соңына дейін ұлтының жоғын жоқтап, шырылдап өткен сол сәби – «Алаш баласы бай, қуатты болса екен!» деп шын тіле­ген Нұртілеу Иманғалиұлы болатын. Шындықты шыңғыртып, ақи­қатты ашық айтатын қазақ теле­журналистикасының мэтрі Нұр­тілеу Иманғалиұлы осылай өмірге келіпті.

Өзінің саналы ғұмырын ел игі­лігіне экран арқылы арнаған теле­визия тарланын бар қазақ жақсы көрді. Тіпті ел оның өзін көр­месе де, дауысын жазбай таныр еді. Тележурналистиканың тұтас мек­тебіне айналған тұлғаны ел ешқашан ұмытпақ емес.

Жалпы журналистиканың ішінде репортажды жауынгер жанр десек, сол саланы ақсатпай алып жүрген бірден-бір тұлға Нұртілеу Иманғалиұлы болатын. Заманында Қарабақтың қақ ортасында тұрып, тікелей эфирде хабар таратып, оқ пен оттың ортасында жүріп материал әзірлеген де осы есім еді.

Кәсібін кәнігі өнер деп баға­лай­тын адам ғана мұрат мінберін бағындырады. Ол қарапайым ғана қалпымен жұртшылықтың жүрек төріне көтерілді. Экранның ар жа­ғында отырып-ақ елмен емен-жарқын мәслихат құрды. Мик­ро­фонымен-ақ мәселенің шешілу жолына төте тартатын. Нық жүретін, нығарлап сөйлейтін.

Қазақ телевизиясының Джен­тельмені, сұрақ қоюдың да сұң­ғыласы деген сипаттамалары тағы бар. Ол қазақ жігіті қандай болу керектігін құр сөзбен емес, сымбатты да сырбаз, күмістен тартқан сымдай тіп-тік тұлғасымен, еңселі де еркін шалқақ кеудесімен үлгі етіп көрсететін. Оның көкейіндегі көрікті ойлар көпшіліктің жүрек сөзіндей болатын.

«Бай, қуатты болайық!». Жа­­ды­­­мызда жатталып қалған, ел есін­дегі есті осы сөздің иесі бүгін­де ортамыз­да жоқ. Өкінішті, әри­не... Бірақ соңына үлкен мектеп қал­дыр­­ған тұлға тұғыры ешқашан ала­сармақ емес.