Қоғам • 28 Маусым, 2021

Мінезді редактор еді

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаламды – қару, сөзді – серт деп ұғатын журналистер қазір сирек. Бұқаралық ақпарат құралын төртінші билік десек, сол үлкен беделдің құнын құлатпай жүру үшін де терең парасат-пайым, жазуға деген аса зор махаббат пен ыждаһат керек.

Мінезді редактор еді

Әрине, мұндай межеден жур­налистиканың кешегі классикалық мек­тебінен өткен, жазу-сызудың мехнатын азап деп емес, өнер дәреже­сінде бағалайтын өрелі жандар ғана көрінеді. Саналы ғұмыры­ның барын сарғайған газет бет­теріне сарп еткен сондай тұлған­ың бірі – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жур­налистер одағы сыйлығының лау­реаты Маға­уия Сембай еді. Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетін ширек ғасырға жуық басқарған білікті басшы, талапшыл редактор, бас басылым «Ege­men Qazaqstan» газетінде де же­місті қызмет еткен публицист Ма­ғауия Сламбекұлының жалпы қазақ баспасөзінің көшін алға ұза­туда еңбегі ерен десек қателеспеген болар едік.
Кешегі қазақ журналис­ти­ка­сы­ның корифейі, намыстың нар­кескені атанған Нұрмахан Ораз­бе­ковтің алдын көрген, тәлімін алған журналист-қаламгер Мағауия өзі де кейін ағалар салған сара жолды дара даңғылға айналдыра білді. Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған қиын-қыстау кездің өзінде «Тамыз бүлігін» тайсақтамай бірінші басқан «Ortalyq Qazaqstan» газетінің беделі ел ішінде әрқашан биік. «Егеменнен» кейінгі екінші газет» деген бейресми атағы бар ақиқаттың алдаспаны Мағауия Сембай басқарған тұста да тұғырынан төмендемеді. Баспасөз баһадүрлерін баптауда оның ерекше ұстаздығы өз алдына жеке тағылым. Жалпы, оның редакторлығы тек мансап маңайында ғана емес, мінез мінберінде де көрініп тұратын.
Биыл аталған облыстық газеттің торқалы тоқсан жылдық тойы. Шіркін, Мағауия Сембай бұл қы­зық­ты көре алай өмірден озды... Әри­не, өкінішті, бірақ соңында шәкі­рт­тері бар ұстаздың «аты да, хаты да» ешқашан өлмек емес.