28 Маусым, 2021

300-ден астам генерал тәрбиелеген оқу орны

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2011 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҰҚК Шекара академиясы деген жоғары атақ берілген шекарашылардың альма-матері тағы бір салтанатты рәсімді басынан кешіргелі тұр.

300-ден астам генерал тәрбиелеген оқу орны

Екі жүзден аса жас түлектің салтанатты шеруі орталық алаңға келіп тоқтаған соң рәсім де басталды. Айтпақшы, бүгінгі шараны республика жұртшылығы онлайн режимде тамашалады. Сондай-ақ өмірге жолдама алуға дайын лейтенанттар өздерінің аруларымен бірге ортаға шығып, дөңгелене билеп, білім ордасының мақтаныштары – қоян-қолтық жекпе-жегінің шеберлері өнер көрсетті.

Рәсімнің негізгі бөлімін ашқан ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Д.Ділманов жас лейтенанттарды алда күтіп тұрған шекараның өмірі ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруді талап ететінін, бұл үшін табандылық пен шыдамдылық, Отанымызға деген шексіз сүйіспеншілік және патриоттық рух қажет екенін айтты.

Биыл шекарашылардың оқу ордасын 200-ден аса лейтенант бітіріп отыр. Олардың ішінен 20 шақты түлек академияны қызыл дипломға аяқтады. Сондай-ақ жас офицерлердің ішінен спортта жоғары нәтиже көрсеткені үшін «спорт шеберлігіне үміткер» атағына, түрлі разрядтарға қол жеткізген 23 спортшы шықты. 

Осыдан кейін академияның Жауынгерлік Туымен қоштасу үшін мінбердің алдына лейтенант Темірлан Байгелді шақырылды. Сөйтіп, лейтенанттар үшін жан тебірентерлік сәт те туды. Тылсым тыныштық орнады. Жауынгерлік Туды сүюшінің әрбір қимылын соғылған барабанның «бұйрығы» арқылы бірдей әрі мүлтіксіз қайталаған лейтенанттар бастарындағы жасыл күнқағарларын қолдарына алып, өздеріне төрт жыл бойы білім беріп, шекарашылық шеберліктерін шыңдап шығарған академияның алдында соңғы мәрте тізе бүкті.

Айта кетейік, ҰҚК Шекара академиясы биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтпек. Ғасырға жуық уақыттың ішінде осы жоғары оқу орнының 300-ден астам түлегі генерал деген жоғары әскери шенге ие болды. Отан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлігі мен қайсарлығы үшін 40-тан астам шекарашы офицер Кеңестер Одағының Батыры атанды.

 

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА.

ҰҚК Шекара қызметінің  запастағы подполковнигі