Аймақтар • 28 Маусым, 2021

Нұр-Сұлтандағы «Рамада плаза» қонақ үйі қайтадан ауруханаға айналды

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Рамада плаза» қайтадан коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұр-Сұлтандағы «Рамада плаза» қонақ үйі қайтадан ауруханаға айналды

«Бүгінгі күні инфекциялық аурудың қайтадан өскенін байқап отырмыз. 28 маусымда таңғы уақыт бойынша инфекциялық стационарларда 1 403 пациент жатыр. Оның ішінде КВИ-ге шалдыққандар саны – 1256 адам, пневмониямен – 147. Осылайша жүктеме 70 пайызды құрап отыр», деді басқарма басшысы Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, қалада стационарлардың төсек-орын қуаты 2 026 орынды құрайды. Оның 2 001-і инфекциялық, 25-і карантиндік төсек-орын саналады. Қазіргі уақытта КВИ күресуге 14 стационар, оның ішінде 13-і инфекциялық, 1-уі карантиндік стационар жұмылдырылған.

«Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы ковидті стационар, кейін карантиндік стационар ретінде ашылған, инфекциялық стационарға қайта бейімделген бұрынғы «Рамада плаза» қонақ үйін жапқан болатынбыз. Қазір жағдайды ескере отырып, бізге сол жерде қайтадан 500 орынды инфекциялық төсектер орналастыруға тура келіп отыр. Осылайша, «Рамада плаза» қайтадан коронавирустық инфекцияға шалдыққан пациентерді қабылдайтын болады», деді ол.