Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бейнеконференция форматында өткен кездесу қатысушыларына қазіргі жағдай мен қос ел арасындағы өткізу пункттерін жаңарту жоспарлары туралы айтты.
Сонымен, Қазақстан-Ресей шекарасында күн сайын 10 мыңнан астам көлік құралы өтетін 30 автомобильдік өткізу бекеті бар, ал жолаушылар ағыны 28 мың адамды құрайды. Тығыздық проблемасын шешу үшін 27 өткізу бекетін реконструкциялау қажет.
Биыл министрлік бірінші кезекте тұрған 6 өткізу пунктісін реконструкциялау бойынша жобаларды әзірлеуді бастады. Олар: Сырым, Тасқала, Қосақ, Үрлітөбе, Жаңа жол және Әлімбет өткізу пункттері.
Қалған өткізу бекеттерін 2025 жылдың соңына дейін кезең-кезеңмен реконструкциялау жоспарланған.
Реконструкциялау аумақтарды ұлғайтуды, қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды модернизациялауды, заманауи стационарлық инспекциялық-тексермелеу кешендерін сатып алуды, төлқұжаттық тексеру аймағын ұлғайтуды және автокөлік құралдарына арналған ағындарды бөле отырып, қозғалыс жолақтарының санын арттыруды көздейді.
Реконструкциядан кейін көліктерді өткізу қабілеттілігі 2 есеге, ал жолаушылар ағыны 4 есеге артады.