Лицензия беру үшін компаниялардың акционерлері мен менеджментіне, оның ішінде жеткілікті біліктілігінің болуына және соттылығының болмауына қатаң талаптар қойылмақ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазіргі кезде 3 659 микронесие ұйымы: 1 761 ломбард, 1 222 несие серіктестігі, 676 микроқаржы ұйымы, оның ішінде 7 онлайн-кредиттеу компаниясы таратылғалы жатыр.
«Микрокредиттеудің шектен тыс өсуін шектеу және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлемелері және борыш жүктемесінің коэффициенті енгізілді, микроқаржы ұйымдары капиталының ең төмен мөлшері бойынша пруденциялық стандарттар көтерілді. Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін капиталдардың ең төмен мәндерін 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен микроқаржы ұйымы үшін 30 млн теңгеден 100 млн теңгеге дейін, несие серіктестіктері үшін 10 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін, ломбардтар үшін 10 млн теңгеден 70 млн теңгеге дейін көтеру көзделеді. Бұл ретте жаңадан құрылатын ұйымдар жарғылық және меншікті капиталды көтерілген ең төмен мәндер деңгейінде қалыптастыруға тиіс» делінген агенттік хабарламасында.
Кәсіпкерлерге микронесие беруді арттыру үшін шалғай аудандарда «Бастау Бизнес» жобасының түлектерін несиелеу белсенді жүргізілмек. Ол үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бас болуымен 15 жаңа микроқаржы ұйымы құрылған.
Сондай-ақ микроқаржы нарығы субъектілерінің айқындылығы мен тәртібін арттыру, микроқаржы ұйымдары үшін талаптарды қатаңдату және қосымша шектеулер енгізу үшін 2021 жылғы мамырда банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу туралы заң күшіне енгені белгілі. Заң аясында мерзімі өткен берешек мәселесі қарастырылып, проблемалық берешекті реттеудің барлық процесі екі есе – 180 күннен 90 күнге дейін қысқарады. Сонымен қатар заңда жарнаманы тарату және орналастыру кезінде микроқаржы ұйымының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) көрсетуі де міндеттелген. Бұл тұтынушыларға бастапқы кезеңде алған қарыздарды ескере отырып, өз мүмкіндіктерін объективті бағалауға және болашақта қарыздарды өтеу кезінде қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар микрокредит беру шартының мазмұнына, ресімделуіне және міндетті шарттарына қойылатын талаптар белгіленген.
«Микрокредиттерді қашықтан беру форматын тарату жағдайында интернет-алаяқтық фактілері байқалды. Жалған кредиттер алу үшін азаматтардың жеке деректерін заңсыз алумен байланысты қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл үшін агенттік клиенттерді идентификаттау талаптарын күшейтті. Ол үшін биыл 30 сәуірде агенттік электронды тәсілмен микрокредиттер беру кезінде клиенттерді идентификаттаудың барлық микроқаржы ұйымдары үшін міндетті жаңа тәртібін қабылдады. Жаңа талаптарға сәйкес енді клиентті сәйкестендіру үшін үш тәсілдің бірін пайдалану көзделген: ұлттық куәландырушы орталық ұсынған электронды цифрлық қолтаңба, Ұлттық банктің БЕАО СДАО қызметтерін пайдалану арқылы биометриялық идентификаттау немесе екі факторлы бірдейлендіру. Клиентке идентификаттау жүргізбей микрокредиттер беруге тыйым салынады» делінген хабарламада.
Алдағы уақытта алаяқтардың жалған несие рәсімдеп жіберуінің алдын алу мақсатында агенттік құқық қорғау органдарымен бірлесе әрекет етуге мүдделі болып отыр.