Экономика • 29 Маусым, 2021

Көлік сатылымы көбейді

383 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар жаңа көліктерді белсенді түрде сатып ала бастаған. Арнайы ресми деректер осыны растайды. Статистикаға сүйенер болсақ, мамыр айында сатылған жаңа автокөліктер саны осымен екінші ай қатарынан 10 мың бірліктен асып түскен.

Көлік сатылымы көбейді

Қазақстан Автобизнес қа­уым­дастығының дерегі бойын­ша отандық диллерлер мамыр айында 9 402 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника сатқан. Сонымен қатар 695 жүк көлігі, арнайы техникалар және автобустар сатылған. Бұл 2020 жылдың мамыр айымен салыстырғанда 39,2 пайызға көп екен.
Жалпы, жыл басынан бері ел тұрғындары 44 369 жа­ңа ав­то­көлік, автобус және жүк кө­­ліктерін тақымға бас­қан. Бұ­лар­дың жиынтық өсімі был­тырмен салыстырар бол­сақ 68,8 пайызға жоға­ры. Қауымдастық сарап­шы­ла­рының айтуынша, қатаң лок­даун мен карантин шек­теу­ле­рінің болмауы ав­то­көлік са­ты­лымына серпін бе­ріп отыр. Алайда жаз­­дың соңғы ай­­ларында жағ­дай басқаша, яғни сатылым деңгейі төмен­деуі де ық­тимал.
Өткен айда ең көп сатылған көліктердің ондығына қандай маркалар кіреді? Бірінші орында – Chevrolet. Мамыр айында бұл марканың 2 791 бірлік сатылса, Hyundai-дың 1 644 бірлігі тұтынушылар қолына жеткен. Үштікті 1 398 дана сатылыммен Toyota түйіндейді. Одан кейінгі орында Kia (1030 дана) мен Lada (702 дана) тұр. Сонымен бірге Volkswagen (465), Renault (310), Nissan (274) және Lexus (149) маркаларына қызығушылық та­нытушылар да артып келеді. Он­дықты 135 дана сатылыммен қытайлық JAC маркасы қоры­тындылап тұр.
Қауымдастық мамыр айында қазақстандықтардың ықыласына ерекше бөленген көлік модельдері туралы да ақпараттарды жария еткен. Оған сүйенсек, алғашқы үштікте Chevrolet Nexia (1522), Chevrolet Cobalt (1015) және Hyundai Accent (747) бар. Бұл кө­лік­тердің жеңілдетілген және қарапайым несиелеу бағдар­ла­малары арқылы берілуі де көлік са­тылымын арттыра түсуге сеп­тігін тигізгені анық. Ең көп саудаға шығарылған модельдер ондығында Kia Rio (617), Toyota Camry (584), Toyota RAV4 (425), Volkswagen Polo (362), Hyundai Santa Fe (304), Hyundai Creta (295), Lada Largus та (285) бар.
Жақын уақытта елімізде тағы бір модель танымалдылыққа ие болуы мүмкін. Биыл 25 ма­мыр­дан бастап елімізде жаңа Chevrolet Equinox кроссоверінің са­тылымы басталды. Жаңа модель Қостанай қаласындағы «СарыарқаАвтоПромда» құрас­тырылмақ. Chevrolet Equinox отан­­дық нарықта үш түспен – ақ, қара және сұр түсте ұсынылмақ. Бағасы – 13 млн 490 мың теңге. Жоғарыдағы рейтингтің өзі ай­тып тұрғандай соңғы жылдары ел арасында Chevrolet мар­касы­ның танымалдылығы еселеп артты. Осы күнге дейін Chevrolet пен Ravon-ның 19 045 данасы құрастырылған.
Соңғы бес жылда жалпы сомасы 140 млрд теңгеге 27 мың ав­токөлік жеңілдетілген несие ар­қылы сатылыпты.