Бұл мәліметті Facebook-те жазған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Елбасы бастамасымен қолға алынған «Серпін» бағдарламасын сәтті жоба ретінде атап өтті.
Әкімнің айтуынша, 7 жылда өңірге оңтүстік облыстардан 2 мыңнан аса қыз-жігіт келді. Олар жатақханамен қамтамасыз етілді, тегін әрі сапалы білім алуда. Бүгінде мыңға жуық жас диплом алды. Серпіндіктерді еңбекпен қамту үшін көмек көрсетіледі. Университет түлектерінің 92%-ы облыста қалып, жұмысқа тұрды. Мысалы, осы жылдың түлектері өңірде жаңа ашылып жатқан кәсіпорындарға жұмысқа орналасуда. Жаңа электртехникалық зауытына 31 серпіндік жұмысқа алынды. Төрт түлек CLAAS ауыл шаруашылығы техникасы зауытына қабылданды. Түлектер ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, білім беру, темір жол салаларының дамуына өз үлестерін қосуда.
Серпіндіктердің облыста қалып, елге қызмет етуіне бар жағдай жасалуда. «Серпін» түлектері солтүстікте шаңырақ көтеріп, отбасы құрып жатыр. Жас отбасыларда 10 кішкентай азамат дүниеге келді.
«Егемен-ақпарат»