Қазіргі таңда Қарақия кәсіптік колледжінің оқытушылық құрамы өздерінің оқу-тәрбие жұмыстарында Елбасы мақаласын зерттеп-зерделеуге айрықша назар аударып, кең көлемде ізденіс жұмыстарын жүргізу үстінде. Осы күнге дейін оқу орнында ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында өткен ауқымды іс-шаралар – соның дәлелі. Атап айтсақ, аталған бағыт бойынша дөңгелек үстелдер өткізіліп, ғылыми жобаларды қолға алу мақсатында өлкемізде орналасқан Шопан ата, Бекет ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Масат ата киелі орындарына колледж әкімшілігінің мұрындық болуымен саяхаттар ұйымдастырылды, ата-баба дәстүрін насихаттау, ұрпақ бойына ұлттық менталитетті сіңіру, болашақ ата-аналардың бойына ұлттық қасиеттерді дарыту ісінде жаңа қарқын пайда болды.
Ұлттық құндылықтар, яғни ана тіліміз, әдеби, мәдени мұраларымыз – ата-бабамыздан мирас болып қалған қасиетті жәдігерлеріміз. Асыл мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – өз ұлтын ұлықтаған әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осы мақсатпен колледжіміздің студенттері мен Құрық ауылының аға буын ардагерлерінің, құрметті еңбек демалысындағы ұлағатты ұстаздарының кездесулері үнемі өткізіліп келеді.
Қазіргі дамыған, жаңа заманда өмір сүріп жатқан біз, қоғам мүшелері отбасы құндылықтарын ұрпағымызға толыққанды жеткізіп келе жатырмыз ба, қазіргі отбасы қандай, қазақ шаңырағында ұлттық салтымыз, дәстүріміз, ұлы бабаларымыз салып кеткен сара жол жалғасып келе ме және отбасындағы ұл мен қызға беріліп жатқан әке мен ананың тәрбиесінің маңыздылығы қандай деген сауалдарға жауабымызды алып, көзімізді жеткізу мақсатында колледж ата-аналарына «Отбасы – тәрбие іргетасы», «Отбасы – адамзат бесігі тербеткен ұя», «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» тақырыптарында сұхбаттар жүргізілді.
ТШО компаниясы «Қоғамдық кеңестер» жобасы бойынша ұлттық құндылықтарды дәріптеу жөніндегі «Ұлы даланың рухы» жобасымен жеңімпаз атанып, ол ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлт тұтастығы мен ұрпақтар сабақтастығы, ел мүддесі мен ұлттық құндылықтар мәнін тереңдете түсу мақсатында ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық жәдігерлері» тақырыбында колледжіміздің оқытушылары мен қызметкерлері 50 бейнеролик дайындап, білім алушы жастарға ұлттық тәлім-тәрбие беруде. Бұл бейнероликтерде ата-бабаларымыз қолданған көне жәдігерлер, ертеден жалғасып келе жатқан қолөнер бұйымдарын дайындау шеберліктері, салт-дәстүрлерді дәріптеу, ұлттық тағам түрлері туралы мағлұматтар беріледі. Осы бейнероликтер топтамасы колледжіміздің 3-қабатында арнайы бұрыш ретінде орнатылып, студенттерімізге, мектеп оқушыларына тұрақты көрсетілуде.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер азаматтардың тұлғалық әлеуметтенуіне ерекше ықпал етеді. Әлеуметтендіру үдерісі барысында білім беру технологиялары, әдіс-тәсілдері қолданылатындығын ескере отырып, жоғарыда баяндалған ауқымды жұмыстар туралы мәліметтер колледжіміздің инстаграмм, фейсбуктегі парақшаларында жарияланып, аталған желілер қолданушыларына түсініктер беріліп отырады.
Сонымен қатар, дала өркениетінің мәдени мұрасы, ескерткіштері бүгінде оқу орнының ауласына және Тұңғыш Президент паркіне орнатылды. Тарихи таңбалар шағын көркем мүсіндерге айналып, көне тарихты ұмыт қалдырмай, көрушілер санасын селт еткізерліктей ерекше сүйіспеншілікпен жасалған. Олар – «Найза», «Садақ», «Қазан», «Қобыз», «Асық», «Құмыра», «Домбыра», «Дулыға», «Көкбөрі», «Бүркіт». Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда.
Қорыта айтқанда, Ұлы даланың ұлттық құндылықтарын қазақ мәдениетінің негізгі қайнар көздері деп білеміз. Оларды жас ұрпақтың сана-сезімі мен тәрбиесіне сіңірудегі педагогикалық ұжымның еңбегі өлшеусіз.
Далабай БЕКМАҒАМБЕТОВ,
Қарақия кәсіптік колледжінің директоры
Маңғыстау облысы