Руханият • 29 Маусым, 2021

«Қараңғы түнде тау қалғып...» әнін неміске жеткізген кім?

880 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қо­рын­да Абай тұтынған заттар, қолжазбалар, суреттер, сол за­ман­нан көрініс беретін құнды жәдігерлер орын алғаны белгілі. Со­­ны­мен қатар Елбасынан, Абай ұрпақтарынан және басқа да музей жанашырынан келген сыйлар музей төрінде тұр.

«Қараңғы түнде тау қалғып...» әнін неміске жеткізген кім?

Белгілі жазушы, драматург, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабаев Абай мен Гете арасындағы рухани байланыс­ты тереңнен зерттеп, хакімнің шы­ғармаларын неміс халқына жет­кізгендігін біреу білсе, біреу біл­мейді. Ал Гете музейінен жә­ді­гер­лер алып келгенін естіп пе едіңіз?

Қалмұқан Исабаев Павлодар облысы­ның Баянауыл өңірінде туған. 1943 жылдың қаңтарында 10-сыныпта оқып жүргенде Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, сұрапыл соғысты бастан кешеді.

Түрікменстанның Карке қала­сында 1195-атқыштар полкінің взвод командирі қызметінде жүр­ген уақытында, 1948 жылдың қа­занында Германиядағы 20-ме­ха­никаландырылған полктің взвод командирін ауыстыруға бұй­рық келіп, «Бұл қызметке бір қазақ керек болған екен, ол таң­дауға мен іліккен болсам, ше­гінерге не бар» деген оймен сол жаққа аттанады.

Гететанушылардың айғақ­та­­уынша, Абай тәржімалаған «Қа­раңғы түнде тау қалғып...» өлеңінің неміс тіліндегі түп­нұс­қасын, яғни «Түнгі кез­бенің әнін» ұлы ақын сол күні кеш­те мұнартқан Тюрингия қы­раттарына қарап тұрып, есікке жазыпты. Музейдегі Гете «Түнгі кез­бенің әнін» алғаш жазған есік тарихи мүлік саналады.

Ильменау жерінде алғаш Гете музейіне барғанда Абай аудармасын тасқа жазып, салтанатты есік жанына қағуды армандап кеткен жазушы Қалмұқан Исабаевтың белсенді қызметінің арқасын­да, Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі қашалған мәрмәр тақта 1979 жылы 22 шіл­деде Қазақстаннан Габельбах музейіне жеткізіліп, салтанатты жағдайда аталмыш есіктің жанына орнатылды. Сол уақыттан бастап музейге келген шетелдік қонақтарды Абай әнімен қарсы алу дәстүрге айналған. 1980 жы­лы Қ.Исабаев Гете музейіне өзі салған Абайдың бейнесін, «Қараңғы түнде тау қал­ғып» әні­нің ноталық жазбасын, арнайы әзірленген домбыраны сый­ға тартады. Домбыраның сын­байтын шынымен қапталған бө­лігі астында неміс және орыс тіл­де­рінде: «Гетенің Азиядағы тұң­­ғыш аудармашысы – ақын, әрі ком­позитор Абай осы аспапта ойнап, «Түнгі кезбенің әніне» ән шы­ғарған» деген жазу бар. Өз кезе­гінде Гете музейі мен неміс­тің классикалық әдеби мұрасын жинап, зерттейтін Ұлт институты қызметкерлері Семейдегі Абайдың әдеби-ме­мо­риалдық му­зейіне Гетенің порт­ретін сыйға тартқан.

Сонымен қатар Абай му­зе­­йі­не натуралист, геологияға қы­зы­ғушылық танытып, минералдар жинаған Гетенің кол­лекция­сынан Қалмұқан Исабаев ақынның жеке заты ретінде сақ­талған жапырақ бедері түс­кен тас әкелген. Ильменау қала­сының құ­рылғанына 700 жыл то­луына орай ақ керамикадан жа­салған таңбасын сыйға тартқан. Со­ны­мен қатар, Гете суретін, қол­жаз­баларының көшірмесін, буклеттерді, неміс тілінде «Қараңғы түнде тау қал­ғып» әні жазылған магнитофон жазбасын және мерейтойлық медальдарын да тапсырған.

 

Арай Талғатқызы,

Абай музейінің баспасөз қызметкері

Шығыс Қазақстан облысы