Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейтжанов пен азаматтығы жоқ мәселелер жөніндегі өңірлік кеңесші, БҰҰ БЖКБ Орталық Азия бойынша өкілдігі Роман Марин ауқымды акцияның алғашқы қорытындысы жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Акция нәтижесінде құжатсыз жүргендердің көбі, негізінен, Алматы, Қарағанды, Түркістан, Ақмола және Жамбыл облыстарында анықталған. ІІМ өкілінің хабарлауынша, науқан кезінде осы азаматтардың 3408-не жеке басын куәландыратын куәлік берілсе, қазіргі таңда 1278 тұрғынға қатысты құжаттандыру мәселесі аяқталып қалды.
Баспасөз мәслихатында Көші-қон қызметі комитетінің өкілі құжатсыз жүргендерге жеке куәлікті қалай алуға болатындығы туралы ақпаратты бөлісті. «Азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және құжаттандыру науқаны қазір де жалғасып жатыр. Акция аясында мүлдем құжатсыз жүрген азаматтар өздерінің құқықтық мәртебесін анықтау және жеке басын куәландыратын құжат алу үшін жергілікті көші-қон қызметі бөлімшелеріне жүгіне алады», деп атап өтті спикер.
«Өмірдегі түрлі жағдайға байланысты адамдар құжатсыз қалуы мүмкін. Алайда қандай жағдайда болсын кез келген адамның жеке куәлігі болуы қажет. Онсыз ешқандай әлеуметтік көмек, жәрдемақы ала алмайды, тіпті жұмысқа да тұра алмайды. Құжатсыз адам не істеу керек? Еліміздің барлық аймағында Көші-қон комитетінің бөлімшелері бар. Алдымен сол жерге барып, азамат өзінің құжатсыз жүргенін айту керек. Сол жердегі мамандар ол азаматтың мәртебесін анықтап, уақытша құжат бере алады. Кейіннен бұл азаматқа қатысты толық жағдай анықталып, оның неліктен құжатсыз жүргені анықталған соң ресми түрде Қазақстанның азаматы екенін дәлелдейтін жеке куәлік беріледі», деді ол.
Ал «Елімізде жеке куәлігі жоқ азаматтар коронавирус індетіне қарсы вакцина салдыра ала ма?» деген сұраққа С.Сейітжанов жеке куәліксіз вакцина алу мүмкін емес екенін де айтып өтті. «Вакцина алған кезде азаматқа қатысты жеке мәлімет базаға енгізіледі. Сондықтан да кез келген адамның жеке сәйкестендіру нөмірі болуы шарт. Ал ЖСН-сіз, жеке куәліксіз вакцина алу мүмкін емес. Яғни ол вакцина алған азаматтардың есебіне кірмейді. Сондықтан да азамат, ең алдымен, жеке құжатын реттегені дұрыс», деп түсіндірді ол.
Естеріңізге сала кетейік, жеке құжатсыз жүрген азаматтарды анықтауды мақсат тұтқан кең ауқымды акция ел аумағында 2020 жылдың қазан айынан бастап ұйымдастырылып келеді. Іс-шараға ұйытқы болғандар – ІІМ, үкіметтік емес ұйымдар, Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро және «Сезім – әйелдер бастамасы» құқық орталығы.
Елімізде 4686 адам осы уақытқа дейін құжатсыз өмір сүріп келсе, тағы 2 мыңға жуығы КСРО-ның бұрынғы қызыл төлқұжатын ұстап жүрген. Бұл деректер республика көлемінде өткізілген құқықтық мәртебесі реттелмеген, жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын адамдарды анықтау және оларды құжаттандыру науқаны кезінде белгілі болып отыр.
Астанада перинаталдық орталық салынады
Медицина • Бүгін, 13:40
Сенат Төрағасы Палатаның жылдық жұмысын қорытындылады
Сенат • Бүгін, 13:18
Үкімет басшысы Астанадағы Әзербайжан елшілігіне барды
Үкімет • Бүгін, 12:50
ШҚО-да әкімдік балалар үйінің түлегін баспанадан айырған
Оқиға • Бүгін, 12:47
Олжас Бектенов авиациялық қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды
Қоғам • Бүгін, 12:33
Ақтау маңында құлаған ұшақтың қара жәшігі табылды
Оқиға • Бүгін, 12:18