Коронавирус • 30 Маусым, 2021

Әскерде ұжымдық иммунитет қалыптастырылды

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінің аппарат кеңесінде Қарулы Күштерге жаңа әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешенін жеткізу жоспарланғаны жөнінде айтылды.

Әскерде ұжымдық иммунитет қалыптастырылды

Әскери оқу орындарын біті­ру рәсімдеріне байланысты, шіл­деде жас офицерлер мен сер­жант­тар әскерде қызмет атқару­ға барады. Қолбасшыларға олар­­дың қызметтік міндеттерге бейім­делуін және әлеуметтік мәсе­лелерін шешуді қарастыруға нұсқау берілді.
Қарулы Күштерде COVID-19-ға ұжымдық иммунитет қа­лыптасқанын ескере отырып, жауынгерлік даярлық шарала­ры толық деңгейде өткізілуі тиіс. Бас әскери-медициналық бас­қарманың бастығы жеке құрамның 82 пайызы екпенің екі компонентін алғанын баяндады. Сонымен қатар әлеуметтік қашықтық пен бетперде режімін сақтау өзекті күйінде қалып отыр.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты өңірлер әкімдіктерінің алдын алу шараларына Қарулы Күш­терді қатыстыру мәселесін қарауды тапсырды. Атап айт­қанда, бұл объектілерді дезин­фек­циялауға, әскери-далалық госпитальдерді ашуға, азамат­тарға көмек көрсету үшін медицина топтарын құруға қатысты.
Кеңесте әскерді қайта жарақ­тандыру барысы қаралды. Бү­гінде әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс құралдары – басты назарда. 2019-2020 жылдары Қазақстан әскерінің қарулануына Ресейдің «Бук» зениттік-зымыран кешен­дері, Беларусьтің «Роса» радио­локациялық станциялары (РЛС), сондай-ақ еліміздің әуе шептерін қорғауда тұрған отандық «Нұр» РЛС-тары жеткізілді.
Жуырда заманауи «Тор-М2К» зениттік-зымыран кешен­дерін жеткізу жоспарлану­да. «Тор-М2К» кез келген үл­гі­дегі ұшақтар мен тікұшақ­тар­ды, соның ішінде «көрін­бей­­тін» технологиямен жа­сал­ған тікұшақтарды және ұш­қышсыз ұшу аппаратта­рын, жоғары дәлдіктегі қару­ды, радио­лока­цияға қарсы және қа­натты зымырандарды, басқарылатын авиа­циялық бомбаларды анық­тап, жоюға қабілетті.
Қазіргі уақытта уәкілетті орган – Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігі жеткізушімен шарттар жасасу үстінде. Қорғаныс министрлігі аталған кешенді әзірлеген зауытта отандық ӘШҚҚ әскерлерінің мамандарын оқытуды жоспарлап отыр.

«Егемен-ақпарат»