27 маусымдағы мәлімет бойынша өңірде 28 адам індет жұқтырған. Келесі күні 17 жағдай тіркелді. Жыл басынан бері облыста 3 707 тұрғынның бойынан дерт белгісі байқалған. Әрине, олардың дені емделіп шықты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жангелді Шайымбетовтің қатысуымен брифинг өтіп, өңірдегі вакциналау жұмыстарының барысы жайлы айтылды.
– Соңғы күндері індет жұқтырғандар саны көбейіп, облыс «сары аймаққа» өтті. Осыған байланысты сақтық шараларын күшейте түсеміз. Бұл ретте тұрғындардың да өз саулығына салғырт қарамай, белгіленген шектеулер талаптарын сақтағаны жөн. Ауруды азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 60%-ы вакциналаудан өтуі қажет. Жағдайды барынша тез тұрақтандырудың жалғыз жолы – осы, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Өңірде 106 екпе кабинеті жасақталған. Сонымен қатар адамдар көп жиналатын жерлерде 37 жылжымалы пункт тұрақты жұмыс істеп тұр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жангелді Шайымбетов 1 ақпаннан бастап инфекцияға қарсы вакциналау үшін
331 920 доза жеткізілгенін атап өтті. Қазір облыстағы 20 медициналық мекемеде егу таңертеңгі 8.00-ден түнгі 00.00-ге дейін үзіліссіз жүргізіледі. Аймақта вак-
цинаның бірінші компонентін
143 949 адам алса, екінші бөлігін 77 109 тұрғын салдырған.
Облыс бойынша инфекциялық стационарда 225 науқас, реанимациялық төсектік орында 24 адам ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер бойынан дерт байқалғандарды белгіленген тәртіппен емдеуде. Ауруханада орын жетпей қалады деген қауіп жоқ.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың айтуынша, жыл басынан бері мониторингтік топтар рейдтік тексеріс жүргізіп, карантин талаптарын бұзудың 335 дерегін анықтаған. Шектеу талаптарын сақтамайтындар қатарында халыққа қызмет көрсету нысандары басым. Арнайы топ өкілдері көп адамның қатысуымен үй жағдайында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар саны да азаймай тұрғанын айтады.
Ауырып ем іздегеннен, ауырмаудың жолын іздеген жеңіл екенін әлі де түсінбей келеміз-ау.
Қызылорда