Спорт • 30 Маусым, 2021

Еуродода әлем чемпиондарынсыз жалғасады

312 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Футболдан Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіндегі бәсекелер жанкүйерлерге күн сайын сенсациялар сыйлауда. 1/8 финалдың дүйсенбі күнгі ойындарында Хорватия мен Испания құрамалары кездесіп, Луис Энрикенің командасы қосымша таймда ширек финалға жолдама алды. Ал екінші матчта Швейцария құрамасы осы турнирдің басты фавориті саналған Франция құрамасынан басым түсіп, ширек финал жолдамасын қалтаға басты. Аталған екі матчта жанкүйерлер 14 голдың куәсі болды.

Еуродода әлем чемпиондарынсыз жалғасады

Хорватия – Испания – 3:5
Бірсыдырғы өтіп жатқан матчтың ажарын алғаш болып Испания қақпашысы Унаи Симон кіргізді. Алаң ортасынан қорғаушы Педридің берген екпінді пасын дұрыс тоқтата алмаған 24 жастағы қақпашы Хорватия құрамасының есепте алға шығуына жағдай жасап берді. Артынша УЕФА голды Педридің еншісіне жазды. Қалай болғанда да бұл – автогол. Әрі бұл – биылғы чемпионатта тіркеліп отырған тоғызыншы автогол.
Есепте басымдыққа ие болған соң хорваттар белсене қимылдап, таблодағы көрсеткішті арттыра түсуге тырысқан. Алайда ойынның 38-минутында Пабло Сарабия гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Үзіліске құрамалар осындай тең жағдайда аттанды.
Екінші таймда Испания құрамасы өзгерді. Топтық кезеңдегі сүреңсіз құрама кейпінен арылып, белсендірек қимылдауға көшті. 57-минутта Сесар Аспиликуэта турнирдегі алғашқы голын соғып, командасын алға шығарды. «Челси» қорғаушысының жолын жас шабуылшы Ферран Торрес сәтті жалғастырды. Торрес 76-минутта Хорватия қақпасынан саңылау тауып, матч нүктесін қойғандай болған. Дегенмен Златко Далич командасының соңына дейін ойнайтынын жанкүйерлер жақсы біледі. «Шақпақ жейделілер» бұл ойында да сол мінезінен таймады. Симон қақпасы маңындағы қарбалас сәтінде Мислав Оршич капитан Модричтен келген пасты теуіп үлгерді. Қарбалас сәтте Симон допты қайтарғандай болған еді, бірақ сәл кідіріс жасаған бас төреші Жүнейт Чакыр «Атлетик Бильбао» қақпашысы допты сызықтың ішінен қайтарғанын айтып, голды есепке алды. Сөйтіп, есеп айырмасы қысқарды. Әйткенмен, бұл біз көретін спектакльдің соңы емес екен. Екінші таймға қосылған қосымша минут түгесілер тұста сол қапталдан әуелете асырған Оршичтің пасына бірінші жеткен Марио Пашалич есепті теңестіріп кетті. Сөйтіп, екі команда айқасты овертаймда жалғастырды.
10 минуты кем ширек финалда тұрған Испания осылайша қосымша екі тайм ойнауға мәжбүр болды. Бірақ экстра-таймда «Қызыл фурия» футболшылары Хорватия қақпасын екі мәрте дәл көздеп, бәрібір бұйырып тұрған ¼ кезең жолда­масын иеленді. 100-минутта Альваро Мората есепті 3:4-ке жеткізсе, ізінше Микель Оярсабаль Испанияның бесінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды. Әрі қарай Хорватия құрамасы еш шара істей алған жоқ. Испания ширек финалға үлкен қиындықпен жолдама алды.

Франция – Швейцария – 3:3
Копенгагенде өткен Испания – Хорватия арасындағы ойынның жеңімпазы қосымша минутта анықталса, Бухаресттегі Франция – Швейцария кездесуінің негізгі және экстра-таймы 3:3 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз команда ойын соңындағы пенальти сериясында белгілі болды. Бұл сында швейцариялықтар 2018 жылғы әлем чемпиондарынан 5:4 есебімен басым түсті.
Еуропа чемпионаты басталғанға дейін барлық футбол мамандары Франция осы біріншіліктің айқын фавориті екенін қайталай беруден еш жалыққан жоқ. Өйт­кені «Үш жолақты елдің» футболшылары – осыдан үш жыл бұрынғы әлем чемпио­натының жеңімпазы. Сондай-ақ Франция биылғы Еуропа чемпионатына дәл сол Ресей төріндегі доп додасында жасындай жарқылдаған әлемдік деңгейдегі жұлдыз футболшыларымен келді. Үш жылдың ішінде Мбаппе жас жағынан да, ойын шебер­лігі жағынан да өсті, Канте манса­бындағы тағы бір үздік маусымын өткізді, Погба да үлкен азамат болып, дұрыс ойын көрсете бастады. Бензема да ұлттық құрамаға қайта оралды деген сияқты.
Топтық кезеңнен кейін Франция құра­масының бас бапкері Дидье Дешам шәкірттерінің өз өздеріне деген сенім­ділігі жоғарылағанын атап өткен еді. Себебі француздар Португалия, Гер­мания және Мажарстаннан құралған «өлім» тобында бірінші орынмен келесі ке­зеңге өткен болатын. Ал топтық ойында Түркияның өте сенімсіз ойындарының арқасында үшінші орын алып, әрең дегенде плей-оффқа шыққан Швейцария 1/8 финалда француздарға қиындық туды­рады дегенге ешкім сене қойған жоқ еді.
Бухарестте өткен кездесудің есебін бірінші болып Швейцария құрамасы ашты. 15-минутта Стивен Цуберден тамаша пас алған Харис Сеферович мергендік танытып, Уго Льористі қапы қалдырды. Бірінші таймның қалған бөлігі тең жағдайда өтті. Алғашқы 45-минутта Франция футболшылары Швейцария қақпасына 7 соққы жасағанымен, оның бірде-біреуі қақпаға дәл бағытталған жоқ.
Екінші таймның басында Швейцария есептегі басымдықты еселейтін мүмкіндікті мүлт жіберді. Рикардо Родриго 11 метрлік айып добын соға алмады. Ал 57 және 59-минуттарда дубль авторы атанған Кәрім Бензема ойын тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып жібергендей еді. 75-минутта Поль Погбаның айып алаңының сыртынан соққан ғажайып голынан кейін ешкім де Францияның жеңісіне күмән келтірмеген болатын. Алайда бұл жақта да тура Хорватия-Испания матчының жағдайы қайталанды. 81-минутта Харис Сеферович екінші голын соқса, 90-минутта Марио Гавранович Франция қақпасынан саңылау тауып, таразы басын теңестіріп кетті.
Қосымша таймда бір-бірінің қақпа­сына гол соға алмаған соң құрамалар өзара жеңімпазды анықтау үшін пеналь­ти сериясына жүгінді. Ал бұл сында швей­цариялықтардың жолы болды. Шешуші соққыны орындауға шыққан Килиан Мбаппе Швейцария қақпашысы Янн Зоммерді қапы қалдыра алмады. Осылайша, Франция құрамасы сенсациялы жағдайда турнирді аяқтап, еліне жүлдесіз қайтуға мәжбүр болды. Ал Швейцария құрамасы ширек финалда Испанияға қарсылас атанды. Ойын 2 шілде күні Санкт-Петербургте өтеді.
Міне, біз, жанкүйерлер Еуропа чемпионатын бес жыл асыға күткеннен кейін дәл осындай ойындарды көруге әбден лайық болдық және футболшылар біз қалағандай, біз күткендей матчтарды ұсынуда.