Спорт • 30 Маусым, 2021

«Тобыл» мен «Қайрат» тең түсті

337 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екі күнге жалғасқан футболдан Қазақстан чемпио­натының 18-тур ойындары өз мәресіне жетті. Екінші жарыс күніндегі бәсекелер Қостанай, Атырау, Орал және Ақтау қалаларында ойналды.

«Тобыл» мен «Қайрат» тең түсті

Турдың орталық ойы­ны турнир кестесінде үз­дік үштіктің қатарында келе жатқан Қостанайдың «То­бы­лы» мен Алматының «Қай­­раты» арасында өтті. Үш ұпай үшін жан алысып, жан бе­ріскен бәсекеде команда­лар­дың күштері тең болды. Қоста­найдағы Орталық стадионда ұйымдастырылған кездесуде командалар төрт гол соғып, матч 2:2 есебімен аяқталды.
18-турдың бір күн бұ­рын­ғы ойынында «Аста­наның» сырт алаңда «Қызыл­жар­дан» жеңіліп, үш ұпайдан қа­ғыл­ғаны «Тобылға» да, «Қай­рат­қа» да тиімді болды және бұл екі командаға да қосымша мо­тивация сыйлады. Өйткені бұл кездесуде «Тобыл» же­ңіске жететін болса, турнир кес­тесінде «Астанадан» үш ұпайға, «Қайраттан» сегіз ұпай­ға алыстап, чемпионатта жеке-дара көш бастайтын еді. Ал оңтүстікастаналық ұжым үш ұпайға иелік етсе, онда ара­дағы ұпай санын екеуге дейін қысқартып, турнир кесте­сіндегі жағдайды одан әрі шие­леністіріп жіберетін еді. Бұл, әрине, ең бірінші қазақстандық футбол жанкүйерлеріне тиімді-тін. Себебі қалған турларда көшбасшы командалар мей­лінше ұпайдан шашау шығар­май, жинақы және жанкүйер­лерге ұнайтын тартысты ойын көрсетеді. Егер жанкүйер­лерде матчтың сценарийін жа­зуға, алдын ала жоспарлауға мүм­кіндік болғанда, кешегі «Тобыл» мен «Қайрат» арасын­дағы ойынның шарықтау шегі турнир кестесінің шие­ле­нісуімен аяқталар еді.
Дегенмен, бұл кездесу «Ас­тана» футболшыларының және жанкүйерлерінің қуанышына орай тең есеппен аяқталды. Ойынды көтеріңкі көңіл-күй­де бастаған «Қайрат» фут­болшылары 23-минутта есепті ашты. Гол авторы – Ар­тур Шушеначев. Бұл – Ар­тур­дың қатарынан соңғы үш ойында соққан үшінші голы, ал биылғы чемпионаттағы жал­пы жетінші добы. Осы нәти­же­сінің арқасында ол үздік сұр­мергендер қатарына қосылды. Бірінші таймның соңына дейін қонақтардың есепті еселейтін тамаша мүмкіндіктері бол­ған еді, алайда Вагнер Лав та, Артур Шушеначев те өз мүм­кін­діктерін тиімді пайда­лана алмады. Сөйтіп бірін­ші 45 минут 0:1 есебімен «Қай­рат­тың» пайдасына аяқталды.
Үзіліс кезінде Александр Москаленкодан тиісті ақыл-кеңес алған алаң иелері ойын­да­рына өзгеріс жасап, нәти­жесінде 53-минутта Руслан Валиул­линнің арқасын­да таразы басын теңес­тірілді. Арада 13 минут өткен­де Азат Нұрға­лиев­тің айып алаңы­на асыр­ған пасын қайта­ру­ға тырыс­қан Раде Дуга­лич абай­сызда өз қақпа­сына гол соғып, «То­былды» алға шығарды. Осы голдан кейін стадионға жи­нал­ған жанкүйерлер де, ойын­ды теледидар арқылы та­ма­ша­лаған көрермендер де алаң иелеріне үш ұпайды ұс­тата салған. Алайда екін­ші тайм­да «Тобылдың» ойы­нын кү­шейту үшін алаңға шық­­қан Серікжан Мұжықов 73-ми­нут­та жоқ жерден қы­зыл қағаз алып, алаңнан қуыл­ды. 10 ойыншымен қалған қоста­­най­лықтар қорғаныстың жос­парын ойластырамыз де­ген­ше арда­гер футболшы Вагнер Лав мер­гендігімен көзге түсіп, тара­зы басын теңестіріп кетті. Қалған 14 минутта таблодағы 2:2 есебі төрешінің соңғы ыс­қы­рығына дейін өзгеріссіз қалды. Бір қызығы, екі клуб ара­сын­да бірінші айналымдағы кез­десуде де осындай есеп тір­келген болатын.
Оралдағы «Ақжайық» ста­дио­нында өткен ойында «Ақжа­йық» Жамбылдың «Таразын» қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті. Ойындағы алғашқы гол­ды 29-минутта Дмитрий Ми­чуренков пенальтиден соқты. Ал 69-минутта Мирам Сапанов есепті еселесе, араға екі минут салып Вячеслав Швырев матчтың нүктесін қойды.
Чемпионатты тәп-тәуір бастаған Ақтаудың «Каспий» клубы кейінгі турларда сүреңсіз ойын көрсетіп жүр. 16-турда өз алаңында «Қайсардан» 2:4 есе­бімен жеңілсе, 17-турда сырт алаңда «Қайратты» ұта алмады. Ал міне, 18-турда чемпио­наттың дебютанты Түркіс­танның «Тұранымен» Ақтауда ұпай бөлісуге мәжбүр болды. «Жас Қанат» стадионында өткен кездесу 0:0 есебімен аяқталды.
Сонымен қатар Атырауда өткен 18-турдың соңғы ойы­нында да тең есеп тіркелді. Өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған «Аты­рау» кездесудің есебін бірінші болып ашқанымен, екінші таймның 74-минутында қонақтар таразы басын теңес­тіріп кетті. Алаң иелерінен Петр Гжельчак мергендік та­ныт­са, «Қайсар» сапынан Ду­ман Нәрзілдаев гол соқты.
2 және 3 шілде күндері өтетін 19-тур ойындарында «Қай­рат» – «Атырау», «Аста­на» – «Шахтер», «Ақтөбе» – «Ақ­жайық», «Тұран» – «То­был», «Қайсар» – «Ордабасы» және «Жетісу» – «Қызылжар» коман­далары сынға түседі. Осы ойындардан кейін Қазақ­стан чемпионаты екі ай үзі­ліске шығып, матчтар қыр­күйекте жалғасады. Бұл уақыт аралығында командалар Қазақ­стан кубогы ойындарына және Еуродода бәсекелеріне қа­ты­сады.

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51