«Мұның біріншісі – қазақ халқының, есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, ауызша әдебиет қоры.... Екінші бір қол артқан қазынасы араб, парсы, түрік тіліндегі Шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші үлкен өнер, мол азық алған зор саласы – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті». Осылай алдымен өз халқының рухани құндылықтарын бойына сіңірген Абай әлемдік мәдениеттің қол жеткен озық үлгілерін талғаммен, таңдаумен және өзі өмір сүріп отырған қоғам мен туған халқының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып қабылдады.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы Ресей империясының Қазақстанды отарлау саясатының тереңдей түсуімен ерекшеленді. Қазақтың елі де, жері де өзгенің қолына көшті. Сөйтіп отаршылдық саясаты ешбір елмен салыстыруға келмейтін патшалық Ресей қазақ даласын саяси дербестік пен табиғи даму жолынан айырды. Жергілікті халық тілінен, діні мен ділінен алыстауға бет алып, қоғамда күрделі де қайшылықты өзгерістерге жол ашылды. Ұлттық намыс пен сана-сезім, мәдениет мен ата салт аяқасты етілді. Содан хакім Абайдың «Тоғызыншы сөзде» «Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме өзім ыза болғаннан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты» деп жазуы немесе «Жиырма төртінші сөзіндегідей», «Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістетерлік күн болар ма екен?» деп уайымдады, халқын өркениетке жетелер түзу жолды армандады.
Осындай жағдайда «мыңмен жалғыз алысқан», өмірінің саналы бөлігін болыстық пен ел билеудің түрлі тағдырлы тірлігін басынан өткізген, талайдың мінез-құлық пен іс-әрекеттерін көзбен көріп, құлақпен естіген, санамен саралаған Абай шығармаларының басты тақырыбы, негізгі нысанасы өз кезіндегі феодалдық патриархалдық қоғам, оның басты тұлғасы адам болды.
Хакім Абайдың өз заманындағы қоғамды тереңірек білуіне, оның өзекті мәселелеріне жауап беруіне Батыс ойшылдарының әсер еткенін, оның өзінің әрі інісі, әрі ең сүйікті шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлына ағылшынның атақты әлеуметтанушысы Герберт Спенсердің шығармаларын оқуды ұсынуы тегіннен тегін емес еді. Ұлы Абай қоғамның саяси қырын да терең түсінді, бірақ оның өзіне аса жақын, күн өткен сайын қайшылығы күшейе түскен рухани жағын мұрат еткен сияқты. Содан «Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ, Наданның көзін қойып көңілін ашпақ...» деген өлең жолдарындағы асыл тұжырымды қарасөздерінің де азаматтық кредосы етті. Біз осы жанрдағы Абайдың адам болмысына қатысты кейбір ойларына ғана қысқаша жүгініп отырмыз.
Алдымен мына жайларға назар аудара кетейік. 1890 жылдары ақындықтың асқақ шыңына шыққан, ойшылдық кемелі толысқан, алайда өз сөздерімен айтқанда, ер ортасы жасқа келген, қажыған, жалыққан, істерінің баянсызын, байлаусызын көрген, бәрі қоршылық екенін білген Абай ақындық асқақ қуатына мақсатты түрде қарасөз жанрын серік етеді. Мұның үстіне Ділдадан туған екінші ұлы Әбдірахман 1894 жылы науқасқа ұшырап, 1895 жылы қайтыс болғаннан кейін әке болмысында үлкен күйзеліс кезеңі басталады. Осы жылдары жазылған жиырма жеті өлеңнің он үші Әбдірахманға арналды. Қайғы сәл басылып, 1896 жылы жиырмадай өлең, араға бір жыл салып, 1898-1899 жылдары 15 өлең жазады. Содан 1903 жылға дейінгі төрт жылда барлығы 11 ғана өлең жазылған. Мұның барлығы төркінді мәселелер болатын.
Мәңгілік өсиет пен айрықша аманатқа тамылжыған қарасөз маржандарының ақ қағаз бетіне түскендеріне ғасырдан асты. Алайда олар дәл бүгін айтылғандай айқын, қазір жазылғандай жарқын, жарқырап тұр. Бұл, бір жағынан, ұлы Абайдың шынайы хакімдігін тағы да паш етсе, екінші жағынан, қазағымның да сонау заманнан тым ұзап кете қоймағанын байқатады.
Ұлы ойшыл ең бірінші адам болмысының бөлек туынды екеніне, сонан оның жанының хайуаннан ірі жаратылғанын түсіндіруден бастап, оған тән қасиеттер мен қажетті дүниелерге, оның ерекшеліктеріне, қоғамдағы қалыптасуы мен жетілуіне барынша назар аударады. Бұған өзінің бай өмір тәжірибесін, ақыл парасатын, хакімдік қаракетін бағыттаған. 1891 жылы жазған «Жетінші сөзінде»: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдайтағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан...» деп адамзат қауымын хайуандар дүниесінен бөлек екенін, оның ерекшеліктерін көрсетеді. Осы ойды әрі қарай жетелей, тереңдете түсіп: «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, Һәм өзі өспейді, қуат таппайды». Ал «көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді» және «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дегендердің барлығы жан құмары екенін атап көрсетеді. Бірақ осы адам жанының өз-өзінен өсіп, жетілмейтіндігі мен күрделілігі «Он тоғызыншы сөзде» былайша айтылған: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» дейді. Сонымен қатар әрбір естіген нәрсенің жеке өзі ештеңеге жарамайтыны, сол естілерден естіп, жақсы нәрселерді ескеріп, жаман дегеннен сақтанса, сонда ғана оны естігені іске жарайтын адам десе болатыны ескертіледі. «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп адамды өсуге, жетілуге жетейлейтін, кемелдікке келтіретін жолдар көрсетілген.
Абай «Қырық үшінші сөзінде» бұрын айтылған адам баласының екі нәрсемен: «бірі – тән, бірі – жанмен» ерекшеленетінін, бірақ қайсысы еріксіз болатын табиғи, туа біткен, қайсысы еңбекпен табылған қасиеттер екенін білу керектігін тағы да ескерте отырып, адамзат өмірінде кәсіби қасиеттер болып саналатын ақыл, ғылым күшімен көрмегенді көреді, білмегенді таниды дейді. Ал «Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі» деуі осыдан. Бұдан әрі адамның есею, ақыл жинау үдерісінің аса күрделі екені, ол жүйелі ойды, жоғары жауапкершілікті, ерекше жинақылықты талап ететіні былайша суреттеледі: «Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейте алса, ол – көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын – бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз».
Өз замандастарының жетіле түсуін армандаған, оған жеткізетін асыл қасиеттерінің бірі жадының мықты болуына ерекше көңіл бөлген Абай «Отыз бірінші сөзінде»: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану (үлгі алу) керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек». Бұл айтылғандар адамды өсіретін, қалыптастыратын, тұлға ретінде әлеуметтену, толысу үдерісіне жетелейтін қағидалар мен ұстанымдар. Ал «ой кеселдері» деген, Абай атап көрсеткендей, «уайымсыз, салғырттық, ойыншы күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». Бұлар – адам баласын өсірмейтін, өшіретін өріссіз әдет, бүкіл қоғамды кері кетуіне ықпал ететін зиянды тірлік.
Абай өзінің көптеген қарасөздерінде адам тәрбиесіндегі еңбектің рөліне ерекше мән берді. Жоғарыда айтылған қарасөздердегі ойлардың да негізі еңбекте, ақылды әрекетте жатыр. «Екінші сөзінде» өз елін солтүстік, оңтүстік көрші жатқан аймақтармен, көрші халықтармен салыстыра отырып, олардың артықшылықтары өнерлерінде, кәсібінде, сауда-саттықпен айналысуында екенін атап көрсетеді. «Еңбек етіп, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда», «Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері» деп өзге елдердің өнегелерін үлгі етті. Ал «Жиырма тоғызыншы сөзінде» қазақтың «Жарлы болсаң, арлы бол» дегенін қолдай отырып, «Ардан кеткен соң, тірі болып жүргенің құрысын» деп арсыздықты өліммен теңгеріп, ал жаныңды қинап, маңдай теріңді төгіп, еңбекпен мал табу – «ар кететұғын іс емес» екенін ескертеді. «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп алдыңғы ойды күшейте түседі. Абай бұлармен шектелмей, еңбектің мақсат мұратына «Отыз жетінші сөзде» былайша арнайы көңіл бөледі: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек кылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Ал «Төртінші сөзінде» «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» деп адам болмысына қайшы қасиеттерді барынша өткір, аяусыз сынаса, «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп адал еңбекті марапаттады, халықты осы еңбекке шақырды, үндеді.
Қалың халық арасында көп болып, талайлардың тағдырына көз жіберіп, ой тоқтатқан ұлы ойшыл қазақ даласындағы барлық жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болып, адамды «ақыл, білім, ар, мінез» арқылы жоғары дәрежеге көтеріп, асқақтататындай қоғамның прогрессивті дамуын аңсады, армандады, соның жолын іздеді. «Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше белгілі бір парқын көрдім» деп басталатын «Он бесінші сөзінде» адам баласы пенде болып жаратылғаннан соң дүниедегіні қызық көрмей жүре алмайтынын, алайда есті адамның орынды іске қызығып, құмарланып іздейтінін ескертіп, ал «Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын ит қорлықпен өткізіп алады екен» дейді. Сонымен қатар «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деп жинақылыққа, жүйелілікке, реттілікке, жауапкершілікке жетелейді. Осылай өткенді салмақтап, өмірдің құнын бағалай білуді, оны «не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен» өткізе алдым ба, әйтпесе босқа кетті ме деп ақыл таразысына салуға кеңес береді, терең ойлылықты нұсқайды. Шынына келгенде, адам болмысы да осылай өседі, қалыптасады, жетіледі емес пе?
Абай адам үшін ең басты қажеттілікке білім мен өнерді жатқызды, сондықтан адамның жан азығы – білуге құмарлығы, бұл болмаса оның малдан айырмашылығы жоқ деп кесіп айтты. Білмекке құмарлықты қанағаттандыру – дүниенің көзге көрінген және көрінбеген қасиеттерін танып білу, іздену, сұрап білу, ғылымға ұмтылу, дүние сырын білу, бұлар көкірекке сәуле, көңілге сенім береді деп өмірдің адам болмысы үшін шынайы мән мағынасын айқындады. Ал өнер, ғылымды қайдан үйренуге, қалай білуге болады деген сұраққа өзінің «Жиырма бесінші сөзінде» ең жақын солтүстік көрші Ресейді өнеге тұтты: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор. ...Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады». Онан әрі хакім ғылым мен өнердің – дүниенің кілті екенін, оны білгенге дүние арзанырақ түсетінін шегелеп айта отырып: «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұят, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма» деп ойын барынша жан-жақты, тиянақты түйіндейді. Алайда Абай орыстың тілін, оқуын, ғылымын білгенде оның пайдасына ортақ болумен қатар «зарарынан қашық болуды» да естен шығармауды ұсынды, ойсыз бас шұлғи беруден сақтандырды.
Шығармашылықтың алғашқы жылдарында-ақ Абай «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп өкінген, іле шала «Ғылым таппай мақтанба», қоғамда өз орныңды «таппай баптанба» деп ескертіп, ғылым жолының ауыр екенін, оны жаны таза, ізгілігі мол жан ғана игере алатынын айтқан болатын. Бұл ойлар «Он сегізінші сөзінде» одан әрі дами түсті. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп ғылымды игеруді бүкіл адам баласының басты қасиеттерінің бірі ретінде атады. Әсілі ғылыммен қоғам да, адамзат баласы да ілгері жылжитынын, алға басатынын, ал ұлы Абайдың бұған «ақыл, ар, мінезді» жайдан жай қосып отырмағанын терең түсінген абзал. Бұл ойлар кімге болса да аса бір тағылымды дегіміз келеді.
Абай қазақ қоғамы осылай өзінің рухани дамуында түбегейлі өзгерістерді қажет етіп отырғанын және мұндай өзгерістер ең бірінші білім мен ғылымның арқасында ғана жүзеге асатынына өз қарасөздерінде қайта-қайта оралып отырды. Адам баласының білім арқылы өз ақыл ойын, дарын қабілетін, таным түсінігін, рухани өресін, адамгершілік пен имандылық қасиеттерін үнемі, тоқтаусыз жетілдіре, байыта түсетініне сенді, оған бойдағы бар күш-жігерді мақсатты түрде жұмсап отыруды қажет деп санай отырып, «Отыз сегізінші сөзінде» күллі адам баласын қор ететін ортақ үш нәрсенің барын, содан қашудың қажетігіне кеңірек тоқталады. «Күллі адам баласын қор ететін ортақ үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» деумен шектелмей, автор олардың ішкі себеп-салдарларын жан-жақты ашып берді. «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады» деген ойын: «Надандықтың кесапаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айрылмай келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. ...Дүниеде ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз» дегенмен жалғасыра түсті, замандастарын ойға алып налыды.
Ал «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» деп Абай бар әлеуметтік кеселдің қайнар көздерін көрсетеді. «Залымдық – адам баласының дұшпаны», сондықтан ол адамды әлеуметтік топтан айырып, хайуандар, тіпті, жыртқыштар әлеміне қосады дейді. Бұдан ащы айту мүмкін емес. Ал қазір осы Абай айтқан сөздерге ғасырдан асқанда, өз тізгініміз өзімізде тәуелсіз ел атанғанда жоғарыдағы надандық, еріншектік, тіпті зұлымдықтан құтыла алдық па, әлде бұл құбылыстар түрлі көріністерге ие болды ма? Әсілі жаппай сауаттылық пен өркениеттің белгілі дәрежесі қоғамдағы бұл көріністерді жоя алмайтын сияқты. Бүгінгі қоғамдағы қылмыскерлер арасынан бірде бір сауатсызды, сана сезімнен артта қалулықты табу қиын болары сөзсіз. Міне, тәрбиесіз білім қауіпті деген әл-Фараби ұстанымының мәні осында жатыр. Күллі адам баласын қор ететін үш нәрсе туралы ойлары Абайдың бір жағынан қазақты қаншалықты сүйе алса, соншалықты оның қайшылықты жайларын сынай да алғанын көрсетсе, екінші жағынан хакім Абайдың әлемдік деңгейдегі ойшыл екеніне тағы бір таптырмас дәлел бола алады.
Біз әңгіме объектісі етіп отырған қарасөздердің кез келгені тағылымды, адам болмысының сан қырларын ашады. Дегенмен «Он жетінші сөзді» адам болмысын қалыптастыруда ерекше мағыналы, айрықша мазмұнға бай дегіміз келеді. Шіркін осыларды терең түсініп, әркім өмірлік мұрат етсе, бақыты алдынан шығар еді. Абай осында адамның келесідей асыл қасиеттеріне тіл бітіріп, сан жетпес үлгі өнеге, өсиет ұсынады. «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп» әрқайсысы өзінің ерекшеліктерін, өзгеден артықтығын айтып, өздерінің мәртебелерін көтере отырып, ғылымға жүгініпті, сонда ғылым үшеуінің де сөздерін, өзіндік артықшылықтарын атап көрсете келіп: «Осы үшеуің бір кісіден менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті». Бұл сөзден алар тәліміміз, біріншіден, тірлікте бірліктің, түсіністіктің және үйлесімділіктің қажеттігі. Екіншіден, ұжымдық іс-әрекет, бірлесе, тұтаса қимыл жасау – берекелі тірліктің бастауы. Үшіншіден, тазалық, қалпыңның тазалығы – адами болмысыңның асылдығы мен құндылығы.
Мұның барлығы өз кезіндегі феодалдық патриархалдық қоғамның басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды адамның, Абайдың арманындағы толық адамның іргетасы, соның бойына қажет асыл қасиеттер болатын. Ал кемел не толық адамның қоғамдағы орны қандай деген мәселеге де назар аудара кеткен артық емес. Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Бұл жайдан жай емес. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының болашағы мол. Мұны жетілдіре түсу азаматтық қоғамға барар жолымыз да, соны құрар амалымыз да дегіміз келеді. Тек бұл мәселеде шынайылық, тазалық, әділеттілік және батылдық қажет. Бұл – әділетті қоғам, мемлекет құрудың әлеуметтік тәсілдері, осындай қоғамның толық мүшесін қалыптастырудың да құдіретті де таптырмас құралы.
Құдайға шүкір, халқымыз сан ғасыр күресіп, жеткізген тәуелсіздіктің отыз жылдығына таяп қалдық. Қоғамның барлық дерлік саласында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Әлемдік қауымдастықтан өз орнымызды ойып алдық. Алайда халқымыздың санасы Абай заманынан ерекше артып кетті дей алмаймыз. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз сан жылдар алдымен патшалық Ресейдің «бұратана» халқы болдық. Екіншіден, жалғыз партияның билігіне сүйенген кеңестік қыспақта болдық. Жеке билік ешуақытта жақсылыққа бастаған емес. Үшіншіден, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдай болса да, тәуелсіздік алдымен сананың тәуелсіздігі екенін терең түсіне алғанымыз жоқ.
Адам болмысын, оның жеке асыл қасиеттері туралы көп толғанған, ылғи да толғаныс үстінде болған, қазақ қоғамы үшін келешек ғасырларға, бүкіл адамзатқа қызмет ететін мол мұраның иесіне айналған Абайды тану, оның шыңына көтерілу, оның ұлылығын, нағыз ойшылдығына терең бойлау – аса маңызды мәселе. Әсіресе, Абай танымындағы адамның әлеуметтену үдерісін білу, зерттеу, бүгінгі тәуелсіз елімізді тұғырлы ете түсуде адам факторының ерекше маңызды екеніне көңіл бөлу қажет-ақ. Осы бағытта Абай академиясы арқылы өткен рухани һәм тарихи құндылықтарымызды сонау әл-Фарабиден бастап Алаш ардақтыларының ұлы мұраларын кеңінен зерделеуге, терең де жан-жақты насихаттауға бет бұрсақ, ұтарымыз көп болар еді. Бұл алдымызда тарихына отыз жыл толатын тәуелсіздігімізді тұғырлы етуімізге де мүмкіндіктерді байыта түсер едік.
Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдар докторы,
профессор