Ел және Елбасы • 01 Шілде, 2021

Жасампаз көшбасшы

1147 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Әлемде әртүрлі көшбасшылар, реформаторлар мен консерваторлар, арманшылдар мен прагматиктер болды және бар. Ал біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – Батыстың инновация­ларына ұмтылыс танытып, кәрі құрлықтың дәстүрлеріне, сан ғасыр­лық құндылықтарына Шығысқа тән өшпес ізгілікті үйлестіре білген жасампаз көшбасшы. Елбасы тәуелсіздік таңы атқанда-ақ өз жетістіктерінің ең басты құпиясын дәл айқындап берген: «Халықпен бірге өмір сүріп, халық үшін өмір сүр». Арада өткен жылдар ішінде Елбасы ұлт пен оның көшбасшысының бірлігін нығайта отырып, ойымен де, ісімен де осы қағидатты берік ұстанды, ел тағдыры – өз тағдыры екенін айғақтады.

Жасампаз көшбасшы

Ел үшін 30 жыл – маңызды белес, бірақ тарих үшін қас-қағым сәт. Ал шын мәнінде өзгерістердің тереңдігі, ауқымдылығы және түбегейлі сипаты бойынша бұл жылдар Тәуелсіз Қазақстан үшін дәуірге тең. Оның жарқын да сенімді дәлелі – Қазақстан өзінің Тұңғыш Президентінің басшылығымен ешкімге белгісіз бұрынғы кеңес республикасынан, халықаралық қоғамдастықтың сенімді әрі құрметті серіктесіне айналғаны.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік процестерге айтарлықтай әсер ете алды. Тәуелсіз мемлекеттің табыс­ты құрылысы бойынша Елбасының теориясы мен практикасы, «Қазақстан жолы» әлемнің белгілі сарапшыларының, саясаткерлерінің және талдау орталық­тарының елеулі зерттеулерінің нысанына айналғаны кездейсоқ емес.
Елбасының көшбасшылық қасиеттері, батылдығы, көрегендігі мен даналығы және туған елінің тағдыры үшін ерекше жауапкершілігі 1991 жылғы Тамыз төңкерісінің қиын-қыстау күндерінде айқын көрінді. Тұңғыш Президентіміз 19 тамыздағы республика халқына үн­деуінде Қазақстанда төтенше жағдай енгі­зілмейтінін, барлық билік жергілікті органдарға тиесілі екенін нық әрі бір­жақты мәлімдеді және Қазақстан халқы жоғары саналылық, қырағылық пен ауызбіршілік танытатынына сенім білдірді. Мұны тек өзіне және өз халқына сенімді тұлға ғана айта алады. Ол өз халқының тағдыры үшін өмірін қиюға дайын болды. Бұл жай ғана сөз емес, өйткені сол күндері Мәскеудің қолында кез келген бүлікшіні орнына қою үшін барлық мүмкіндік болды, ал қазақтар 1986 жылғы 16-17 желтоқсанда Кремльдің не істей алатындығын анық сезінген.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы КСРО-дағы белгілі де беделді саясаткер ретінде Мәскеуде қан төгілмеуі және бүлік азаматтық соғысқа әкелмеуі үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Сол бір мазасыз үш күн мен түннің бәрінде мен Президентіміздің ақыл-ойына да, жан-тәніне де үлкен салмақ түсірген белсенді іс-қимылының куәсі болдым. Ол әр сағат сайын жан-жақты ақпарат алып, оны талдап, шешім қабылдады және тиісті тапсырмалар берді. Үнемі республиканың тамырын басып, орасан зор халық шаруашылығы кешенінің жұмысына бір секунд та іркіліс бергізбей, Қазақстандағы заңдылықты, тұрақтылық пен келісімді сақтай білді. Сонымен қатар одақтас республикалардың басшылары мезгіл-мезгіл онымен байланысқа шығып отырды. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы сол қайғылы күндерде тағы бір мойындалды.
21 тамызда кешке Михаил Горбачев Нұрсұлтан Әбішұлына қоңырау шалды. Содан кейін ол түнде республикалық теледидардан дағдарыстың аяқталғанын жариялады және отандастарына осы қиын күндерде шыдамдылық танытып, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтағандықтары үшін алғыс айтты. Үш күн бойы Президенттің қасында болған біз оны осы мазасыз күндердің аяқталуымен құттықтап, қоштаса бастадық. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлы мені өзімен бірге жүруге шақырды. Біз оның үйіне бардық. Түн ортасы болса да Сара Алпысқызы оны үрейлене күтіп отыр екен. Сонда Нұр­сұлтан Әбішұлының көп жылдық үзілістен кейін қайтадан темекі тартқаны есімде. Сол сәтте мен өз халқы мен елі үшін басын бәйгеге тіккен таңғажайып адамды көрдім. Бізді ұзақ жылдар бойы жақсы қарым-қатынас байланыстырып келгенімен, дәл осы сәтте мен халқыма тектоникалық өзгерістер кезінде Құдай сыйлаған адамға деген бауырмалдық пен жанашырлық сезімін бастан кештім. Біз үнсіз отырдық, бірақ бұл үнсіздік барлық сөзден қымбат болды. Таңғы сағат 5-те мен Н.Назарбаевтың үйінен шығып, оның денсаулығы мен сәттілігі үшін дұға еттім. Енді өмір қайтадан қалыпты бағыт­қа орала­ды және біз әдеттегі жұмысымызға кірісеміз деп ойладым.
Бірақ бүлік аяқталғаннан кейін бір күн өткен соң, біз Президентпен егжей-тегжейлі сөйлестік. Ол былай деді: «Енді біз Мәскеумен мүлдем басқа қарым-қатынаста боламыз, КОКП болмайды, ал КСРО жақында болмауы мүмкін». Шынымды айтсам, бұл сөз мен үшін нағыз шок болды.
Кейінгі оқиғалар Н.Назарбаевтың айт­қан сөзінің дұрыстығын растады. Сонда мен оның бірегейлігіне, болашақты бә­рі­нен бұрын көре білетіндігіне көзім жетті.
Әңгіме соңында ол: «Бұл оңай емес уақытта маған Мәскеудегі Сенімді өкіл керек, ол орталықтағы жағдайдың дамуы туралы тез арада хабардар ететін, қажет бол­ған жағдайда Горбачев, Ельцин және бас­қа адамдармен, соның ішінде шет мем­лекеттердің елшілерімен тікелей бай­ланыс орнататын тұлға болуы керек», деді.
Президент Қазақ КСР-нің КСРО-дағы өкілетті өкілінің жаңа лауазымын тағайындады, ол іс жүзінде Қазақстанның бірінші елшісі болды. Осы тұрғыда 16 қыркүйекте Кремльде Нұрсұлтан Әбішұлы мені КСРО-ның бірінші және соңғы Президенті Михаил Горбачевпен таныстырды.
Қазақстанның көпэтносты халқы 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғашқы еркін сайлауда өзінің Тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Назарбаевты бірауыздан сай­лады. Содан кейін ол Мәскеуге қарамай, алғаш рет Алматыда одақтық республикалардың басшыларын жинады. Сөйтіп 1991 жылғы 21 желтоқсанда Елбасымыздың бастамасы бойынша Алматы Декларациясы қабылданды. КСРО бейбіт түрде таратылып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды.
«Үлкен елдің күйреу энергиясы то­лық ауқымды азаматтық соғысқа әкел­ме­гендігіне Назарбаевтың қосқан зор жеке үлесін тарих лайықты бағалай­ты­нына сенімдімін». Сол кезде АҚШ Президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөнін­дегі кеңесшісі болған генерал Скукрофт осылай деген еді.
Елдің аса күрделі геосаяси жағдайына сүйене отырып, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бас­тап біздің еліміздің жағдайында мүмкін болатын бірден-бір дұрыс көпвекторлы сыртқы саясат стратегиясын айқындады. Айта кету керек, ол өз мінезімен де, іс-әре­ке­тімен де центрист. Осы жылдар бойы күрделі ішкі және сыртқы сын-қатер­лерге қарамастан, орасан зор шыдамдылық, даналық пен батылдық таныта отырып, Елбасы ел ішінде де, халықаралық аренада да қандай да бір шектен шығуға жол бермеді. Дәл осы ұстаным оған әрдайым маневр жасау еркіндігін, тез өзгеретін әлемдегі кез келген сын-қатерге барабар және уақтылы жауап беру мүмкіндігін берді.
КСРО біртұтас өндірістік-эконо­микалық кешенінің жойылуы бұрынғы кеңестік республикалардың барлығын эко­но­микалық күйреуге әкелді. Осы­ған орай, 1992 жылғы 17 қаңтарда Мәскеу қаласында Н.Назарбаев пен Б.Ельцин тауарлардың, капиталдардың, қызметтер мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы туралы Қазақстан – Ресей мемлекетаралық келісіміне қол қойды. Нұрсұлтан Әбішұлы болашақ Еуразиялық экономикалық одақтың өзіндік бастаушысы болып табылатын осы Келісімнің мәтінін Борис Николаевич Ельцинмен келіссөздер қарсаңында бір деммен айтып берді. Алайда сол кездегі ресейлік шенеуніктердің кейбір эйфориясы мен көрегендігінің шамалылығынан сол кезде бұл стратегиялық құжатты жүзеге асыруға мүмкіндік берілмеді. Бірақ уақыт осы тарихи бастаманың даналығы мен қажеттілігін растады. Бүгінде қатысушы елдердің игілігі үшін жемісті жұмыс істеп келе жатқан Еуразиялық экономикалық одақ осының айқын дәлелі.
Барлық интеграциялық күш-жігерде Елбасы әрқашан көзінің қарашығындай егемен­дігімізге қол сұғылмауына ерек­ше мән бергендігін атап өткім келеді. Мәселен, ол Еуразиялық экономи­ка­лық одақты қатысушы елдердің эконо­микалық, өндірістік-логистикалық ынты­мақтастығының тетігі ретінде ғана көрді. Осыған байланысты Қазақстан өзінің еге­мендігіне нұқсан келген жағдайда бірден кез келген бірлестіктен шығатынын бір­не­ше рет мәлімдеген болатын. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев ЕАЭО-ға қатысушы мем­лекеттер басшыларының отырысында Ел­басының осы мызғымас ұстанымын қа­таң да айқын білдіргенін айта кеткен жөн.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядро­лық полигонын жабу және әлемдегі қуаты бойынша төртінші ядролық арсеналдан бас тарту сияқты жаһандық ауқымдағы қауіп­сіздікті қамтамасыз етудегі тарихи үлесін әділ бағалау керек.
Тамыз бүлігі аяқталғаннан кейін бір аптадан соң, 1991 жылдың 29 тамызында Қа­зақ КСР Президенті Н. Назарбаев Се­мей ядролық полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл Елбасының жеке басының батылдығының айғағы еді. Сондай-ақ ядролық қарудан өз еркі­мен бас тарту туралы бірден-бір дұрыс стратегиялық тарихи шешім қабылдаған Президент ядролық державалардан қауіп­сіздігіміздің кепілдіктеріне қол жеткізіп, елімізге шетелдік инвестициялар мен техно­логиялардың келуін жол ашты.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жас тәуелсіз мемлекетіміздің басшысы үшін Қазақстан Республикасының халықаралық деңгейде танылған шекараларын заңды ресімдеу мәселесі маңызды басымдыққа айналды. Шекарамыздың көп бөлігі Ресеймен және Қытаймен бай­ланысты екені белгілі. Тіпті КСРО Қытаймен шекара мәселесін реттей ал­маған. Осы стратегиялық тағдыршешті міндетті шешу үшін Президент 1992 жылдан бастап Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекараларын айқындау және заңды түрде бекіту жөнінде орасан зор, дәйекті, кейде тынымсыз жұмыс жүргізген талантты дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған арнайы топ құрды. Бұл топқа қатысушылар дипломаттар мен тарихшылар, картографтар мен топографтер, геодезистер мен геологтер болуы керек еді. Топ жұмысын үнемі, қолмен басқару режімінде Елбасы өзі бағыттап отырды. Шекараларды ресімдеу мәселесінде оның көрнекті көшбасшылық және керемет адами қасиеттері анық көрінді. Ол Мемлекет басшысы ретінде ғана емес, адам ретінде ҚХР басшысы Цзян Цзэминьді Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімге қол қоюға жеке сендіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Айта кету керек, Қытай басшысы Н. Назарбаевтың жеке өзіне деген ерекше адами қатынасын көрсетті: «Нұрсұлтан, мен саған басқа елдің басшысы ретінде ғана қарамаймын, мен саған дос ретінде қарай­мын және ашық айтамын, егер біз бұл мәселені қазір шешпесек, болашақта бұл мәселені шешу қиынға соғады. Ұрпақтар өзгереді, басшылар өзгереді». Ұлы Қытай көшбасшысының жас мемлекет Президентіне деген көзқарасы біз үшін өте қымбат болды.
Ұзындығы 7591 шақырым болатын Қазақстан – Ресей шекарасы туралы мәселені талқылау Президент Б.Ельцин­нің кезінде басталды. Онымен Нұрсұлтан Әбішұлы өте достық қарым-қатынаста болды. Ресей Президенті болып Владимир Путин сайланған соң процесс одан әрі жалғасты. Құдайға шүкір, Н.Назарбаев пен В. Путиннің арасында қалып­тасқан өте сенімді және мейірімді адами қарым-қатынастардың арқасында біз­дің елдеріміз тағдыршешті келісімге келді.
Сөйтіп көп жылғы күш-жігердің нәтижесінде Қазақстан 2002 жылы ҚХР-мен және 2005 жылы Ресеймен өзінің мемлекеттік шекаралары бойынша тиісті мемлекетаралық келісімдерге қол қойды. Осылайша, қазақтардың көп­теген ұрпақтарының сан ғасырлық арманы орындалды, олардың қасиетті жері халықаралық деңгейде танылған мем­лекеттік шекараларға ие болды. Бұл тарихи дәуірлік жетістік, ең алдымен, Тұңғыш Президентіміздің стра­тегиялық көрегендігінің, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігі мен адал­дығының, зор ерік-жігерінің және жоғары дипломатиялық дарынының арқасында мүмкін болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шарала­ры жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі сияқты халықаралық құрылымдар­ды құрудың бастамашысы болғаны белгілі. Елбасының Түркітілдес мемлекет­тер ынтымақтастығы кеңесін құруының арқа­сында бауырлас халықтардың әділет­сіз күйреген тарихи және рухани бірлігі қалпына келтірілді.
Түркия президенті Тұрғыт Өзал 1991 жылғы наурызда Нұрсұлтан Назар­баев­тың жеке шақыруымен кеңес­тік Қазақстанға келген алғашқы шетел­дік көшбасшы болды. Түркияның эконо­микалық жандануының атасы саналатын Тұрғыт Өзал біздің Президентімізге нарықтық экономикаға сәтті өту туралы алғашқы кеңестер берді. Оның: «Егер экономикада құлдырау басталса, бизнес­ке тағы не көмектесе алады деп ойлаймын», дегені есімде. Нұрсұлтан Әбішұлы дағдарыстардың барлық кезеңінде осындай тәсілді бірнеше рет қолданды және бүгінгі қазақстандық бизнес көп жағдайда Елбасының тұрақты қолдауының арқа­сында дамыды. Сондықтан ол таяуда тәуелсіздік жылдарында мемлекет бизнесмендерге көмектесті, енді қазір­гі әлемдік дағдарыс кезінде олар ел мен отандастарымызға көмектесуі тиіс деп әділ мәлімдеді. Ал еліміздің бизнес­мендері Елбасының үндеуіне белсенді әрі жомарт­тықпен үн қосты.
Нұрсұлтан Әбішұлының Түркияның кейінгі Президенттерімен де аса сенім­ді қарым-қатынасы қалыптасты. Түр­кия – Ресей қарым-қатынасындағы дағдарыс кезінде Президент Тайип Ердоған Елбасыға көмек сұрап жүгінгені кездейсоқтық емес. Президент Путиннің Н. Назарбаевқа деген жоғары құрметі мен сенімінің арқасында Қазақстанға жақын екі мемлекет арасындағы ұзаққа созылған кикілжің сәтті шешілді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын ны­ғайту жөніндегі жоғары халықаралық беделі мен көп жылғы жемісті күш-жігерін мойындау белгісі ретінде олар­дың басшылары бірауыздан біздің Елбасы­мызға түркі әлемінің Ақсақалы атағын берді.
Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің Ақсақалы ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемдік саясаттың мойындалған Патриархы болып саналады. Осы жылдар ішінде ол АҚШ-тың бес Президентімен, Қытайдың үш Төрағасымен және Ресей­дің үш Президентімен, Азия мен Еуропа елдері көшбасшыларымен табысты жұмыс істеді.
Қазақстанның халықаралық аре­на­да­ғы тағы бір жетістігі – 2010 жы­лы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық етуі.
2003 жылдан бастап Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің барлық халықаралық кездесулері мен келіссөздерінде Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы ұсынысын нық әрі дәйекті түрде алға тартты. Осы марафон Елбасының 2006 жылдың қыркүйегінде Вашингтонда Президент Джордж Бушпен кездесуінің нәтижесінде аяқталды.
Екі Президенттің кездесуіне дайындық барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс бізден ЕҚЫҰ тақыры­бын Ақ үйде көтермеуімізді сұрады, ол Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға болашақ төраға­лығы мәселесін өз деңгейінде шешуге уәде берді.
Сондықтан сол кезде Сыртқы істер министрі болған Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев пен АҚШ-та елші болып жүрген мен Елбасын өз тарапынан бұл мәселені Д.Буштың алдында көтермеуге көндіруге тырыстық. Дегенмен Нұрсұл­тан Әбішұлы келіссөздер барысында АҚШ президентіне Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесін осы жерде және қазір шешу жөнінде табанды өтініш білдірді. Нәтижесінде, ол көздеген мақсатқа қол жеткізді, біз­дің төрағалығымыз АҚШ-тың нақты қол­дауына ие болды. Сол күннен бастап Елбасы үнемі қолмен басқару режімінде Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне дайындықпен айналыса бастады.
2010 жылғы 1-2 желтоқсанда
11 жыл­дық үзілістен кейін өткен 56 мем­лекет пен 40 халықаралық ұйым көш­басшыларының Астана Саммиті біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыздың тәжі және Қазақстан астанасы мен оның көшба­шысына әлемдік қоғамдастық пен БАҚ назарын аударған XXI ғасырдың бірінші онжылдығындағы ірі халықаралық оқи­ғалардың бірі болды.
Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша және оның төрағалығымен ЕҚЫҰ-ның тарихи Астана Декларациясын қабылдау Ұйымға қатысушы барлық мемлекет басшыларының ортақ табысы болды, олар Нұрсұлтан Назарбаевтың осы форумды өткізудегі және ұзақ үзілістен кейін ЕҚЫҰ-ның аса маңызды саяси құжатын қабылдаудағы ерекше рөлін бірауыздан атап өтті.
Өзінің тәуелсіз дамуының 30 жылы ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көрнекті басшылығының арқасында халқымыз бұрынғы кеңес империясының қираған үйінділерінің бір бөлігінен экономикалық қуатты, демократиялық дамыған, әлемде құрметті мемлекет құра алды.

Қанат САУДАБАЕВ