Экономикалық аймақтың мақсаты – отандық өндірісті дамыту. Жалпы алғанда, 80 кәсіпорында 4 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мұндағы кәсіпорындардың барлығы дерлік жер, табыс, қосымша құн салығынан босатылған. Мүлік салығын да төлемейді. Мемлекет тарапынан осыншама кеңшілік жасалған өндіріс ошақтары шығаратын тауарлардың 70 пайызы қазақстандық үлгіде.
Елордада екі экономикалық аймақ бар. Бірі – «Астана – жаңа қала», екіншісі – «Астана-Технополис». 2002 жылы құрылған алғашқы аймақ әкімшілік-іскерлік бөлімнен және №1 индустриалды парктен тұрады. 2018 жылы құрылған «Астана-Технополис» ғылымды коммерцияландыруға баса мән береді. Бұл орайда аймақ Назарбаев Университетпен тізе қосып жұмыс істейді.
– №1 индустриалды парк аумағында жалпы сомасы 200 млрд теңге болатын 83 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Оның 52-сі іске қосылған. 31 зауыт жобалау және құрылыс кезеңінде. Тағы үш зауыт әуежай жақта орналасқан. Экономикалық аймақ өндіретін негізгі өнімдер ретінде – локомотив, электровоз, әскери брондау техникасын, еуропалық тікұшақтар, электронды-оптикалық құрылғылар, жиһаз өнімдері, парфюмерия, минералды тыңайтқыш, лифт, құрылыс материалдарын айта аламыз, – дейді «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компания» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Досқазиев.
Біз алдымен «Спецпроектпрогресс» ЖШС-ға келдік. Мұнда металл құрылымдары мен сэндвич-панелдер шығарылады екен. Жұмыс істей бастағанына бір апта ғана болған. Жобаның жалпы құны – 648,7 млн теңге.
– Қазір құрылысқа аса қажетті металл құрылымдары мен сэндвич-панелдерді шығару арқылы отандық нарық сұранысын қамтамасыз етеміз және импортқа тәуелділікті азайтамыз деп ойлаймын. Біздің зауыт толықтай автоматтандырылған. Қабырғаға және шатырға қажетті сэндвич-панелдер және модульдік құрылымдар шығарылады. Бәрі де ISO 9001 стандартына сәйкес келеді. Өндірісте сенімді және сапалы материалдар пайдаланамыз. Сол арқылы жылына 4 мың тоннаға дейін металл құрылымдарын және 600 мың шаршы метр сэндвич-панелдер шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді өндіріс орнының басшысы Руслан Түсіпбеков.
Зауыт басшысының айтуынша, өнім өндіруге қажетті шикізат табу жағынан қиыншылық жоқ.
– Қос компонентті желім мен минералды мақта Өскеменде, Макинскіде өндіріледі. Сынық болаттарды «АрселорМиттал Теміртау» зауытынан аламыз. Бірінші кезекте ішкі нарықты қамтығымыз келеді. Дегенмен Ресей, Әзербайжан елдері тарапынан қызығушылық бар, – дейді Р.Түсіпбеков.
Бұдан кейінгі бағытымыз – «Astana Ютария Ltd» тігін фабрикасы еді. Кірген бойда ұзын дәліздің оң қапталына түгелдей осы фабрика цехынан шыққан киімдер ілініпті. Өрт сөндіруші, полицей, дәрігер, көше тазалаушы, басқа да маман иелері, қарапайым азаматтар тұрмыс жағдайында киетін киімнің түр-түрі самсап тұр. Үлкен залға түгел жайғасқан тігіншілердің бар назары алдындағы түрлі-түрлі мата қиықтарында ғана. Тігін машинасы мен жіп орағыш құрылғылардың дауысы ғана естіледі. Жұмыс қызып жатыр.
Фабрика 2015 жылы ашылыпты. Содан бері бірыңғай формалы киімдер мен арнайы киімдерді тігіп, тоқыма бұйымдарын сыртқы нарыққа сату бойынша ірі экспорттаушылардың қатарына енген. Сондай-ақ тігін өндірісіне арналған машиналар да өндіреді. Жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын кәсіпорын 416 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі кезде жылына 2 млн бұйым, 500 бірлік машина өндіріп отыр.
– Шикізат бағасы өнімнің түпкі бағасына әсер етіп жатады. Оңтүстікте мал шаруашылығының жақсы жолға қойылып, одан жүн алу мүмкіндігі бар екеніне қарамастан елімізде шикізат өндірісі дамымай тұр. Синтетикалық маталарға қатысты да осындай проблема бар. Жүн аралас маталардың басым бөлігі Беларусь, Ресей және жақын шетелдерден әкелінеді, – дейді «Astana Ютария Ltd» тігін фабрикасы бас директорының орынбасары Гүлнәр Игембаева.
Оның айтуынша, былтырғы пандемия салқыны фабриканы да айналып өтпеген. Табыстың тең жартысын жоғалттық дейді кәсіпорын басшысы. 2019 жылғы деңгейге жету үшін әлі біраз уақыт қажет көрінеді. Мекеме басшылығының айтуынша, осыншама еңбекті атқарып отырған фабрикаға әлі де болса мемлекет қолдауы қажет-ақ.
– Қазір бізде 350-ге жуық адам жұмыс істейді. Егер нормасын орындаса 250 мың теңгеден жоғары алады. Орындай алмаса 100 мың, тіпті одан да төмен болуы мүмкін. Жалақы мөлшері еңбек өнімділігі мен жұмысшының біліктілігіне тікелей байланысты. Фабрика төрт жыл бойы елдің қорғаныс саласын киім-кешекпен қамтамасыз етті. Бұл біз үшін өте жақсы болды. Мемлекет қолдауы бар кезде тауарлардың сатылымына, қызметкерлердің жалақысына алаңдамайсың. Ал жалпы халық тұтынуы үшін өндіріс жасаған кезде тауарлардың қаншалықты өтетінін, табыс әкелетінін білмейміз, – дейді басшының орынбасары.
Арнайы экономикалық аймақта тағы бірнеше табысты жобалар баршылық. Бұл қатарда франциялық Alstom технологиясы бойынша электровоз өндірісін жолға қойған «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында құрылыс крандарын өндіретін «Лашын Фактори» ЖШС, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «Selena Insulations» ЖШС кәсіпорындары бар.
Астаналық арнайы экономикалық аймақтың өнімдеріне Әзербайжан мемлекеті қызығушылық танытып отырған көрінеді.
– Біз Қазақстан тауарларын әркез сапалы материал деп түсінеміз. Екінші жағынан алғанда өзгенің затын сатып алғанша өзіміздің бауырлас елдің тауарын сатып алғанды жөн көреміз. Қазір қазақстандық өнімді сатып алу бойынша келісім аяқталуға жақын. Мен мұнда зауытпен, өніммен жақыннан танысып жатырмын. Өз еліме тиісті ақпаратты жеткіземін. 25 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Әзербайжанның сауда үйі ашылған еді. Енді бірер күнде Бакуде Қазақстанның сауда үйі ашылмақ. Мұндай ынтымақтастық екі ел арасында сауда-саттықтың дамуын өркендетеді. Сауда үйінің басты мақсаты – делдалсыз, екі ел арасындағы өндірушілерді бір-бірімен тікелей байланыстыру, – дейді Әзербайжан сауда үйі директорының орынбасары Фаик Әлиев.
Бауырлас мемлекет әсіресе, минералды тыңайтқыш, мұнаралы кран, лифт, эвакуациялық респираторлық құрылғы және коммуналдық техникаға қызығушылық танытып отыр екен.
– Екі жыл бұрын сыртқа 11 млрд теңгенің тауарын экспорттасақ, былтыр бұл көрсеткішті 28 млрд-қа жеткіздік. Қазір біздің өнімдерді Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Түркия елдері тұтынып отыр. Негізінен локомотив, электровоз, тыңайтқыш өнімдер, малдың құлағына арналған сырғаларды экспорттап жатырмыз. Өнімдерімізді импорттаушылар қатарына жақын арада Түрікменстан мен Татарстан елдері де кірмек. Өндіріс өркендеуі үшін инвестиция тартып жатырмыз. 2019 жылы 1,1 трлн, ал былтыр 2 трлн теңге инвестиция келді. Қаржының басым бөлігі өнеркәсіп саласына бағытталып, соның нәтижесінде жұмыс орындары көптеп ашылуда. Дәл қазір арнайы экономикалық аймақта 52 мекеме жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 10 өнеркәсіпті іске қосуды жоспарлап отырмыз, – дейді «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компания» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Досқазиев.
Жақында ғана Үкіметте арнайы экономикалық аймақ мәселелері талқыланған еді. Қазіргі кезде ел аумағында 13 АЭА жұмыс істейді. Бүкіл ел бойынша іске асып жатқан 303 жоба 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға сеп болған. Шығарылып жатқан 136 өнім түрінің 30-дан астамы индустрияландыру бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде пайда болған. Соның ішінде тікұшақтар, винтовкаға арналған оптикалық көздеуіштер, түнгі көру құрылғылары, бронетранспортерлер, локомотивтер, электр локомотивтер, жолаушылар вагондары, премиум-құбырлар, мақта целлюлозасы, полипропилен жіптері бар. Осыншама өндіріске қарамастан АЭА қызметінің тиімділігін арттыру күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болып тұр.
Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың айтуынша, дәл қазір ел аумағында АЭА-лардың 60 пайызы қаңырап бос тұр. Оның құрылысын аяқтау үшін тағы 280 млрд теңге керек.
«Таяуда біз АЭА-лар қызметінің тиімділігіне қатысты аудитті аяқтадық. Олардың міндеті – заманауи жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту. Әрине, оны іске асырып та жатыр. Дегенмен мәселе де жоқ емес. 2001-2019 жылдар аралығында АЭА-лардың инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 372 млрд теңге бөлінген. Оның 62 пайызы – Ұлттық қор қаражаты», дейді Н.Годунова.
«Үкімет бұл мәселеге байланысты арнайы жұмыс тобын құрып, тез арада шешілуі тиіс мәселелер ретін анықтады: АЭА әрекет ету мерзімін белгілей отырып, жеңілдіктер мен преференциялар беру үшін нақты және айқын критерийлерді анықтау; қолданыстағы заңнаманы жетілдіру арқылы өз міндеттемелерін орындамағаны үшін инвесторлардың жауапкершілігін белгілеу; жеке АЭА-ның одан әрі жұмыс істеуінің мақсаттылығы, соның ішінде «Қорғас» ШЫХО, «Химпарк Тараз», «Астана – жаңа қала», делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов бір аптаның ішінде АЭА қызметін жақсарту бойынша ұсынылған тәсілдерді пысықтап, тиімді нәтиже шығаруды тапсырған.
Сапар соңында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ индустриялық инфрақұрылымды дамыту дирекциясының басшысы Нұрлан Құдияровпен аз-кем сұқбаттасудың сәті түсті. АЭА-лардың Мемлекет басшылығы тарапынан сынға ілігіп жатқаны туралы сұрап үлгердік.
– Біздегі АЭА-лардың салынғанына көп болған жоқ. «Астана – жаңа қала» 2000 жылдардың бас кезінде салынды. «Қызылжар» АЭА, «Астана-Технополис», Түркістандағы арнайы аймақтардың бой көтергеніне бір-екі жыл енді толып жатыр. Сондықтан олардың жұмысына баға беру қиынырақ. Әлемде мұндай аймақтардың саны 5 мыңнан асады. Соның 30 пайызы діттеген мақсатына жете алмаған. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, АЭА-лар тиімділік көрсетуі үшін бірінші кезекте оған қажетті инфрақұрылым жасалуы керек. Тиісті инфрақұрылым жасалғаннан кейін 6-8 жыл уақыт жобамен толықтыруға жұмсалады. Біздегі әр АЭА өзіндік даму кезеңінде. Жұмыс тобы аясында АЭА-лар қызметіне талдау жасап, нақты ұсыныстар беретін боламыз, – дейді Нұрлан Құдияров.
АЭА аумағынан ұзағанда бір ғана ой болды: Осыншама өндіріс тектен текке қолға алынбағаны белгілі. Түпкі мақсат – отандық өндірісті дамыту, сол арқылы отандастарды жұмыспен қамту. АЭА-лар жұмысын тиімсіз деп бағалаудың өзі-ақ жұмыс істеп жүрген инвесторлардың берекесін қашырып, отандық өндіріске құйылғалы тұрған инвестицияның бетін қайтаруы ықтимал. Ал бізге жеке инвестициялық қаражат ауадай қажет. АЭА-лар туралы әңгіме қозғағанда оның ұзақ мерзімді экономикалық перспективада дамитынын, белгілі бір уақыт өткен соң ғана жеміс беретінін, есесіне сол нәтиже елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ете алатынын ұмытпау керек сияқты.