01 Қаңтар, 2014

Алаш жырының ақ шағаласы

145 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

01-чаика1. Махаббаты-ай ананың!

Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған, өзінің тамаша өлең-жырларымен қазақ поэзиясының аспанын биіктетіп, көкжиегін кеңейтіскен талантты лирик ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Ақ шағала» атты таңдамалысы мен өзге де жыр жинақтарын зерделеу барысында оның Анаға арнаған өлеңдерін тебіреніп оқыдым. Ақұштап жырлары кім-кімнің де анасына деген сағыныш-мұңын қозғап, жанарына жас үйірілтеді. Әр өлеңінен өз анаңның аяулы бейнесін, асыл қасиеттерін көресің, «құлыным» деген ыстық сөзі құлағыңа келеді. Қысқасы, өз жүрегіңнен шыққандай қабылдайсың. Балаға деген мәңгі махаббатын өзімен көрге бірге ала кеткен ұлы ана бейнесі көз алдыңнан кетпей ұзақ тұрып алады.

 

01-чаика

1. Махаббаты-ай ананың!

Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған, өзінің тамаша өлең-жырларымен қазақ поэзиясының аспанын биіктетіп, көкжиегін кеңейтіскен талантты лирик ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Ақ шағала» атты таңдамалысы мен өзге де жыр жинақтарын зерделеу барысында оның Анаға арнаған өлеңдерін тебіреніп оқыдым. Ақұштап жырлары кім-кімнің де анасына деген сағыныш-мұңын қозғап, жанарына жас үйірілтеді. Әр өлеңінен өз анаңның аяулы бейнесін, асыл қасиеттерін көресің, «құлыным» деген ыстық сөзі құлағыңа келеді. Қысқасы, өз жүрегіңнен шыққандай қабылдайсың. Балаға деген мәңгі махаббатын өзімен көрге бірге ала кеткен ұлы ана бейнесі көз алдыңнан кетпей ұзақ тұрып алады.

Бір кезде мені осы үйде дара бақтың,

Қайтейін оралар ма ол ғаламат күн.

«Құлыным көзін іліп алсыншы», – деп,

Есіктен жайлап шығып бара жаттың.

Иә, менің де анам дәл осылай мәпелеп бәйек болып, бағып-қаққан еді-ау, әттең, кезінде қадірін жете білмедік-ау, махаббатына сондай махаббатпен жауап бере алмадық-ау, деп, аяу­лы бейнесін көз алдыңа елестете бастайсың. Ақұштаппен бірге сен де сонау-сонау бұлдырап артта қалған жылдарға қайта оралып, қалада оқуда жүріп, анаңды сағынышпен сарғайтқан, өзің де соншалықты сағыныш сезіммен ауылыңа аңсап келіп, ана құшағына енген кездеріңді ойлап, көңілің сан түрлі күйге түседі. Аналарымыз «құлыным» деген жалғыз сөзге жан-жүрегінің бар жылуын құйып, ұл-қызына деген барша сағынышын сыйғызып, аналық махаббатын төгіп, ыстық леппен айтады екен-ау! Соны ақын «Жалғыз сөз» деген жырында тебіренте жеткізген. Өмірде жақсы адамдардан «алтыным, асылым, күнім, гүлім, аққуым, ақ шағалам, ақ сәулем» деген секілді талай-талай тамаша сөздерді естіп жүрсе де:... «Құлыным» деген сөзіңе, Жетпейді-ау соның бірі де!», – деп түйіндейді. Осы жыр жолдарынан аналардың емірене айтататын «құлыным» деген сөзінде қаншама ыстық сезім, құдіреттей аналық махаббат жатқанын түйсіне түсесің. Тіпті, осы бір сөздің керемет қасиетін қайта танығандай боласың. Оның ана туралы қай жырын оқысаңыз да ормандай ой кешіп кетесіз. Ол анасын аңсап келіп, еркелеп, жатып та, тұрып та, сырласып отырып та, сағынып қаладан жазған хаттарында да, тіпті, анасы қайтыс болғаннан кейін де оның рухымен тілдесіп мұң шаққан шақтарында да өмір мен адамдар жайлы, сол өмірдегі әділетсіздіктер мен қайшылықтар, шырылдаған шындықтар жайында толғанады; қамықтырған күйініштері мен сүйіндірген сүйініштерін анасына жайып салады, шерін шертіп, мұңын шағады.

2. Жайықпен жаны егіз

Ақұштаптың замандас ақындары қата­рында осалы жоқ. Бүгіндері әрқайсысы бір-бір мәуелеген бәйтерек, қазақ поэзиясының мақтаныш жарық жұлдыздары. Дегенмен, солардың ішінен Ақұштап жырлары менің жан-жүрегімді бөлекше баурайды. Қандай ерекше қасиетімен, – деген сұрақ туады.

Өлеңде көркемдікпен бірге толып жатқан асыл қасиеттер бар. Сол асылдардың асылы – шынайылық. Ақұштап жырларының жүрегіңді жаулап, жаныңды баурайтын басты қасиеті сол сезім шынайылығы. Ақұштап өлеңдерінің қағидаға айналғандай тағы бір қасиеті – шынайы сезім мен әдемі де әсерлі ой бірімен бірі астасып, қатар өрбіп отырады. Сөйтіп, екі әсерге бірдей бөленесіз. Әдемі әсер алып қана қоймай, ақын бастан кешкен күйді бірге кешесіз, сол оқиғаға өзің қоса қатынасқандай, сол көріністі бірге көріп тамашалағандай боласыз.

Ол табиғаттың кез келген құбылысын жырлап, соны суреттей отырып, бір тың, тосын ой тауып айтады және солар салиқалы, салмақты ойлар болып шығып жатады. Оның көз алдына табиғаттың, болмыстың көркем суретімен қоса бейнелі ой қатар келіп отырады. Ақұштап бір сәт те ойланбай жүре алмайтын ақын. Оны ақын қыздар арасындағы Қадыр десе болар. Қара теңіз курортында дем алып жатқан ақын:

Көз тоймайды көгілдір тау көркіне,

Көгілдір су шипа болар дертіңе, – деп жұ­мақ­тай мекендегі тау мен теңіздің сұлу суре­тін салып, бейнелеп келе жатады да кенет кө­ңілі бұзылып, төтен ойдың шетін шығарып, соны қатар өрбіте бастайды. «Қыз-ау» деген ауылдағы жеңгесінің сөзін сағынып, ана тілінде бір қандасымен жан сырын шерткісі келеді, мынау ғажап тамаша табиғаттан алған әсерін айтып бөліскісі келеді. Бірақ айналасындағылардың бәрі орыстілділер кілең.

Өлшеу қиын сағыныштың шыдамын,

Ұзарып та кеткендей ме мына күн.

Айырса егер ана тілден – анаңнан,

Адам үшін қажет болмас жұмағың, –деп бір-ақ қайырады. Ақынның көз алдындағы тау мен теңіздің бар сұлулығы әп-сәтте ғайып болады. Жаңа ғана ақынмен бірге табиғатты тамашалап әрі жақсы жыр оқып сергіп отырған сенің де көңіл күйің ортайып, ана тіліңнің жайын ойлап, ішің айрандай ашып қоя береді.

Ақындар үшін жырлайтын тақырыптар сан алуан. Солардың ішінде табиғат лирикасы мен туған жер ерекше орын алады. Өйткені, бұл екеуі – ақынның туған анасынан кейінгі екінші анасы, жанының егізі. Ақұштап ақын табиғатты сырттай тамашалап суреттемейді, онымен тілдесіп, құрбысындай сырласады. Ол, әсіресе, өзінің Ақ Жайығына деген ыстық сезім, махаббатын ондаған өлең жазса да жыр етіп тауыса алмай қояды. «Жайыққа сәлем де сен» атты жырындағы:

Сен Жайыққа айт, ерке қыз келеді де,

Өлең жазып ақ көйлек желегіне.

Сағынышы басылмай жүр дегейсің,

Құлаш ұрып қайтпаса тереңіңе,–деген басқы шумақтың өзінен-ақ Ақұштапқа тән шынайы сезімнің жан жадыратар жып-жылы лебі еседі. Осында тұнып тұрған эпитет, теңеу, метафоралар жоқ. Бірақ сезім шынайылығымен жаныңды баурайды. Жыр соңында ақын дәстүрлі жүрісінен жаңылмай әдемі ой айтып, өзінің арналы да арынды өзеніне тартып туған бірбеткей өр мінезін танытады.

Ал Ақұштапта суреттен ой басым түсіп жатады. Абай жыл мезгілдерін суреттегенде сол кездегі елдің тұрмыс-тіршілігін қоса жырлап отырады ғой. Ақұштап та солай табиғат құбылыстарынан тың ой туындатып, сурет пен ойды қыз бұрымындай қатар өріп және кейде оған ел өмірін сабақтастырып жібереді. Мысалы «Күзгі Жайық» жырында солай:

Айдында баржа-қайықтың,

Жылжыған ізі қалады.

Арнасында да Жайықтың,

Алтын дән көшіп барады.

Қалай әдемі айтқан! – дейсің. Және Жайық пен қайықтың ұйқас жағынан да, мазмұн жағынан да үндесе кеткенін қараңызшы. Жырдың соңғы жолы қандай әсерлі! Ақын Ақ Жайығының жағасында жайғасып алып, онымен сыр бөліседі, назын айтады. Табиғаттың таңдамалы туындыларының бір тамашасы бұлбұл құсқа арнаған өлеңін кәне оқып көрелік:

Сайрайды бұлбұл биіктен алып дауысын,

Тербелтіп бақты, мүлгітіп бүкіл тау ішін.

Сайрайды бұлбұл құбылтып үнін тынбастан,

Тіршілік оған риза сол бір әні үшін.

Ән қажет гүлге қырларды жапқан көктемде,

Ән қажет шыңға сәулесін ақ таң төккенде.

Не жетсін шіркін, ғажайып мынау өмірде,

Бір рет нағыз бұлбұлша сайрап өткенге!!!

Ақын бұлбұл әнін барлық жанды тіршілік иелерімен бірге гүлге де, тауға да, тасқа да тыңдатады және мүлгіте тыңдатады. Оған қоса сол бұлбұл секілді барша ел-жұртты өнерімен сүйсіндіріп, жырмен тамсандырып сайрап өтер ме еді, деген арман-ойын айтады. Ақұштап – сол арманына өмірде жеткен ақын, бұлбұлша дауысын биіктен алып сайрап келе жатқан ақын. Халқымыздың сүйікті ақын қызы Ақұштаптың да өлең-жырлары қазақ поэзиясының алтын қорына мөлдір бұлақ суындай құйылып, қосылып жатқан және байытып жатқан құнды қазыналар екені айдан анық!

3. Өрелі ойлар

Ақұштап – айдынында ақшабақтай шоршып- ойнап, толқынымен жарыса жүзіп өскен Ақ Жайығына қай жағынан да ұқсап, тартып туған ақын. Жайық бірде буырқанып тулап ақса, арнасы кеңіп, жазыққа шыққанда сабырмен шалқып ағып жатпай ма. Сол кезде оны кеңпейілді аналарға, маңдайы кереқарыс ақылман даналарға ұқсатасың. Ақұштаптың өзі де, жырлары да сондай. «Біреуде жас та болса, даналық бар, Біреуде қарт та болса, шалалық бар», деп бір ақын жазғандай, оның 1967 жылы «Өрімтал» атты өзі де өрімталдай шағында шығарған алақандай жыр жинағы ормандай ойлы өлеңдерге толы болатын. Жас ақын қыз сол кездің өзінде көкірек көзінің қырағылығын танытқан еді. Мені Ақұштап өлеңдеріндегі философиялық ойлар өте-мөте қызықтырады.

Мөлдірді аңдамаймыз бұлақ тұнбай,

Өмірде ойланбаймыз сұрақ тумай.

Біз жүру, жүзуге де үйренбейміз,

Алдымен қара жерге құлап тұрмай.

Ақұштап өмірден көргендері мен түй­гендерінен осындай түйіндер түюге шебер. Жағадан суға бойлаған сайын тереңдей бере­тіні секілді, төрт жол жырдың әр жолынан баспалдақтап әрі аттаған сайын мағынасы да күрделеніп барады.Өлеңді оқи отырып, өзіңнің өткен өміріңе еріксіз көз жібересің. Қай тұста, қай жерде қалай сүріндің, себебі не еді, неден қателестің? Соларды ой елегінен өткізіп, бірер сәт қамығып та аласың. Жас бала бірер құлап-сүрініп, жүруді үйреніп кетсе, үлкендер өмірде олардан әлдеқайда көп қателеседі екенбіз. Иә, өмірде жұмбақ та көп, сұрақтар да көп. Жауабын үнемі дөп таба бермейміз. Өмірдің күрделілігі де сонда. Ақынның жалғыз шумақ өлеңінен қора-қора ой өрбиді .

Қазақ философиясының бастауында әл-Фараби бабамыз тұр. Одан кейін қазақта философиялық ойларын қара сөзбен жазып қалдырған – ұлы Абай. Екі ортада әлденеше ғасырлар жатыр. Бірақ сол аралық уақыттарда қазақтың философиялық ойы тоқырауға ұшыраған жоқ. Шыңғысхан Отырарды күйретіп, жазу-сызуымызды жойып жібергеннен кейін, біздің жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетіне орын берді. Ал оның көрнекті өкілдері ұлы жырауларымыз бен ақындарымыз, ұлы билеріміз бен аузы дуалы шешендеріміз болды. Солардың бізге жеткен, әсіресе, насихаттық өлең-жырлары мен шешендік сөздеріндегі философиялық теңіздей терең ойлар Кант пен Гегельдердің еңбектерінен еш кем емес. «Сонау бір көктем, сонау күз» аталатын жеті шумақ өлеңінің орта тұсындағы:

Қулық пен сұмдық, алдауды,

Не деген бақыт білмеген! – деген екі жолдан көзімді ала алмай қойдым. Қулық-сұмдықпен, басқалардың несібесі есебінен байып, әділдік-адалдық, ар-ұят деген құндылықтарыңды белден басып, өздерін бақытты адамдар санап жүргендер қаншама. Ал нағыз шын бақыт қайда? Нағыз шын бақыт: қулық-сұмдықты білмей, ақпейілмен өмір сүріп, ғұмыр кешуде. Ақын соны жай айта салмаған. Не деген бақыт! – деп өте ерекшелеп, екпін түсіріп айтқан. Тұрмысы жұпыны, тіпті, кедей болса да, адалдан ас ішіп, еш кісінің ала жібін аттамай, алдауды білмей, адал өмір сүргенге не жетсін! Алла сыйлаған өмірдің мән-мағынасы да сонда! Әрбір саналы адамның өмірлік ұстанымы да сол болуы керек емес пе.

Біздер, әдебиет сыншылары, осы уақытқа дейін ақындардың өлең-жырларын зерделеу барысында олардағы жай ойдан биікте жоғары тұратын философиялық мәні маңызды ойларды саралай алмай келіппіз. Сол есімізге келмей жүріпті. Соған оқырмандардың да, ақындардың да назарын аудармаппыз. Ақұштаптың «Ардақ­ты ананың айтқаны» жырындағы:

...Мамалап шыққан алдыңнан сәби дауысы,

Ең үлкен бақыт, ең үлкен сый ғой әйелге! – деген түйінді де мен философиялық өрелі ойға қосар едім. Ондай дәрежеге көтеріп тұрған «үлкен бақыт» деген сөз емес, «үлкен сый» деген сөз. Сол сыйды әйелге балпанақтай етіп сыйға тартқан кім? Ол – құдіреті күшті Алла! Сол сыйы үшін әйелдер де, біздер де Аллаға мың мәрте алғыс айтып, мың мәрте құлшылық қылсақ ләзім. «Тау соқпағының»:

...Биіктерге бастайтұғын бұралаң,

Өмір де сол тау соқпағы секілді, – деген және «Тулайды теңіз» атты жырының соңғы:

...Кеудесі толы алыпта,

Тыныштық деген болмайды-ау! – деген жыр жолдары да кісіні күрделі, бұралаң-бұралаң өмір жолдары жайлы және кеудесі тулаған жал-жал теңіз толқындары секілді қат-қабат ойларға толы тұлғалар туралы сан ойдың соқпағына салары сөзсіз. Келесі өлеңдеріндегі түйіндер де кім-кімді де ойға қалдырады:

...Ал тағдыр – асау аттың тізгіні екен,

Тартқанға, тартысқанға көнбейтұғын.

***

...Асаудан жуас болдық, өмір бірақ,

Қояр ма мойындатпай күштілігін.

Ақұштап өлеңдерінде мұндай-мұндай өрелі ойлар көптеп кездеседі. Демек, А.Бақтыгереева қатардағы ойлы ақындардың бірі ғана емес, шын мәнінде философ ақын деп бағалай білуіміз керек.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

әдебиет сыншысы.