Бұл ретте елдестіру – есе жібермей, есебін тауып, ел мүддесін түгендеу; араағайындық – ашуды ақылға жеңдіру, содырды салиқалы сөзге сендіру; ынтымақтасу – ықпалға жығылмай, ымыраға шақыру; бітімгерлік – білекке емес, білікке салу, бәтуаға келу өнері. Сондықтан толғаулы тілмен түйткіл түйінді тарқатып, жүректерге жол табатын дипломатия – шешендік пен шеберлікті талап ететін әмбебап сала.
Халқымызда «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген көнеден келе жатқан қанатты тіркес, көрікті сөз орамы бар. Елші туралы көне түркі жазбаларында, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни секілді дала даналарының шығармаларында өрнекті өсиет көп. Сондықтан ежелден мәмілегерлікті өмірдің мәніне, меймандостықты тіршілігінің сәніне айналдырған Ұлы даланың мейірбан жұртының туабітті қасиеті алысты жақындату, аразды татуластыру болғандықтан, елшілік кәсіпке терең мән бергені байқалады. Әсіресе Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» шығармасы заманында ел билеген хандар мен бектерге ереже-нұсқаулық қызметін атқарса, сол ғибратты туындының ішінде «Елшінің қандай болуы керек екендігі» туралы жеке тараудың болуы түркі дипломатиясының кәсіби деңгейде шыңдалып кемелденгенінен шынайы мағлұмат береді.
«Бұл Құдайдың құлдарының ішінен, елші болсын ең таңдаулы кісіден» деп елшінің басқа қауымнан үздік болуы керек екендігін тұжырымдаған данышпан мемлекет аманатын арқалап шетелге баратын елшінің ақыл-білімі, ар-намыс парасаты, инабат әдебі, көрік-сымбаты ажарлы, өзара үйлесімді болуы негізгі шарт екенін айтып, олардың көп тіл, әлденеше әліпби білуі басты қағидат екенін жырлайды:
Көп тіл біліп, сөйлей алса азулы,
Шебер жазып, білсе талай жазуды.
Мұндай өнер-білім білсе ырыс деп,
Елші қойса болар оны дұрыс деп,
елшінің халықаралық мәртебесі мен иммунитеті аса жоғары лауазым екенін «Елшіге өлім болмақ емес – жақсы біл, естіп алып, дәл жеткізсе сайрап тіл», деп толғаған дала данышпаны мәмілегердің басқадан бұрын бауырлас халықтардың көз-құлағы болуы керектігін ұқтырып, «барлық түркі тілін білсе пайымдап, сөзін ұқса, сөйлей алса қайымдап» деп елдік мүддені алға тартып, ойын түйіндейді.
Қазақ – әу бастан байламды сөзге, бәтуалы уәжге тоқтаған бітімгер ел. Дегенмен кәсіби дипломатияның ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасып, дамуы жолына түскені анық. Елбасы азаттықтың алаң-елеңінде ынтымақты ту етіп, еліміздің сыртқы саяси келбетін сымбатты қалыптастырды. Шиеленіскен геосаяси қақтығыстарға қарамай, көпвекторлы сарабдал саясат жүргізіп, әлем елдерімен тең дәрежеде достық қатынастар орнатты. «Қазақстан – Орта Азияның Балқаны» деген сәуегейсымақтардың болжамдарын жоққа шығарып, байтақ елімізді «достықтың аралына» айналдыра білді. Келешегімізді баянды ету үшін сыртымызда жау, ішімізде дау болдырмауға күш-жігерін жұмсаған Елбасының бойындағы тез тіл табысу, ортақ мүдделер мен құндылықтарды тоғыстыру сынды асыл қасиеттер – нағыз дипломатқа тән табиғат. Жаһандық саммиттерде Елбасының топты жарып, алқалы элитаның қақ ортасына жарқырап шыға келуі – оның тұлғалық дара бітімі. Сондықтан болар, еліміз түйткілі көп, түйіні күрделі шекараны делимитациялау ісін сәтімен аяқтады. Осылайша, көршілермен іргелес созылған құрлықтағы ең алып шекара Отанымыздың мызғымас тағанына айналды. «Шекарасын таспен емес, доспен қоршаған» Қазақстан әлемдік қауымдастықта бейбітшіл айшықты саясаты арқылы өрнек салды, көптеген жаһандық бастамаға ұйытқы болды. Бітімгерлік білігімен қақтығыстарды келіссөз уәжіне тоқайластыратын сенімді серіктеске баланды.
Әсіресе Елбасы жолын сабақтастыра жалғаған, еліміздің сыртқы саясат стратегиясын қалыптастырып, оны сәтті жүзеге асырған кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың БҰҰ штаб-пәтерінде Азия халықтарының арасынан алғаш мәрте лауазымды қызмет атқарған тұлға болуы – қазақ дипломатиясының жеңісі! БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы болып қызмет еткен Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Президенті болып сайлануы да – қазақ дипломатиясы бағындырған самғау белес.
Бүгінде қаншама ел азаматтары түрлі халықаралық ұйымдар мен елшіліктерде өз қызметтерін мүлтіксіз атқарып, абыроймен қызмет етіп жүр. Ендеше, еліміздің көк байрағын шетелдерде желбіретіп, еларалық байланыстарда алтын арқау болған мәмілегерлер – мемлекет жолындағы мылтықсыз майданның майталмандары, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!