Қоғам • 02 Шілде, 2021

Тұтынушыдан түскен шағым көп

516 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, ел тұрғындарының тұтынушылық құқығы күн сайын бұзылады. Өкініштісі, мұндай жағдай барлық жерде қайталанады. Соның салдарынан тауарлар мен қызметтердің сапасыздығына байланысты түскен шағымдар саны да артып келеді.

Тұтынушыдан түскен шағым көп

Мәселен, бүгінде ел азамат­тары өздерінің тұтынушы ре­тінде қорғалу деңгейіне 67 пайыз­ға ғана қанағаттанады екен. Осы­дан-ақ көңілге кірбің түсірер жайт­­тардың көп екенін аңғаруға болады.

Тұтынушылардың құқық­тарын қорғау комитеті таратқан ресми мәліметке сүйенсек, 2020 жылы ведомствоға 21 мыңға жуық тұтынушы жүгінген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп. Ал басқа мемлекеттік органдарға 49 мыңға жуық адам жүгініп, әділдік сұраған. Осы орайда 2019 жылғы көрсеткіш 30 мың адамды құраған екен.

2021 жылдың бес бес айын­дағы көрсеткіштер де мәз емес. Қаңтар-мамыр аралығында 6 мың­нан астам өтініш келіп түс­кен. Статистика тұтынушылар құқығының бұзылу деңгейі жоғары екенін көрсетіп отыр. Бұл туралы Тұтынушылардың Құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысында Тұтынушылардың құқық­тарын қорғау комитетінің Төрағасы Асқар Тынысбеков мәлімдеді.

А.Тынысбековтің айтуынша, қазақстандықтарды жыл сайын несие ұйымдарының, ломбардтардың, айырбастау пункттерінің теріс іс-әректтеріне байланысты мәселелер маза­лай­ды. Яғни келіп түскен өтініш­тердің 68 пайызы қаржы қыз­меттеріне қатысты болып отыр.

Бұдан кейін өтініштердің көп бөлігі көлік қызметтері саласына бағытталған, яғни 12 пайыз. Тұтынушылар пайдаланылмаған қызметтер үшін ақшалай қара­жатты қайтарудан бас тарту, қоғамдық көлікпен тасымалдау ережелерін бұзу секілді мәселелермен бетпе-бет келген.

Медициналық қызметтер саласындағы шағымдар саны да екі есе артқан. Өтініштердің 3 пайызы осы салаға тиесілі. Азаматтар дәрі-дәрмек пен меди­циналық бұйымдардың жетіс­пеушілігін сезінуде. Сон­дай-ақ медициналық мекеме­лер­де кезек мәселесі өткір тұр. Бұдан бөлек карантиндік шаралар сақталмайды. Өкініштісі, шағымдар тізімі мұнымен аяқ­тал­майды.

Байланыс қызметтеріне ша­ғым айтушылар да бар екен. Келіп түскен өтініштердің 3,2 пайы­зы абоненттік төлемді заң­сыз алу, интернет қызметтерін са­па­­сыз ұсыну, тарифтік жос­пар құны­ның өсуі секілді мәсе­ле­лерге бай­ланысты келіп түс­кен.

– 2021 жылы сатушы мен сатып алушы арасындағы дауларды тиімді шешу үшін «Е-tutynushy» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жүйе шағымдарды «бір терезе» қағидаты бойынша қабылдайды. «Е-tutynushy» тұтынушылардың құқықтарын қорғау шараларын бір жерде шоғырландыруға, шағым­дарды дайындау және оларды құзыретті органдарға жіберу рәсімдерін жеңілдетуге және арзандатуға бағытталған, – дейді Асқар Тынысбеков.

«Е-tutynushy» барлық өті­ніш­і және оларды қарау нәти­желерін цифрландыруға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ жүйе кәсіпкерлердің тұтыну­шы­лармен туындаған дауларды өз бетінше, оның ішінде сот­қа дейінгі тәртіппен шешуге ар­налған.

Еске сала кетейік, тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау жүйесін жақсарту мақсатында тұ­тыну құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесін құруға бағытталған іс-шаралар жос­пары іске асырылуда. Бұл іс-қимыл стратегиясы тұтыну нарығының құқықтық ортасын едәуір жақсартады деген сенім бар.