Шет мемлекеттерде қоқыстарды бөлек-бөлек жинайтын үрдіс бар. Арнайы контейнерлерге жеке-жеке жинақталған шыны, органика, пластик бұйымдарды өңдеуге жіберуге де ыңғайлы. Ал Қазақстан аумағында қоқыстарды бөлек жинақтау – әлі дұрыс жолға қойылмаған. Барлық дерлік қалдықтар қоқыс үйінділеріне көміледі. Соның өзінде де мамандар тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған полигондардың көпшілігі санитариялық талаптарға сәйкес келе бермейтінін айтып, дабыл қағуда. Сарапшылардың пікірінше, елорданың тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны ғана тиісті талаптармен жұмыс істейді екен. 2015 жылы бас шаһар тұрмыстық қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін жасауға ден қоя бастаған. Бұл дегеніміз қоқыстарды жинау мен өңдеудің заманауи тәсілдері деген сөз. Яғни қала билігі осы саладағы жаңа әдістерді енгізуді қолға алды. Соның бір көрінісі – қоқыстарды бөлек-бөлек жинау үрдісі. Оның алғашқысы электр үнемдегіш жарықшамдарды арнайы сарғыш контейнерлерге тастаудан басталған еді. Соның нәтижесінде, миллиондаған диодты шам кәдеге жаратылған екен. Содан кейін қоқыстарды құрамына қарай бөлек жинақтау үрдісін тәжірибеге енгізді.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, күн сайын қала аумағынан 900-1 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Елорда аумағы 24 учаскеге бөлінген, онда 15 мыңнан астам контейнері бар 5091 алаң ұйымдастырылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша кешенді жұмыстарды елордалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қолдауымен Clean City NC ЖШС жүзеге асырады, делінген хабарламада.
Елордада 2018 жылдан бастап екі фракция – «дымқыл» (тамақ қалдықтары) және «құрғақ» (қағаз, пластик, шыны, металл) қалдықтар болып бөлек жинау жүйесі енгізілді.
Ресми ақпарат бойынша, сары контейнерлерде сұрыпталған қалдықтарды ақ түсті қоқыс тасушы шығарады. Қоқыс алаңның айналасындағы екі метр радиуста іріктеледі.
Ал жасыл және металл контейнерлердегі қалдықтарды қызғылт-сары қоқыс тасушы шығарады.
«Қоқысты шығару күн сайын сағат 06:00-ден 22:00-ге дейін екі ауысымда жүргізіледі. Жағымсыз иістердің таралуын болдырмау, кеміргіштердің, жәндіктердің пайда болуының алдын алу, экологиялық қауіпсіздік нормаларын бұзбау және адам денсаулығы үшін контейнерлерді қауіпсіз дезинфекциялау құралдарымен жуу және өңдеу тұрақты жүргізіледі.
Қала аумағында пайда болған барлық қалдық қоқыс өңдеу кешеніне шығарылады. Оның аумағында қалдықтарды қабылдауға арналған екі желі жұмыс істейді. Кешенде қалдықтар сұрыпталады, брикеттеледі және өңделеді. Қайта өңдеуге жатпайтын брикеттелген ҚТҚ кейіннен көму үшін полигонға шығарылады», дейді әкімдік сайтында.
Айтпақшы, жарамсыз болып қалған аудио-бейне құрылғылар да қалай болса солай шашылып жатпайтын болған. Қаланың бірнеше сауда орындарында істен шыққан электрондық құралдарды тастауға арналған арнайы жәшіктер бар.
Әлбетте, қоқыстарды бөлек-бөлек сұрыптап тастау – ақылға қонымды-ақ жүйе. Бірақ мұндай тиімді тәсілдің дұрыс жүзеге асуы тұрғындарға тікелей байланысты. Тазалық мәдениеттiлiктiң өлшемі десек те, тұрмыстық қалдықтарды бөлек-бөлек тастау былай тұрсын, қоқысын таяқ тастам жерде тұрған жәшікке тастауға ерінетіндер бар. Кежегесі кері тартқандар ұрланып, қоқысын лифтінің ішінде, кіреберістерге, аулаға қалдырып кетеді. Міне, кейбір адамдардың ішкі мәдениетінің деңгейі. Ол ол ма, қоқысты жол жиегіне тастап кететіндер, көлік терезесінен темекі тұқылын лақтырып не болмаса артымда адам қарап тұр-ау демей, түкірініп-қақырынып жататындар – соның көрінісі. Сондықтан алдымен адамдардың санасы тазару керек. Сонда айналамыз да тазарып, қоршаған ортаның кіршіксіз тазалығы көңіл-күйімізге де оң әсер еткен болар еді. Әйтпесе қоқыстың қанша жәшігін орнатсақ та мәдени өреміз төмен болса, олардың бәрі бекер болмақ.