Қазақстан • 02 Шілде, 2021

Қазақстандағы Аффилденген орталық ресми түрде ашылды

264 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Дүниежүзілік экономикалық форуммен және Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Қазақстанда Төртінші өнеркәсіптік революцияның Аффилденген орталығын  іске қосты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандағы Аффилденген орталық ресми түрде ашылды

Ресми ашылу рәсімі жыл сайынғы Astana Finance Days конференциясы аясында өтті. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Дүниежүзілік экономикалық форумның Президенті Бёрге Бренде, Дүниежүзілік экономикалық форумның 4ӨР Орталығының басшысы Джереми Юргенс, Түркиядағы 4ӨР Аффилденген орталығының басшысы Эфе Эрджәне және  Еуразиялық Топтың Корпоративтік ИТ Директоры Еркін Шназбаев.

Төртінші өнеркәсіптік революция (4ӨР) жасанды интеллект, робототехника, үш өлшемді баспа, нанотехнология, биотехнология және басқаларын қоса алғанда, көптеген салаларда технологиялық серпінге алып келді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның 4ӨР Орталығы озық ғылым мен технологиялармен байланысты пайданы арттыру және тәуекелдерді азайту мақсатында икемді және адамға бағдарланған пилоттық жобаларды әзірлеу, іске асыру және жетілдіру үшін үкіметтерді, бизнес-ұйымдарды, серпінді стартаптарды, азаматтық қоғамды, ғылыми ортаны және халықаралық ұйымдарды біріктіреді.

Қазақстан Үкіметі мен АХҚО Қазақстанның инновациялық дамуына жаңа серпін беретін озық технологияларды енгізу үшін қолайлы орта құруға ұмтылады. Бұған Қазақстанда Төртінші өнеркәсіптік революцияның Аффилденген орталығын құру жөніндегі бастама дәлел.

«4ӨР Аффилденген орталығы реттеушілік нормативтерді дамыту және инновациялық жобаларды іске асыру үшін Орталық Азияның мемлекеттік құрылымдарын, бизнес пен индустриялық серіктестерді біріктіреді. Халықаралық ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық бизнес-қоғамдастық, сондай-ақ АХҚО қатысушылары Дүниежүзілік экономикалық форумның қатысушыларымен іскерлік әріптестік қарым-қатынас орнатып, Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық желісінің бір бөлігі бола алады», деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов.

Қазақстандағы 4ӨР орталығы жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық кедергілерді азайту және нақты алғышарттарды жасау және жасанды интеллект, Заттар интернеті, робототехника, блокчейн салаларындағы және басқа да өзекті бағыттардағы саланың әлемдік көшбасшыларымен технологиялық салаларда тиімді ынтымақтастық құру мақсатында инновацияларды реттеу тетіктерін, саясатын, рәсімдерін және қағидаттарын жетілдіруге мүмкіндік береді.  

«Мемлекет назар аударуы керек үш маңызды құраушы бар, соның ішінде жетекші шет елдердің тәжірибесін қабылдау және оны іс жүзінде қолдану. Бірінші кезекте, байланыстың тиісті инфрақұрылымын өрістету қажет. «Заттар интернеті» үшін, өндіріске роботтандыру мен жасанды интеллектті енгізу үшін сапалы интернет, мүмкін тіпті 5G қажет. Бұл бағытта халықаралық тәжірибені пайдалану маңызды.

Екіншіден, біздің міндеттеріміздің бірі – халықаралық қоғамдастықтың қолдауын алу, отандық кәсіпқойларды даярлау және қайта даярлау саласындағы халықаралық тәжірибені пайдалану. Біздің мамандар «Индустрия 4.0»-ге көшуге дайын болуы керек және дағдылары мен құзыреттіліктерін жетілдіруі керек. Үшіншіден, мемлекет тарапынан: салық жеңілдіктері болсын немесе бірлескен инвестиция болсын, уәждеме мен ынталандырудың болуы маңызды. Яғни, кәсіпорындарға қолайлы шарттар ұсыну», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

«Төртінші өнеркәсіптік революция орталығының Жаһандық желісіне қосыла отырып, Қазақстан әлемге адамдарға бағдарланған, инклюзивті және әділ қағидаттармен реттелетін жаңа технологияларды енгізетінін жариялауға дайын», деді Дүниежүзілік экономикалық форумның Президенті Бёрге Бренде.