Қазақстан • 03 Шілде, 2021

«Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» сессиясы аясында гендерлік теңдік мәселелері талқыланды

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 шілдеде Astana Finance Days аясында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту форумы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» сессиясы аясында гендерлік теңдік мәселелері талқыланды

Форум аясында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері бойынша күн тәртібін ілгерілету, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық өмірге тиімді қатысуы мен шешім қабылдауы тақырыбында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» сессиясы өтті.

Іс-шараға Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Әйелдердің жаһандық мәселелері жөніндегі Кеңсесі басшысының міндетін атқарушысы Катрина Фотоват, Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Жоғары мәртебелі Жанар Айтжанова, «АҚШ–Қазақстан әйелдер альянсы» Қорының негізін қалаушы» Аянат Ксенбай қатысты.

Сессия барысында спикерлер «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» жаһандық күн тәртібін, оның ішінде әйелдердің рөлі және олардың бейбітшілік, тұрақтылық пен дамуға байланысты шешімдер қабылдау процестеріне әсерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов гендерлік теңдік саясатында үйлесімділіктің маңыздылығын атап өтті.

«Сонымен қатар, «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібі аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету де маңызды. COVID-19 пандемиясынан кейін әйелдердің әділетті экономикалық өсу мен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі рөлін түсіну және әйелдерге әлемдік деңгейде мүмкіндіктер беру саясатын әзірлеуді жалғастыру қажет», деді Қайрат Келімбетов.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының арнайы өкілі Наталья Герман 2020 жылғы желтоқсанда құрылған көрнекті саясаткер әйелдерінің қатысуымен Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдер диалогының маңыздылығын назардан тыс етпеді.

«Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдер диалогы - Орталық Азиядағы әйелдер көшбасшылары арасындағы ынтымақтастықтың ерекше үлгісі. Платформа тек «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін алға жылжытуда ғана емес, сонымен қатар жалпы аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды құрал бола алады», деді Наталья Герман.