Елорда • 03 Шілде, 2021

Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш орнатылды

1067 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

4 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай елордада әйгілі күйші, халық композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш орнатылды

inform.kz

Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, танымал күйші Айгүл Үлкенбаева Д. Нұрпейісова ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биыл дарынды өнер иесінің дүниеге келгеніне 160 жыл толады.

«Қара сөзден құрыш құйған Қадыр Мырза Әліден қалған сөз бар: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген. Әрине, ақынның тұтас халықты бір ғана аспапқа теңеп, ұлттың мінезі мен болмысын дәл осылай сипаттауында терең мән жатыр. Өйткені, жұртымыздың мұңы мен жыры, қуанышы мен жақсылығы домбыраның шанағынан төгіліп түсіп, шартарапқа жайылып жатты. Халқымыздың жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңдерін бастан өткеріп, заманның жауыны мен дауылынан аман қалған шақтарын, бейбіт те берекелі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған барақатты сәттерін қара домбыраның тілі мен үні тарих бетіне таспалады. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Домбыра сенде мін бар ма, Мінсіз болсаң тіл бар ма, тіл жоқ деуге бола ма, тілден артық үн барда» деп жырлауы да сондықтан болса керек.

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Халқымыз үшін қастерлі қасиетті аспаптың қадірін арттыра түсу үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен арнайы Домбыра күнін белгілегенін жақсы білесіздер. Бұл – бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылыққа көрсеткен үлкен құрметі. Биылғы Домбыра күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен дәулескер күйші, ел ішінде күй анасы атанып кеткен Дина Нұрпейісоваға Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында елорда төрінен еңселі ескерткіш ашылып отыр. Сондықтан, бүгінгі шараның үлкен символдық мәні бар», деді Қырымбек Көшербаев ескерткіштің салтанатты ашылуында.

Соңғы жаңалықтар