Футбол • 04 Шілде, 2021

EURO-2020: Украинаны ойсырата жеңген Англия жартылай финалға шықты

125 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Англия өз тарихындағы ғажайып чемпионатты өткізуде. Гарет Саутгейттің командасы Украинаны 0:4 есебімен ойсырата ұтып, құрлық турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

EURO-2020: Украинаны ойсырата жеңген Англия жартылай финалға шықты

Римде өткен кездесудің 4 минутында есеп ашылып үлгерді. Рахим Стерлингтен пас алған капитан Хәрри Кейн гол соқты. Бұл оның осы еуродағы небәрі екінші голы. Осы голдан кейін аздап абдыраған украиндықтар 10 минуттан бастап ес жиды. Тіпті Пикфорд қақпасы маңында сенімді шабуылдар ұйымдастыра бастады. Яремчук пен Ярмоленко бастаған жігіттер бірнеше рет айып алаңына кіріп, ағылшын жанкүйерлерінің зәресін ұшырумен болды. Бірақ өткір шабуылдардың бірі де нәтиже берген жоқ.

Екінші таймда ағылшындар қайтадан қаһарына мінді. Әуелете көтерілген допқа бірінші болып жеткен Хәрри Магуайр есепті еселеп кетті. Ал 50 минутта Кейн дубль авторы атанды. «Ливерпуль» лидері Джордан Хендерсон 63 минутта ұлттық құрама сапындағы алғашқы, бұл ойындағы төртінші голды соғып, Англияға сенімді жеңіс сыйлады.

Андрей Шевченко командасы мынадай сен тұр, мен атайын Англияға еш амал жасай алған жоқ. Командалардың деңгейі ойын бойы айырықшаланып тұрды. Комментатор айтпақшы, донецкілік «Шахтер», киевтік «Динамо» ойыншылары мен «Тоттенхэм», «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити» ойыншыларының деңгейі әлбетте, жер мен көктей болмақ. Мұны Украина бас бапкері Андрей Шевченко ойынға дейін ақ мойындап қойғандай еді.

«Қайткенмен де бұл әртүрлі деңгей. Ағылшын футболшылары үздік чемпионаттарда ойнайды. Олар ондағы жүктемеге үйренген. Біздің футболшылар Украина чемпионатында доп тебеді және ешқандай олардыкіндей қарқын жоқ.

Қалыпқа келу туралы айту қиын. Әрине, олардың жағдайы бізге қарағанда тәуір. Дегенмен ынта, дұрыс тәсіл, менталитет және жүз пайыз беріліп ойнау болады» деген еді Шева «Великий футбол» YouTube-каналының эфирінде. Бас бапкердің осы сөзі келді де қойды. Өзі де көпті көрген, әлемнің көзайым аяқдопшысына айналған Шева біліп айтады, әлбетте. Украинаның осы кезеңге дейін жеткенінің өзі ғажайып һәм құрметтеуге тұрарлық.

Финал жолдамасы үшін Англия Даниямен ойнайды. Матч 7 шілде күні Лондонда өтеді. Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады. Қос команда да топтық кезеңде жарытып гол соқпаған, есесіне плей-офф кезеңінен бастап ерекше күш алған ұжымдар қатарына жатады. Дания топтық кезеңнің алғашқы екі матчында жеңіліп, алайда соған қарамастан топтан шығып қана қоймай, жартылай финалға да жетіп отыр. Еуропа чемпионаты осындай кереметтерімен баурайды.

Жартылай финалдың келесі жұбы – Италия-Испания. Матч 8 шілде күні Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі 01:00-де басталады.